«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Өлең – жүректің ісі”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазіргі қазақ поэзиясының көшін алға сүйреп келе жатқан ақын қыздардың бірі – Төлеген Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтың иегері Танакөз Толқынқызы. Ақынның жуырда облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің редакциясында қонақ болып, тілшілер қауымымен кездескенін басылымның өткен сандарында жариялаған болатынбыз. Қаламгермен болған әңгімені назарларыңызға қаз-қалпында ұсынып отырмыз.

– Танакөз Толқынқызы, негізін Алаштың Смағұл Сәдуақасов, Мағ­жан Жұмабаев сынды ардақты­ла­ры қалаған қарашаңыраққа қош кел­діңіз! Сіз есімі елге танылған ақынсыз. Еліміздің біраз өңірле­рін­де оқырмандармен жүздесіп тұ­расыз. Қасиетті Қызылжар топы­рағына бірінші рет келуіңіз бе, әлде бұрын бұл жерде болдыңыз ба?

– Мен осыдан 5-6 жыл бұрын “Поэзия әлемі” деп аталатын бағдарламаны жүргіздім. Қазақтың әр өңірдегі жас ақындары, олардың шығармашылығы туралы 50 сериялы бағдарлама түсірдік. Хабарды әзірлеу барысында Қазақстанның барлық өңірін араладым десем, жаңсақ айтпағаным болар. Бірақ табаным бір ғана мекенге тимепті. Ол – аяулы ақын, асыл тұлға Мағжан Жұмабаевты құндақтаған Қызылжар өңірі. Бұл өлкеге жеңіл көлікпен жеттік. Жол бойы сұлулығына, табиғатының таңғажайыптығына тамсанып келдім. Ауасы қандай керемет!

Қазір біз адамдарының жүрегі қара тастай қатып қалған, мейірімге зәру, жылы сөзге селт етпейтін ғасырда өмір сүріп жатырмыз ғой. Өз басым Алаш тақырыбы, оның ардақтылары туралы сөз болғанда бей-жай отыра алмаймын, ерекше бір сезімді, күйді басымнан өткеремін. Бұл – мен үшін ең шоқтығы биік тақырып. Әлихан Бөкейхановты, Мағжан ақынды, Міржақып Дулатовты алайық, олардың барлығы – біздің ұлтымыздың сүт бетіндегі қаймақтары, діңіміз, тамырымыз. Ұлт ретінде тіліміздің, дініміздің сақталуына, территориялық тұтастығымыздың қорғалуына, бүкіл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің қалыптасуына, төл оқулығымыздың басылып шығуына қапаста, қудалауда жүрсе де, ұлы рухтарымен, жан-жүректерімен еңбек сіңірген мұндай элита тарихта болмаған десе, мен сенер едім. Сондықтан болар, Алаш тақырыбы сөз болғанда өз үнімді қоспай қалуға қысыламын. Бұл – менің ең бір сүйікті және жанымды ауыртатын, көзіме жас әкелетін, толқытатын, жүректі қозғайтын тақырыбым. Мағжан Жұмабаевқа қатысты мүшәйраға қатысу идеясы ұсынылған кезде бас тарта алмадым. Жалпы мен мүшәйраларда мүлдем төбе көрсетпейтін адаммын. Жас кезімде бірліжарым жыр додасына қатысқан кездерім болды, жүлде алған сәттерім де кездесті. Мағжанның 130 жылдығына арналған шараға арнайы келіп отырмын. Қазақтың тұлғасы да, жыры да сұлу ұлының жүрген жерін, елін көргім келді.

Мен Мағжанды ерекше жақсы көремін. Ол сыртқы бейнесі, тұлғасы қандай көркем болса, ішкі әлемі де сондай әдемі ақын. Заманынан озып туған, өте ауқымды ойлайтын, өлеңінің мазмұны ғасырларға көшін сүйреген, қамшының сабындай қысқа ғұмырын қазақтың тәуелсіздігіне арнаған, оның он жылын түрмеге беріп, соңында азапталып өлтірілген тұлға. Мағжан басқан топырақты басу – мен үшін үлкен бақыт.

– Сіз оқырмандарға бірнеше жыр жинағыңызды ұсынып үлгердіңіз. Өлеңдеріңізді оқығанда шынайы қуанамыз, қынжыламыз, өкінетін кездеріміз де болады. “Біз таулықпыз” деп аталатын жыр жинағыңыз кезінде әдебиетсүйер қауымның, қаламгерлердің көп талқысына түсті ғой. Кітаптағы “Өлгім келеді” деген бір ғана өлеңіңізге сын айтқандар да табылды. Жалпы бұл шығармаңыздың сыры туралы айтып бересіз бе? Не үшін “өлгіңіз” келді?

– Иә, бұл өлең туралы неше түрлі пікір айтқандар бар. Бір күні мені “Хабар” арнасындағы “Сонымен солай дейік” деген бағдарламаға шақырды. Қырық бес минуттық ток-шоу суицид мәселесін қаузапты. Жүргізуші маған “Өлгім келеді” деген өлеңді не үшін жаздыңыз? Соңғы жылдары елімізде өз-өздеріне қол жұмсап жатқандар көбеюде. Сіз осы өлеңіңіз арқылы қоғамдағы өзекті проблеманы одан сайын ушықтырып отырған жоқсыз ба?” – деп қоймайды. Мен ол кісіге, бағдарлама қатысушыларына бұл өлеңнің өлім тақырыбына мүлдем қатысы жоқ деп түсіндіруден жалықпаймын. Олар мені түсінбейді. Мен оларға жауабымды қайталап айтамын.

Жалпы бұл өлең өлім тақырыбында емес. Ғашық кезде адам не сезінеді соны қағаз бетіне түсірдім.

Өлгім келеді! Өлгім келеді!

Тек сені ғана көргім келеді!

Қаңғырып жүрмін, қарашы маған,

Қажет пе саған желдің дерегі? – деп өріледі. Жүргізуші бірнеше минут өткен соң мені тағы да кінәлап шықты. Залда көрермен болып отырған ақын Серік Тұрғынбек ағамыз, шыдамаған болуы керек, “Әй, айналайындар! Танакөздің бір өлеңінен біреу асылып өліп қалса, бұл деген өлеңнің жетістігі емес пе?” – деді. Бәріміз ду күлдік.

– Сіз біраз жылдар Францияның Қазақстан Республикасындағы елшілігінде қызмет атқардыңыз. “Болашақ” бағдарламасы бойынша Францияда білім алдыңыз. Француз тілін жетік меңгергенсіз. Кезінде аудармамен де айналыстыңыз ғой. Қазір немен айналысып жүрсіз?

– Мен қанды Қаңтар оқиғасынан кейін елімізде орын алып жатқан біраз келеңсіздіктерді әлеуметтік желідегі парақшаларыма жаздым. Өзім қызмет атқарып жүрген корпорацияның басшылығы мені шақырып алып: “Сіз жақсы адамсыз, жақсы мамансыз. Бірақ біздің қоғамда бұлай айтуға әлі ерте. Біз әлі Жаңа Қазақстанды құрған жоқпыз. Сондықтан сізбен қоштасамыз. Бүгіннен бастап жұмыстан боссыз”, – деді. Қызмет­тен кеткеннен кейін бес ай бойы “Поэ­зия қағанаты” деп аталатын жаңа жобаны түсірдім. Содан кейін телеарнамен қоштастым. Қазір жұ­мыссызбын. Балаларымның қасын­дамын.

– Сіз бір өлеңіңізде “Мен ешқашан ұйқас іздеп көрмедім, Көшірдім тек көңілдің бір өрнегін. Ішкі ұйқастай жүрегімнің ырғағын, Болған шығар арагідік тергенім”, – деп жырлапсыз. Осы бір шумақты оқып отырып сізді сезімнің ақыны деуге болатын шығар. Әлде ақылдың ақынысыз ба?

– Мен өзімді сезімнің ақынымын деп ойлаймын. Өйткені өлең – жүректің ісі. Адамзат дамуында ақыл үлкен миссиясын атқарып келеді. Бізді сана, эволюциялық деңгейге жеткізген де сол ақыл. Бірақ сол ақыл қазіргі уақытта адамзатқа кері қызмет етуде. Тарихта ақылдың ең жоғары өлшеміне дейін жетіп, ғұмырының соңында өз-өзіне қол жұмсаған талай тұлғалар болған. Олар соңдарына: “ешкімді кінәламаңыздар. Мен өзімнің ақылыммен күресіп жүріп жеңілдім” деп, хат жазып кеткен. Адамға ой қайдан келетінін білмейміз ғой, бірақ сырттан келе береді, келе береді. Депрессиялық ойлардың батпағына түсіп кеткен адамдардың өмір дариясы ең соңында сондай трагедиялық жолмен аяқталған. Ал жүрек ешқашан қате нәрсені айтпайды. Егер біз жүректі тыңдаған кезде адал болатын едік. Егер біз жүректі тыңдағанда тек махаббатпен, мейіріммен өмір сүретін едік. Егер біз жүрекпен өмір сүргенде жер бетінде ешқашан сатқындық болмайтын еді. Сондықтан мен өлеңді жүрекпен жазғым келеді.

Қазіргі қаламгерлер патриоттық өлеңдер деген тіркесті көп айтады. Менің түсінігімде патриоттық өлеңдер деген ел, жер, Отан тақырыбын қамтитын ғана туындылар емес. Әр қазақтың жүрегіне жеткен өлең – патриоттық шығарманың зоры. “Біз таулықпыз” – менің алғашқы жыр жинағым. Бұл туындыға табиғат тақырыбындағы өлеңдерім көп енген. Таулы өлкеде өстім. 7-сыныпқа дейін ауылда болдым. Оңтүстік астанамыздағы №2 мектеп-интернатында оқыдым. Жастайымнан қазағымды шынайы сүюді үйрендім.

– Данышпан Абай “нұрлы ақыл” деген тіркесті жиі қолданады. Ақынның жүрегі нұрлы болған кезде ақылдан суық дүние шығуы мүмкін емес деп ойлаймын. Біздің қоғамда ақылдан азап шегіп жатқан адамдар көп қой. “Қазақтың ең сүйікті ісі – біреуге ақыл айту”, – депті жазушы Ғабит Мүсірепов. Өлең болсын, жалпы көркем әдебиет көпшілік оқыр­ман­ға арналмауы керек. Оқыр­ман­ның деңгейінде қалып қою қаламгерлердің үлкен қасіреті емес пе? Осыдан болар, түпнұсқа­ны өзінің жеке мүлкіндей өзгерте бе­руді әдетке айналдырған автор­лар көбейді. Бұған сіздің көзқарасы­ңыз қандай?

– Плагиатқа қарсымын. Мен қарсы болғаннан мәселе шешілмейді. Мемлекеттің қазынасын түгімен жұтып жатқан жемқорлар әдебиетте де бар. Өзіңнің жазған қаншама тіркестеріңді біреудің аузынан естігенде жаның ауырады. Біз сілтеме жасау мәдениетін игере алмай келеміз. Негізі әдебиет – ардың ісі. Қаламды арлы адамдар ғана ұстау керек. Ұрлап-жырлаудың арты қорлық. Ол бір күні ашылады.

– Сіз бір сұқбатыңызда “Танакөзге жар болу – мәртебе, Дәуренге жар болу – бақыт. Әйелдің тұтас тағдыры тек ер-азаматтың шешіміне байланысты болады. Біздің жұптағы қарым-қатынастың еркіндігі қазақилықтан гөрі еуропалық қарым-қатынасты еске түсіретіндіктен, көбі түсінбей аңтарылып қалып жататыны өтірік емес. Дәуренге жар болу – бақыт деген сөз менің өмірімді тұтас қуаныштардан тұрады дегенді білдірмейді. Менің өмірімде де көңілсіз, қайғылы-мұңды сәттер болады. “Әлсіздер тек кек қайтарады, мықтылар кешіреді, бақыттылар ұмытады” деген қанатты сөздер бар ғой. Менің өмірімде болған көңілсіз күндер тез ұмытылады. Соған қарағанда, мен бақыттылардың қатарындамын”, – депсіз. Қазір бақыттысыз ба? Жалпы бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?

– Оқырмандарымның дені менің бұрынғы жұбайым Дәурен Берікқажыұлын жақсы таниды. Ол жақсы ақын, жақсы адам. Қазір мен ол кісімен бірге тұрмаймын. 2017 жылы ресми түрде ажырастым. Бұл жағдай ол адамның жамандығыннан немесе менің жамандығымнан орын алмады. Тағдыр солай болды. Екеуміз екі тұлғамыз. Шығармашылық тұрғыдан дамуымыз екі бөлек болды. Көп жерде көзқарастарымыз келіспей қалады. Екі бөлек кетуді Дәурен таңдады. Мен ол кісінің таңдауын сыйладым. Бірақ балалармен араласып тұрады. Мен Дәуренді ешқашан кінәлаған емеспін. Кез келген адам ақ пен қарадан, кемшілік пен артықшылықтан тұрады ғой. Дәурен екеуіміз 23 жыл бірге тұрдық. Ең бақытты сәттерді де, қиындықтарды да бастан өткердік. Өкінбеймін. Ол кісіге сүйіп қосылдым. Алғаш танысқанымда жасым небәрі он алтыда еді. Өзі іздеп келді. Өзінің жолы, стилі бар ақын, жақсы аудармашы. Мен де жаман адам емеспін. Басқа адамды жақсы көріп қалды. Мен енді ол кісінің жүрегіне әмір жүргізе алмаймын ғой.

– Қазақтың танымы, тәрбиесі қыз балалардың сезімін ер-азаматқа бірінші болып білдіруді құптамайды. Сіз осы ұстанымды қолдайсыз ба?

– Мен ер адамдардың психологиясын бір адамдай білемін. Ер адамға сезімімді ашық білдірген адам емеспін. Ғашықтық тақырыбындағы өлеңдерімнің кейіпкерлері – Музалар. Оларды танымақ түгіл бірге отырып шай ішіп те көрмеппін. мен ғашық болып, өлеңге айналдырған жандарды қиялдағы образ десе, дұрыс шығар.

– Сіздің өлеңдеріңізді оқып отырып екіұдай күй кешетініміз жалған емес. Бір өлеңіңізде “Сөйлесем сілкінер бір дәуір” деп жігерлендірсеңіз, бір шығармаңызда “мен қайыңның жапырағымын” деп назданасыз. Жапырақ деген нәзік, әлсіз ғой. Сіз өмірде, өз ортаңызда қандай адамсыз?

– Адам ешқашан бір қалыпта тұрмайды ғой. Жапырақ сияқты нәзік сәттерім жиі болады. Жалпы болмысым нәзік деп ойлаймын. Бірақ таулы өлкенің қызы болғандықтан қызба, эмоцияға тез берілетін, шындық айтылуы тиіс жерде үндемей қала алмайтын қасиеттерім бар. Университетте оқып жүргенімізде біз білім алып жүрген қазақ тобын жауып тастады. Мен сол кезде елжанды жастарды жинап, тіл үшін “көтеріліс” жасадым. Оқудан шығарамыз деген кісілер табылды. Олар мені білім ордасынан алыстата алмады.

“Қазақстан” ұлттық арнасында да орын алған бірқатар келеңсіздіктер менің тікелей араласуыммен шешілді. Журналистердің еңбекақысын көтеру мәселесінің оң шешілуіне ықпал еткенім бар.

– Сіз спортқа жақынсыз. Студент кезіңізде каратэ және таэквондомен айналысыпсыз. Тағы қандай хоббилеріңіз бар?

– Мектепте оқып жүргенде денемді шынықтыруға әуес болдым. Қазір иогамен айналысамын, сосын әртүрлі билерді билеуге әуеспін. Спортпен айналысатын адамның тәні ғана емес, жаны да сау болады. Миға түрлі жағымды ақпарттар келеді. Ми сергек болу керек. Спорт – менің өмірімнің ажырамас бір бөлшегі.

– Әңгіме барысында сіздің итальян, француз ақындарының дүниелерін аударғаныңыз туралы айтылды. Қазіргі аударманың ахуалы туралы айтып беріңізші?

– Суретшілерге, күйшілерге, сол сияқты басқа да өнер иелеріне аудармашының қажеті жоқ. Олар – бақытты адамдар. Сөз өнерінде кедергі көп. Мәселен, түпнұсқадан аударылмайтын өлеңдер бар. Қазақтың ғана менталитетіне сәйкес дүниені шетелдікке түсіндіріп отыра алмайсың. Поэзияны, прозаны болсын әркім әртүрлі қабылдайды. Жалпы түпнұсқадан аудару – біздің елімізде өте кенже қалған өнер. Біз, шыны керек, көп шығармаларды орыс тілінен аудардық. Ағылшыннан, жапон, корей тілдерінен тікелей аударма жасау ісі енді-енді дамып келеді.

Қызым ағылшын, испан тілдерін тереңдетіп оқыды. Ол Гарри Поттердің бірнеше шығармасын аударды. “Тентек балақайдың күнделігі” деген шығарманы ағылшын тілінен қазақша сөйлетті. Жалпы аударма екінші тілдің қатысуынсыз түп-нұсқадан аударылғанда ғана сапалы болады.

– Қыз баланың жаны нәзік қой. Оның үстіне ол ақын болса, тіпті жеңіл емес. Ақындық – ол ауыртпашылығы көп жол. Сіз қалай ойлайсыз?

– Маған ақын болып өмір сүруден гөрі адам болып тірлік кешу өте қиын. “Таңертең ұйқыңнан тұрғаннан кеш батқанға дейінгі мерзімде сен адам болып қала аласың ба? Шындық айтылатын кезде айттың ба, адалдық пен айуандық қатар тұрғанда қайсысын таңдадың?”. Әр адам осы сұраққа жауап беруі керек.

– Францияда білім алдыңыз ғой. Қазақтар мен француздар­дың ұқсастықтары мен айырмашы­лықтары туралы айтсаңыз?

– Франция жеріне табаным тигенде қалтамда бір тиын да болмады. Ондағы барлық дүкендер қаржыны картамен қабылдайды екен. Қарным аш. Көшеде кездейсоқ кездескен кісіге жағдайымды айттым. Ол кісі мені мүлдем танымаса да картасын қолыма ұстата салды. Содан әлгі картаны он төрт күн өткеннен кейін ғана қайтарып бердім. Француздар өте бауырмал, мейірімді. Қиын жағдайға тап болған адамды жалғыз қалдырып кете алмайды. Көмектесуге әзір.

– Бала тәрбиесінде нені басты назарға аласыз?

– Құдайға шүкір, төрт перзентім бар. Жасым қырықтан асты. Осы жасқа келгенде мен материалдық құндылықтың мәңгілік емес екенін ұқтым. Балаларым әдебиеттен алыс. Қызымнан басқалары нақты ғылымдарға жақын. Мен оларға: “Бақыт деген “Гарвард”-та немесе “Оксфорд”-та оқу емес. Адам ішкі дүниесінде бақытты болуы керек. Адам лашықта тұрып та бақытты бола алады. Дүниесі жоқ бола тұрып туысқандық қарым-қатынасты жақсы сақтаған, екінші бір адамға көмек қолын соза алатын жандар қаншама?” – деп үнемі айтып отырамын. Дүние – қолдың кірі. Ол адамға шынайы бақыт әкелмейді. Керісінше, оның соңынан қуып, ақыры жете алмаған, ғұмырының соңында бақытсыздардың қатарын толықтырған адамдар көп қой. Әр адам өзіне: “Бүгін мен адам болып қала алдым ба?” деп сұрақ қоюы керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Дайындаған

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp