Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Айдын Қабдұлдинов “Facebook” әлеуметтік желісінің тікелей эфирінде онлайн-есеп берді. Ол тұрғындарды 2022 жылғы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындылары туралы хабардар етіп, солтүстікқазақстандық тәртіп сақшыларының алдына қойылған басым бағыттар мен жоспарлар туралы айтып берді.
Талдауға сәйкес, еліміздегі тіркелген барлық қылмыстардың үш пайызы біздің облыстың үлесінде. Өңірдегі жедел жағдай тұрақты, соңғы сегіз жыл ішінде қылмыстардың төмендегені байқалады. Дегенмен бірқатар проблемалық мәселелер де бар, олардың бірі – маскүнемдік. Өткен жылы мас күйде 676 қылмыс жасалған, бұл барлық тіркелген қылмыстардың 27 пайызын құрайды. 29 адам өлтіру фактісінің 26-сы мас күйде жасалған. Денсаулыққа зиян келтіру фактілеріне, бұзақылыққа және адамға қатысты жасалатын басқа да қылмыстарға арақ ішу себеп болған. Қазіргі уақытта өңірде алкогольдік ішімдіктерге тәуелді 3 мыңға жуық адам тіркеуде тұр. 2022 жылы алкогольге тәуелді 219 адам мәжбүрлі емдеуге жіберілді.
Айдын Қабдұлдинов бүгінгі таңда киберқылмыстар жаһандық проблемаға айналғанын атап өтті. Жыл қорытындысы бойынша облыста қылмыстың осы түрінен келген шығын 537 миллион теңгеден асып түскен. Полицейлер күн сайын желіде қаржылық операцияларды орындау кезінде асықпау және жеке бас деректерін ешкімге бермеу туралы түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді.
Ауылдық жерлерде мал ұрлығы 30 пайызға азайды. Ауыл шаруашылығы жануарларының қатысуымен бір жылда 39 жол-көлік оқиғасы орын алды. Жалпы облыс жолдарында 382 жол апаты тіркелген, салдарынан 48 адам қаза тауып, 531 адам жарақат алған. Полиция департаментінің бастығы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басым бағыттардың бірі болып табылатынын және апаттардың алдын алу жұмыстары жанданатынын атап өтті.
Тікелей эфир барысында тұрғындардан түрлі салаларға қатысты бірқатар сұрақтар келіп түсті, оларға нақты жауаптар берілді.
Юрий КЛЫКОВ,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.