«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстың энергетикалық кешенінің дамуы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар жайы сөз болды. Оған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Павел Шилов қатысып, тілшілер қойған сауалдарға жауап берді.

Ол өткен жылы жөнделген энергетикалық кешендер туралы айтты. Өткен жылы бұл мақсатқа 15 млрд. теңге жұмсалған. Петропавлдағы №2 жылу-электр орталығын жөндеу үшін акционерлер 12 млрд. теңге қаржы бөліпті. 2,7 млрд. теңгеге 97 подстанция мен 1,7 мың километр электр желілері қалыпқа келтірілген. “Петропавл жылу желілері” серіктестігі 6,6 километр жылу желісін жөндеп, 3,9 километр құбырды изоляциялаған. Бұл жұмыстардың бәрі биыл да жалғасып, оған 12 млрд. теңге бөлінсе, оның 8,7 миллиарды №2 жылу-электр орталығына бағытталмақ.

Өткен жылғы көрсеткіш бойынша 242 мың тұрғыны бар 415 ауыл сумен қамтылған. Елді мекендерді сумен жабдықтауға 8,9 млрд. теңге бөлініп, 35 ауылда жұмыстар жүргізіліпті. Биыл бөлінген қаржы көлемі 10 млрд. теңгеге артып, тағы 22 елді мекен таза ауызсуға қол жеткізбек. Бейінді басқарма мамандары жыл соңына дейін ауылдық жерлердегі ауызсудың қолжетімділігін 87,9 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

БАҚ өкілдерімен кездесу барысында Павел Шилов бизнес субъектілеріне инфраструктура жеткізудің де маңыздылығын атап өтті. Өткен жылы 4 бизнес субъектісіне инфраструктура тартылса, биыл тағы 9 нысан инженерлік желілерге қосылмақ.

Соңғы жылдары өңірде баламалы энергияның үлесі артқаны байқалады. 6 жыл ішінде бұл саладағы өсім 25 есеге жеткен. Қазірдің өзінде 174 нысан баламалы қуат көзінің игілігін көріп отыр. Алдағы уақытта тайыншалық “Green city KZ” серіктестігі қуаттылығы 1 Мвт болатын жел электрстанциясын салмақ.

Сонымен қатар басқарма басшысы құрылыс қарқынының артуына байланысты жылу желілерін жаңғырту, жаңа желілер салу жүргізілетінін айтты. Бұл жылу шығындарын азайтып, жаңа ғимараттарды жылытуға мүмкіндік бермек. Ал аудандардағы 690 көппәтерлі үйдің тек 40 пайызы ғана орталықтан жылытылады екен. Биыл тағы 5 үй орталықтандырылған жылуға қосылады деп жоспарланып отыр. “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында өткен жылы өңірде жылумен жабдықтау бойынша құны 860 млн. болатын 4 жоба жүзеге асқан. Осы және өзге де жобалардың арқасында өңірдегі 72 көппәтерлі, 460 жер үй мен 25 әлеуметтік нысан жылумен қамтылды.

– Жалпы облыс аумағында 1832 көппәтерлі тұрғын үй болса, соның 1152-сі өткен ғасырдың 60-80 жылдары салынған. “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында 19 үйді жөндеуге қаржы бөлінді. Соған қарамастан тағы 299 тұрғын үй күрделі жөндеуді қажет етеді, – деді брифинг соңында Павел Шилов.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp