«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОС ЛАУАЗЫМДАР АЗАЙДЫ

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Елена Степаненко өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мемлекетік қызмет саласындағы базалық көрсеткіштер мен атқарылып жатқан реформалардың негізгі бағыттары туралы баяндап берді.

Ведомство мүдделі органдармен бірлесе отырып, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейлерін арттыру бағытында кешенді жұмыстар атқарып келеді. Бүгінде өңіріміздегі мемлекеттік қызмет жүйесінде 4 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Жергілікті атқарушы органдарда еңбек ететін қызметшілердің 15 пайызы екі және одан да көп жоғары білім иеленген. Олардың қатарында халықаралық “Болашақ” бағдарламасының, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері бар. Соңғы жылдары бос лауазымдар санының қысқарғаны байқалады. 47 ішкі конкурс бойынша 31 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымды қызметтерге тағайындалды.

Елена Федоровна өз сөзінде ауылдық жерлердегі жас мемлекеттік қызметшілерге көрсетілетін қолдау шараларына да тоқталды. Жоғары оқу орындарын GPA көрсеткішімен мемлекеттік грант есебінен бітірген мамандар мемлекеттік қызмет мектебінде оқығаннан кейін бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуда басым құқыққа ие болады. Мұның өзі мемлекеттік қызметке іріктеуді оңтайландырады. Аудандық, ауылдық деңгейдегі қызметтерге конкурстық іріктеусіз орналаса алады. Биыл 1 қыркүйектен бастап Президенттік жастар кадрлық резервіне үшінші ірктеу өтеді. Бұдан бөлек, еліміздің барлық аймақтарында аумақтық жастар кадрлық резервтерін құру белгіленген. Сондай-ақ заңнамада уәкілетті органның келісімімен конкурстық іріктеусіз жоғары лауазымдарға тағайындау қарастырылған. Жақын арада келісімшарттық қызметшілер институты қолданысқа енгізіліп, мемлекеттік қызметшілер нақты жобаларға тартылатын болады.

Өңірде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартудың басқа да тиімді формалары қолданылады. Кадрлық рәсімдерді цифрландыруға, мемлекеттік қызметке түсу конкурсын өткізудің ашықтығы және меритократия қағидатына баса мән беріледі. Жолдауларда белгіленген талаптарды іске асыру шеңберінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл бағыты жаңаша арнаға бет бұрды. Мемлекеттік қызметке іріктеу алгоритмі қайта қаралып, кадр қызметтеріне мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау құқығы берілді. Бұдан былай басшы құрамның мемлекеттік қызметшілерінің жұмысы тоқсан сайын негізгі мақсаттарға қол жеткізу нәтижелері негізінде бағалана бастайды. Басқа жұмыс орнына баратын мемлекеттік қызметшілерге ротациялық төлемдер енгізу жоспарланған. “Мемлекеттік қызметші мектебі” тарапынан 8 жоба жүзеге асырылып, оған қатысқан студенттердің үштен бірі мемлекеттік қызметтерге орналастырылды. Былтыр “Дипломмен – ауылға!” жобасы аясында 6 мемлекеттік қызметші тұрғын үй сатып алуға несие рәсімдеді.

Әдеп жөніндегі кеңесте қаралған тәртіптік істердің саны 2 есеге, теріс қылықтары үшін жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметшілер саны 18 пайызға азайған. Тексеру қорытындылары бойынша 213 кемшілік анықталып, 13 ұйғарым енгізілген. 45 адамның құқықтары қалпына келтірілген.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp