Диас Аяған
Нарық өз дегенін істетіп тұр. Қанша ақылды десек те, адам баласы қызылды-жасылды жарнама мен көздің жауын алатын тауарлардың алдында әлсіздік танытуда. Санаға әсер етіп, ақылға ерік бермейтін маркетингтің әсері мұншалық күшті болар деп кім ойлаған? Шамадан тыс дүниені тұтынып, шашыла шығындану – тек біздің ғана емес, барлық мемлекеттің басында бар жайт. Әсіресе өркениетті елдердің тұрғындары өз қалауынан бас тартпай, көңілі ауғанын сатып ала береді. Бұған осы күнгі тауар түрлерінің қолжетімділігі де әсер етуде. Бүгінде мырза көңіліміз қалаған затты мұхиттың арғы жағынан болсын алдыра беруге болады. Қоғам қойған талаптарға сай болу үшін қалтасындағы соңғы тиынына дейін сауда жасайтындар да кездесуде. Бос мақтан мен ысырапшылдық – ұлтымыздың бойына жабысып, арыла алмай келе жатқан кеселдеріміздің бірі. Өкінішке қарай, бұл дерттің белгілері жастарымыздың бойынан да қылаң бере бастаған екен.
Адамда арман таусылған ба?! Бір қалауына қол жеткізсе, тағы біріне аңсары ауып тұрады. Кісінің нені армандайтынына қарап-ақ оның пайым-парасаты жайлы көп нәрсе айтуға болады. Ал қазіргі кей жастарымыздың арманы олардың сана-сезімінің пісіп-жетілмегенін, құндылықтарының толық қалыптасып болмағанын көрсетеді. Неге десеңіз, көбі әлі күнге түсінде қымбат телефон мен түрлі гаджеттерді көреді. Ұл-қыздарымыздың басым бөлігі қайтсем соңғы үлгідегі техниканы аламын деп қайғы жеп жүр. Оның өзін өз игілігіне пайдалану үшін емес, сапалы суретке түсіп, айналасындағыларға мақтану үшін сатып алады. Қымбат затқа қолы жетіп тұрса жақсы ғой. Алайда кейбіреулердің қалағанына ие болу үшін қарызданып, бірнеше жұмыс істеп, ата-анасының мойнына жүк артатынын қайтерсің? Бір сәттік қуаныш пен мақтан үшін осынша шашылу жастарымызға жараспайды. “Базары жақын адам байымайды” демекші, ойын-сауық түрлері неғұрлым қолжетімді бола түскен сайын соғұрлым жастардың қалтасын қаға бермек. Ал жалғыз шәкіртақыға күн көріп жүрген студенттер ай сайын бар табысын банкке берсе де “IPhone” алуға құмар. Тіпті әрең дегенде қол жеткізген техникасын ұрлатып я жоғалтып алып жатса да, өз әрекетін ақылға салып, өкінетіндер сирек. Ал қаржыгерлер болса, мұның бәрі жастардың қаржылық сауатының төмендігін көрсетеді, дейді.
– Әдетте, қаржылық сауаты төмен адамдар себепсіз шығындарға жол береді. Мұның ешкімге жақсылық әкелмейтіні талай айтылып жүр. Ал жастарға келсек, олардың жағдайында удай бағаға телефон, киім-кешек, әшекей алуға мүлде болмайды. Себебі олардың әлі тұрақты табыс көзі, ақша табатын жұмыс орны жоқ. Сол себепті үлкен шығындардың орнын толтыру қиынға соғады. Адам жастық шақта өз қалауына шектеу қойып, болашақта баспаналы болуды, өз отбасына қолайлы жағдай жасауды ойлауы керек. Ал жаңағындай сатып алулар ұл-қыздарымыздың келешегіне кері әсер етпек, – дейді экономист Шолпан Есімова.
Әлемдік сән бір орында тұрмайды. Бүгін тауардың бір үлгісі шығып жатса, ертең оның орнын екіншісі басады. Қоғамды талай жастың тренд қуамыз деп жүріп, тақырға отырып, тоз-тозы шыққаны толғандыруы керек. Ондай оқиғалардың талайын естіп, білім жүрміз. Өзі көшеде қалса да, қалтасында қымбат телефоны бар жастарды күлкі еткен суреттер де желіде желдей есіп жүр. Ал психологтар болса мұндай жандарға “қомағай тұтынушы” деп айдар тағып, мақсатсыз ақша шашып, көңіл күйдің жетегіне еріп, тауар сатып алатындардың денсаулығында кінәрат бар екенін айтуда. Қоғамға қазақ жастарының қалағанын қолына іліп кете беретін қомағай болғаны емес, қажетін ғана алатын қанағатшыл болғаны керек. Біреулер бұл әдет басқалардан еліктеуден пайда болады десе, біреулер жастар қоғамның көңілінен шығу үшін артық шығындарға жол беретінін алға тартады. Ересек өмірге енді қадам басқан ұл-қыздардың бойындағы максимализм оларды мәнсіз әркеттерге итермелеуде. Ал сол жастардың өзіне салсақ, барлығының айтатыны – бір ой. Бұл турасында жауап бергендердің пікірі: “Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Сондықтан да оның барлық мүмкіндігін пайдалану керек. Жастық шақ қайтып келмейді. Мұндай кезде қателесудің өзі қалыпты жағдай. Есейе келе мойнымыздағы жауапкершілік те арта түседі. Сондықтан жас шағында адамдардың ешқандай шектеусіз, еркін өскені дұрыс”, – дегенге саяды.
Адамзаттың басындағы осынау кеселді көріп күйінген жазушы Эрнест Хемингуэй бірде “миға сыймайтын ессіздіктер мен шашпа-төктіктің ғасырында мен әлемге біздің шын мәніндегі қажеттіліктеріміз тым жұпыны, қарапайым ғана екенін дәлелдегім келеді”, – деген екен. Алайда Хемингуэйдың осы хикметі жастарымыздың санасына жетпей жатқаны өкінішті. Асқан даңғойлық, басқаға еліктеу, себепсіз сән қуу ешкімге абырой әпермейтіні анық. Бүгінгідей алмағайып заманда бізге бір-бірінен қымбат әшекей, заманауи гаджеттерімен емес Абай айтқандай ақыл, ғылым, арымен озатын ұрпақ керек.