Жерлесіміз Ирина Мишунина халықаралық байқауда Гран-при иеленді. Сайыс Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық колледжде өткен. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен дарынды бүлдіршіндер жиналды.
– Аталмыш өнер додасында топ жарғанымды естігенде төбем көкке жеткендей болды. Ерекше әсер алып қайттым. Бұл ұмытылмас естелік болып қалары анық, – дейді сайыс жеңімпазы.
Жеткіншектер хореография, хор, вокал, аспаптарда ойнау бойынша бақтарын сынады. Біздің өңірдің намысын қорғаған Ирина – Мамлют өнер мектебінің 7 сынып оқушысы. Сайысқа ұстазы Халида Бекшентаеваның жетекшілігімен барған.
– Біз вокал аталымында бағымызды сынадық. Композитор, халық әртісі Латиф Хамидидың “Қазақ вальсы” әнін дайындап апарған болатынбыз. Бұл шығарманы біз мектепте үйренгендіктен, сайыста өнер көрсету аса бір қиындық туғызбады. Алматылық өнерсүйер қауымға бұл ән жақсы таныс екен. Оқушым сахнаға шығар алдында қатты қобалжыды. Бірақ көрермендердің қолдауымен барлығы көңілді атмосферада ойдағыдай өтті, – дейді жеңімпаздың тәлімгері Халида Ғалиқызы.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.