Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы “Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы” қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалымен бірлесіп “Білімді мыңды жығады” тақырыбында “Тез тап” командалық зияткерлік ойынын өткізді.
Ұйымдастырушылар өлкенің тарихынан сыр шертетін мәдени ошақ – облыстық тарихи-өлкетану музейінде командалардың басын қосты. Ойынға облыстық полиция департаментінен, “Қазпошта” акционерлік қоғамының облыстық филиалынан, қала мектептерінің қазақ тілі мұғалімдерінен іріктелген төрт құрама команда қатысты.
– Ойынның шарты бойынша командада жеті адам болды. Бес кезеңнен тұратын ойын түрлі танымдық тақырыптарды қамтыды. Қатысушыларға логикалық сұрақтар, танымал кинотуындылардан үзінділер көрсетілді, әлем тарихын қамтитын сауалдар қойылды, – дейді “Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Жанат Мұхмеджанов.
Облыстық полиция департаментінің құрама командасы ұйымшылдық танытып, барлық кезеңдерде жинаған ұпай саны бойынша жартылай финалға өтті. Ақтық сынның жеңімпаздары тамыз айында өтетін тілдер фестивалінде марапатталатын болады.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.