«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Саяси науқанның талаптары түсіндірілді

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада 19 наурызға тағайындалған Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлауын жоғары деңгейде ұйымдастыруға және өткізуге арналған көшпелі семинар өтті. Оның жұмысына Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров, комиссия мүшесі Сабила Мұстафина, аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары, аудандық және қалалық әкімдік аппараттарының басшылары, электораттық оқытудың тренерлері, саяси партиялардың өңірлік филиалдары мен жергілікті қоғамдық бірлестіктердің, БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Сақыпкереев кіріспе сөзбен ашып, саяси науқанның маңыздылығын атап өтті.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров биылғы кезектен тыс Мәжіліс және мәслихаттар сайлауының ерекшеліктеріне, заңнамадағы жаңалықтарға тоқталды.

“Конституцияға енгізілген өзгерістерге байланысты алдағы Мәжіліс пен мәслихаттарға депутаттар сайлау жаңа форматта жүзеге асырылады. Алғаш рет мажоритарлық, аралас жүйе бойынша өткелі отыр. Мұның өзі саяси партиялар мен жекелеген үміткерлердің өзара ашық та адал бәсекелестігіне мүмкіндіктер тудырары сөзсіз. Мәселен, Астана қаласындағы №2 сайлау округінде бір мандат үшін 42 адам бақ сынайтын болады. Бүгінгі күні саяси додаға түсетін кандидаттардың барлығы тіркелді. Олардың жалпы саны–14207 болса, 556-сы – Қызылжар өңірінен. Мәжіліске 69 депутат – пропорционалдық, ал 29 депутат мажоритарлық жүйе арқылы мандатқа ие болады. Мәжіліс сайлауына қатысу үшін жеті саяси партия тізіміне 283 кандидат енгізілген”, – деген К. Петров аралас сайлау жүйесін енгізудің тиімділігі, қаржыландыру, сайлаушылар тізімін жасақтау, байқаушылардың қызметі, қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу, өз міндеті мен аманатына жауапсыз қараған депутатты кері шақырып алу үдерісі жайлы ойларымен бөлісті.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафина мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қатаң сақтау, электораттық оқытуды ұйымдастыру мәселелеріне назар аударды.

Облыстық әкімдіктің аппарат басшысы Олжас Ыдырысов жергілікті жерлердегі сайлау науқанына материалдық-техникалық әзірлік толық қамтамасыз етілгенін айтты. Дауыс беруге қабілетті 2 мыңға жуық мүгедектің 600-не жүріп-тұруын жеңілдететін пандус қарастырылған. Көзі нашар көретіндерге, құлағы естімейтіндерге және ымишарамен сөйлесетін жандарға барлық қажетті жағдай жасалған.

Облыстық прокуратураның басқарма жетекшісі Жаслан Смағұлов басты міндет – сайлау кезінде заңсыздықтар мен бұрмалаушылықтарға жол бермеу, алдын алу, ондай келеңсіз оқиғалар орын алған жағдайда құқықтық баға берілетінін, олқылықтар бірден түзетілетінін, әзірге ешқандай заң бұзушылық тіркелмегенін жеткізді. Арнайы құрылған штаб пен жедел топ мүшелері жұртшылық арасында заң нормаларын түсіндірумен айналысуда. Мониторинг жүйелі түрде жүргізіледі. Кезекшілік тәулік бойы жұмыс істейді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp