«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Берешекті өтеудің оңтайлы тәсілі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы 2022 жылы 22 желтоқсанда “Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы” Заңға қол қойған болатын. Заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң әрекет ете бастайтынын ескерсек, 3 наурыздан бастап өз күшіне енеді. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері өткізген семинарда жан-жақты айтылып, заң нормаларының жаңа қағидаттары кеңінен түсіндірілді. Алқалы басқосуда туындаған сұрақтарға нақты жауаптар берілді.

Статистикаға сүйенсек, елімізде рәсімдеген несиелерін төлей алмай, қарызға батқандардың саны бір миллионнан асады. Енді борышкерлерге банкроттық туралы өтініш беру мүмкіндігі туып отыр. Бұл қазақстандықтардың қарыз жүктемесін азайтуға және әлеуметтік қиындықты жоюға бағытталған іргелі қадамдардың бірі болмақ. Заңнаманың негізгі мақсаты берешегінен құтыла алмай жүрген азаматтарға көмектесу болып табылады. Банкроттық туралы заң рәсімнің үш түрін көздейді, олар – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Аталған рәсімдерге қарыз алушының өзі ғана бастамашы бола алады, несие берушінің борышкердің банкроттығына өтініш беруге құқығы жоқ.

“Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы” Заң республика азаматы несие беруші ұйымдардың талаптарын толық көлемде қанағаттандыруға қабілетсіз болған кезде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді, сонымен бірге азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін, соттан тыс және соттың банкроттық рәсімін қолдануы үшін негіздерді, оларды жүргізу тәртібі мен шарттарын белгілейді.

Қарыз алушы жеке тұлғаның банктердің, шағын қаржы ұйымдарының коллекторлық агенттіктердің алдындағы берешегі 1600 айлық есептік көрсеткіштен (2023 жылы бұл сома 5 млн. 520 мың теңге) аспайтын болса, онда ол соттан тыс банкроттық рәсімін қарастыра алады. Бірақ қарыз алушы мына талаптарды сақтауы тиіс: оның атына тіркелген, оның ішінде ортақ меншіктегі мүліктің болмауы, өтініш берілген күні, қатарынан 12 ай ішінде несие берушілердің, коллекторлардың алдында міндеттемелер бойынша төлем жасалмағаны, өтініш берілген күні 7 жыл бойы банкроттықты қолданбағаны, мерзімі өткен берешек туындаған уақыттан бастап 18 айдан аспайтын мерзімде борышкерге қатысты несиелік шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімдердің жүргізілгені. Сондай-ақ соттан тыс банкроттыққа өтініш берілген күні 5 жылдан астам уақыт бойы өз берешегін өтемеген қарыз алушы-жеке тұлғалар жүгіне алады.

– Бұл рәсімді қаржы басқарушылары жүргізеді, оның құрамына жұмыс істеп тұрған әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң кеңесшілері мен аудиторлар кіреді. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, онда сот арқылы борышты бөліп-бөліп төлеуге бес жылға дейін рұқсат етілген, – деді өз сөзінде Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айбол Аманов.

Сарапшының пікірінше, мемлекеттік кірістер аумақтық құрылымы уәкілетті орган ретінде банкрот деп тану жөнінде өтініштерді қабылдап, өңдеп, тиісті шешімдер қабылдайды. Заңның берешегі көп адамдардың қарыздан арылуына әсері айтарлықтай. Дегенмен банкрот деп танылған азаматтарға жасалатын жеңілдіктермен қоса белгілі бір шектеулер де қарастырылған. Атап айтқанда, 5 жыл ішінде несие рәсімдеу құқының жоқтығы, 7 жылға дейін өзін банкрот деп тани алмауы. Үш жыл ішінде банкрот деп танылған борышкерлерге қаржылық мониторинг жүргізіледі. Қаржы министрлігі оларды жылжымалы және жылжымайтын мүліктерді сатып алу бойынша тексереді. Дүние-мүлік сатып алғаны анықталса, мәліметтер қарызды өндіріп алушыларға жолданады. Сөйтіп, бұрын банкрот деп танылған шешім кері қайтарылады. Міндет – борышкерлерді жауапқа тарту болмаса жазалау емес, заң талаптарының мүлтіксіз орындалуын қадағалау, түрлі әдіс-тәсілдер арқылы төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, бұл рәсімді өсімпұлдар, айыппұлдар төлемей-ақ реттеуге болатынына көз жеткізу.

– Әлеуметтік желілерде ақылы түрде банкрот деп тануға көмектесетіні туралы ақпараттар таралуда. Оларға сенбеу керек. Мемлекетік органдар көрсететін қызмет тегін. Қандай да ақпарат қажет болса, кеңес беруге әзірміз. Жергілікті жерлерде көмектесетін мамандар бар. Бұл заң жеке кәсіпкерлік, шаруа қожалығы иелеріне қолданылмайтынын ескертеміз. Тек жеке тұлғаларға ғана қатысты, – деді Айбол Аманов.

Банкрот деп тану туралы өтінішті 2023 жылғы 3 наурыздан бастап “электрондық үкіметтің” www.egov.-kz. веб-порталы арқылы беруге болады. Бұл орайда, борышкердің қажетті өлшемшарттарға, мүдделі мемлекеттік және өзге де органдардың деректерімен сәйкестігі өте маңызды. Өтінішке несие берушілердің атауын, берешек сомасын, орналасқан жерін көрсете отырып, қаржы ұйымдарының тізімі, борышкердің қарыз шарты және (немесе) шағын несие беру туралы шарт бойынша берешекті реттеу және өндіріп алу шараларын қабылдағанын растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі. Міндеттемелері республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 1600 еселенген мөлшерінен асатын борышкер, егер несие беруші алдындағы міндеттемелер осындай өтініш берілген күнгі он екі айдың ішінде орындалмаса, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру болмаса сот банкроттығы рәсімін қолдану туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.

Наталья НЕКРАСОВА,

облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp