«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ВИРТУАЛДЫ ӘЛЕМНІҢ МҮМКІНДІКТЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

ХХІ ғасыр – ғылыми-техникалық прогрестің қарыштайтын дәуірі болмақ. Ақпараттық технологиялар адамға жаңа мүмкіндіктер сыйлап, өмір салтымызды өзгертуде. Зама­науи құрал-жабдықтар көптеген са­лада жаңа бетбұрыс жасады. Бұ­рын дәстүрлі жолмен табыс тауып кел­гендер енді өз жұмыстарын қайта қарай бастады. Осынау жаһандық үдерістен бизнес те шет қалған жоқ. Сондықтан да мен ойланбастан өз бизнесімді жаңа технологиялармен байланыстыруды жөн көрдім. Бүгін­де менің облыс орталығында тұ­рақты табыс әкеліп тұрған виртуал­ды шындық клубым бар.

Ең алдымен, виртуалды шын­дық дегеннің не екеніне тоқтала ке­тейін. Виртуалды шындық – техни­каның кө­мегімен жасалған әлем. Адам ар­найы көзілдірік пен қолғап­ты тағып, сол әлемге сапар шегіп, ерек­ше әсерге бөлене алады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын мен қаламызда достарыммен, отбасым­мен демалып, көңіл көтеретін орын­дардың аз екенін байқадым. Осы­лайша сауда үйлерінің бірінде вир­туалды шындық клубын ашу туралы идея пайда болды. Ол ойымды жү­зеге асыру үшін мемлекеттік қол­дауға жүгіндім. Алдымен кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алып, өткен жылы “Бизнес бастау” байқауының нәтижесінде жас кәсіпкер ретінде 1,3 млн. теңге қайтарымсыз грант ие­гері атандым. Қаржыға ие болғаннан кейін алдағы мақсат адам көп жү­ретін жерден кәсібімді ашуға қо­лай­лы орын іздедім. Тұтынушылар­дың қолайлылығы үшін соңғы үлгі­дегі көзілдіріктерді арнайы тапсы­рыспен алдырдым. Бұған дейін мен жергі­лікті серіктестіктердің бірінде бас директор болып еңбек еткендік­тен, өз кәсібімді өрге домалату да қиын болған жоқ. “Рахмет” сауда үйіндегі шағын клубымыз аз уақыт­тың ішінде қала тұрғындарының сүйікті ор­нына айнала бастады. Күн сайын мұнда орта есеппен 20 адам келеді. Олар жаңа әсерге бөленіп, көңіл-күй­лері көтеріліп, виртуалды әлемнің бар ғажайыбын сезініп қайтады.

Заман ағымының алға жылжуы­на қарамастан, виртуалды әлемді мойындамайтындар да бар. Тіпті демалыстың бұл түрін зиянды деп айыптайтындар да кездесіп жатады. Мен бұл пікірмен келісе алмаймын. Виртуалды көзілдіріктер адам ден­сау­лығына ешқандай кер әсер ет­пейді. Керісінше, көңілін көтеріп, по­зитивті эмоциялар сыйлайды. Біз бала кезімізде мұндайды арман­да­ған да жоқпыз. Ал бүгінгі жастарға осының бәрі қолжетімді. Қабылда­ма­сақ та, құп алсақ та жаңа техно­логиялар – біздің болашағымыз. Он­сыз алдағы өмірімізді елестету мүм­кін емес. Ғылым дамыған сайын демалыстың осындай түрлері кең етек ала бермек.

Виртуалды шындықтың тағы бір пайдасы – балалардың моторика­сын дамытады. Бұл әсіресе цереб­ралды сал ауруына шалдыққан мүгедек балалар үшін аса маңызды. Сондықтан да біз виртуалды шын­дық клубында ерекше қажеттіліктері бар балаларға тегін қызмет көрсе­теміз. Ауыр дертке шалдыққан бүл­діршіндер виртуалды әлемде қы­зықты ойындар ойнап, моторикасын дамытса, өзге кеңістіктің ғажа­йыптарын сезініп, көңіл күйі жақса­рады. Өкінішке қарай, жарымжан жандар өздері қалаған көп жерлерге бара алмайды. Біз олар үшін бұл кедергіні жойып, армандарының орындалуына себепші боламыз.

Бүгінде мен өз кәсібімнің 1 жыл­дағы жетістіктерімен қуана бөлісіп отырмын. Өзімнен бөлек, тағы бір адамды тұрақты жұмыспен қам­тыдым. Жалақы, әлеуметтік, са­лық­тық төлемдер уақтылы ауда­ры­лады.

Бизнесімді кеңейтуге мүмкіндік­тер де жоқ емес. Жақында осындай орындарды қаланың бірнеше жері мен облыс аудандарында ашуды жос­парлап отырмын. Осы уақыт ішін­де ешқандай мәселе де туында­ған емес. Кәсіпкер ретінде өзім де кедергілерді алдын ала болжап, айналып өтуге тырысамын. Бүгінгі жас кәсіпкерлерге де осындай кеңес берер едім. Бизнес бастаған адам ешқандай қиындыққа қарамастан еңбек етіп, алға қойған мақсатынан адаспауы керек. Қиындықтардан қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, ол бізді шыңдап, тұлға ретінде жетіл­діреді. Осының бәрін орындаған жанның табысқа жетпеуі мүмкін емес.

Мұрат МАРАТҰЛЫ,

кәсіпкер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp