Оқушылар сарайында республикалық жас музыканттар байқауының облыстық кезеңі өтті. Байқауға өңірдегі өнер мектептері мен музыка үйірмелерінің шәкірттері қатысты. Талапкерлер классикалық және заманауи музыкалық туындыларды орындап, сынға түсті.
Ұйымдастырушылар осындай додалар арқылы жастардың бойындағы музыкаға деген қызығушылықты арттырып, шығармашылығын дамытуды, өнер мектептерінің жұмысына серпін беруді мақсат етіп отырғандарын айтады. Фестиваль-байқау қатысушылары екі аталым бойынша өзара өнер жарыстырды. Өнерлі балғындардың бір тобы фортепианода жеке шығарма орындаса, бір тобы хорда ән салды. Қазылар алқасы олардың өнерін 7-9 және 10-12 жас санаттары бойынша бағалады.
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, өнер колледжінің оқытушылары, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әртістерінен құралған қазылар алқасының шешімімен кіші жас тобында “Мерей” өнер мектебінің оқушысы Ангесса Лукашкина жеңімпаз атанса, орта жас тобында да аталмыш мектеп шәкірті Дария Кәсен үздік деп танылды. Ал “Хор ұжымдары” аталымында №8 эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінен құралған топ төрге озды. Облыстық байқау жеңімпаздары алдағы уақытта өңір намысын республикалық фестивальда қорғайтын болады.
Айшагүл ӘШІМОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.