Петропавлдағы перинаталдық орталықтың дәрігерлері жүктілік барысында дерті асқынған әйелге төрт сағат ота жасап, өзін де, құрсақтағы баласын да аман алып қалды.
Облыстық көпбейінді аурухана перинаталдық орталығының мәліметінше, жүкті келіншектің эпигастрия аумағы, яғни кіндік тұсының жоғары жағы бұрап ауырып, дәрігерлерге жүгінген. Қымбат уақытты өткізіп алмау үшін мамандар бірден ота жасауға ұйғарады.
“Көп жағдайда жүкті әйелдерде ауру белгілері анық байқалмайды. Сондықтан жедел ота жасалмаса, науқас өліп кетуі мүмкін. Сол себепті жүктілігі 27 апталық келіншекті кесарь тілігі арқылы босандырып алып, операция жасауға шешім қабылданды. Науқаста соқырішек болған, ол асқынып кеткен”, – дейді орталықтың директоры Елена Калюжная.
1200 грамм шақалақ өмірге келіп, жедел түрде жаңа туған сәбилер реанимациясына жатқызылды.
Мамандардың айтуынша, кесарь тілігінен басқа науқасқа аппендэктомия, яғни соқырішекті алып тастау отасы жасалып, іш құрылысы жуылған. Күрделі ота болғанына қарамастан, әйелдің өмірге бала әкелу мүшелеріне зақым келген жоқ.
Қазіргі уақытта әйелдің өміріне келер қауіп жоқ, жағдайы жақсы, босанғаннан кейінгі бөлімнен шығарылып, сәбиінің қасына, жаңа туған балалар патологиясы бөліміне ауыстырылды. Бұл – оның екінші баласы екен.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.