Тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, жарық дүниеге әкелген сәбиін аман-есен қолына алу – ананың ғана емес, бүкіл әулеттің тілегі. Халқымыздың “Жүкті әйелдің бір аяғы жерде болса, бір аяғы көрде” дегенінен-ақ, ана болудың әйел өміріне қаншалықты қауіпті екендігін байқауға болады. Адамнан адамның жаралуы оңай емес. Айы-күні жетіп, толғағы қысқан қиын сәтте әйелдің жанынан табылатын, өмірге дені сау сәбидің келуіне сеп болып, ана өміріне араша түсетін мамандардың еңбегі зор. Осыған орай дәстүрлі айдарымыз – “Тікелей байланысты” облыстық көпбейінді аурухана жанындағы перинаталдық орталықтың жұмысына арнауды жөн көрдік. Емдеу мекемесінің директоры Елена Калюжная оқырмандарымыздың сауалдарына жауап берді.
Сәуле ӘЛІБАЕВА,
Петропавл қаласының
тұрғыны.
– Облыстық перинаталдық орталық қашан құрылған, емдеу мекемесінде жүкті әйелге қажет ем-домның бәрі жасала ма?
– Облыстық перинаталдық орталықтың жұмыс істеп жатқанына 33 жыл. Емдеу мекемесі 1990 жылы ашылған. Бір ерекшелігі, бұл мекеме – сол жылы елімізде жұмысын бастаған алғашқы перинаталдық орталық. Біз өңірдегі әйелдерді босандыратын жалғыз мамандандырылған емдеу мекемесіміз. Яғни, біз түрлі жүктілік кезеңіндегі әйелдерді қабылдап, оларға тиісті көмек көрсетеміз, қажет болған жағдайда мерзімінен бұрын босандырамыз. Ал егер де әйелге жоғары деңгейдегі медициналық көмек керек болса, дәрігерлік-консультативтік кеңестің қорытындысымен Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми ана мен бала денсаулығы орталығына жібереміз. Жылына орта есеппен біздің орталықта 4,5 мың сәби жарық әлемге келеді. Екі жыл бұрын біздің емхана базасында ұрықты қорғау орталығы ашылды. Ол жерде облыстың жүкті әйелдері барлық ультрадыбыстық зерттеуден, биохимиялық скринингтен өте алады, генетик-дәрігердің кеңесін алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ бұл жерде генетикалық зертхана жұмыс істейді, яғни біздің жүкті келіншектерге басқа өңірге шығудың қажеті жоқ. Өзімізде-ақ қойылған диагноздың дұрыс-бұрыстығын, генетикалық патологияның бар-жоғын тиісті зерттеулермен анықтай аламыз. Қажет болған жағдайда келіншек шалғай ауданнан болса да жүктіліктің басынан бастап оны бақылауға алып, қалай босанады, қай жерде сәбиін өмірге әкеледі – бұл мәселелерді орталықта орналасқан облыстық дәрігерлер консультациясы комиссиясы шешеді.
Әзиза ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ,
Петропавл қаласының
тұрғыны.
– Перинаталдық орталықта дәрігерлер жеткілікті ме?
– Перинаталдық орталықтағы барлық бөлімдер тиісті режімде жұмыс істеп жатыр. Біз 100 пайыз неонатолог және анестезиолог-реаниматолог дәрігерлермен қамтылғанбыз. Дегенмен акушер-гинекологтардың тапшылығы сезіледі. Бірақ оның біздің жұмысымызға ешқандай кері әсері жоқ. Дәрігерлер кезекшілік етеді, қажет болған жағдайда түнгі ауысымда да жұмыс істейді, мереке күндері де кезекпен шығады. Санитарлық авиациямен аудандарға да шығамыз, біздің дәрігерлер кез келген уақытта мобильді бригадамен жүктілік кезінде дерті асқынған әйелді орталыққа әкеледі немесе сол жергілікті жерде ота да жасайды. Сондықтан бізде кадр мәселесі өзекті емес. Ал жетпейтін акушер-гинекологтардың орнын толтыру үшін біз қазір университеттермен жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі уақытта 4 резидентіміз білім алуда. Олар оқулары біткеннен кейін бізге келіп, орталыққа жұмысқа орналасады. Жергілікті бюджет есебінен білім алып жатқан резиденттер қазір орталықта тәжірибеден өтіп жатыр, яғни олар біздің жағдайымызға бейімделген, жұмыспен жақсы таныс.
Бақыт БЕКСҰЛТАНОВА,
Қызылжар ауданының
тұрғыны.
– Мен дәрігерге екі сауал қойғым келеді. Бірінші сұрағым: жүкті әйел өзі босанатын перзентхананы таңдай ала ма? Екіншісі: перинаталдық орталықта қандай ақылы қызметтер көрсетіледі?
– Қай перзентхананы таңдағысы келеді, бұл – жүкті әйелдің құқығы. Ол біздің еліміздегі кез келген перзентханада еш қиындықсыз босана алады. Егер ол Қазақстан азаматы болса, есепке алынса, тексерулерден өтсе, әйелдің жүктілік бойынша диспансерлік кітапшасы болса, өзіне ұнаған қалаға барып, перинаталдық орталықта мамандардың бақылауымен сәбиін өмірге әкеле алады. Біздің орталыққа да Алматы, Астана қаласының тұрғындары келіп босанып жатады. Әдетте Қызылжарда туыстары барлар, ата-анасы осы жақта тұратындар келеді.
Ал, екінші сұрағыңызға келер болсам, біздің орталықтағы барлық қызметтер: әйелдің жүктілігін жүргізу, босандыру, емдеу, жаңа туған нәрестені тексеру, дәрі-дәрмекпен қамту – мұның барлығы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жүргізіледі. Бізде ешқандай да ақылы қызмет жоқ. Тек, ақы төлеп тұруға болатын сервистік палатамыз бар. Ол бір орындық, ішінде жуынатын бөлмесі мен дәретханасы бар. Кей әйелдер босанғаннан соң демалғылары келеді, қасында туысы болғанын қалайды.
Мөлдір ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
Петропавл қаласының
тұрғыны.
– Қай уақытта жүкті әйелге кесарь тілігі жасалады?
– Кесарь тілігі отасын жасау үшін қатаң көрсетілімдер болуы тиіс. Кей жағдайда, мәселен әйелдің немесе оның құрсағындағы баласының өміріне қауіп төнгенде әйел сәбиін міндетті түрде ота арқылы дүниеге әкеледі. Мұндай жағдайда әйелге ескертіп, неліктен кесарь тілігі жасалатыны түсіндіріліп, отаға дайындаймыз. Сондай-ақ салыстырмалы көрсеткіштер бар, яғни, 50/50, әйел өзі де босана алады, бірақ зардабы болуы мүмкін. Сондықтан мұндайда консилиум жинап, әйелдің өзімен бірге ақылдаса келе шешім қабылдаймыз.
Өзі туғысы келмей, перзентханаға “мені кесарь тілігімен босандырыңдар” деп келетіндер де бар. Бірақ мұндай әйелдер сирек кездеседі. Бұл жағдайда әйелмен сөйлесіп, оны табиғи жолмен босануға шақырамыз. Шешімін өзгертпеген жағдайда, ота жасаймыз. Мұның әрине, артықшылығы да, кемшілігі де бар. Ең бастысы – кесарь тілігі отасы арқылы босандыру, бұл табиғи емес қой, яғни нәресте босану жолынан өтпегендіктен дұрыс бейімделмейді, біз оны ота кезінде тез шығарып аламыз. Баланың босанып шығуы – бұл үлкен процесс, анаға ғана емес, нәрестеге де үлкен жүк, жарық дүниеге шығу үшін ол ыңғайланады, тартылып, басын бұрады. Мұның бәрі табиғи түрде өтеді.
Ал кесарь тілігі отасы арқылы босанудың артықшылығына келер болсақ, әйел босанған кезде қиналмайды. Бірақ, кейін, әрине, отаның орны, іштің төменгі жағы ауырады. Жалпы жылына біздің орталықта шамамен осындай мың шақты ота жасалады. Ал шұғыл жасау керек болса, бізде операция залы күту тәртібімен жұмыс істейді, яғни, 2-3 минуттың ішінде отаны бастауға мүмкіндігіміз бар.
Еркегүл ЕСМАҒҰЛОВА,
Петропавл қаласының
тұрғыны.
– Перинаталдық орталықта жасанды түсік жасала ма? Тастанды балалар жайында айтып беріңізші?
– Перинаталдық орталықта жүктілікті жасанды жолмен тоқтату оталары жасалмайды, ол ауруханалардың гинекологиялық бөлімдерінде, жүктілікті тоқтатуға мамандандырылған арнайы бөлімшелерде жасалады. Былтыр 650 әйел медициналық жасанды түсік жасатқан. 45 әйелде біз медициналық көрсеткіштер бойынша жүктілікті тоқтаттық. Оларға денсаулығына байланысты бала көтеруге болмайды. Енді бір топ әйелде құрсағындағы балаларының дамуына кедергі келтіретін жүрек ақауы барлығын анықтадық. Тағы 21 әйелге жасанды түсік жасауға тура келді. Олардың қатарындағы бір әйел тұрмыс құрмаған, енді бірі жас болды. Олардың барлығы пациенттердің келісімімен жасалды.
Аборт бойынша өсім жоқ. Емханаларда үйленуді жоспарлау кабинеттері жұмыс істейді. Ол жерге қыз-келіншектер кез келген уақытта келіп, кеңес ала алады.
Тастанды балалар жайына келер болсақ: мұндай сәбилер өте аз. Жылына 1-2 бала ғана болуы мүмкін. Аналары тастап кеткен жағдайда нәрестелер бір ай бойы бізде болады, орталық мамандары тексерулерден өткізеді, кейін біз оларды балалар үйіне ауыстырамыз. Балалар үйі Петропавлда орналасқан, тағы бір айта кетерлігі, бұл орталықта “Үміт” тобы бар. Әйел қазір сәбиін қолына ала алмаса, осында қалдырып, кейін жарты, не бір жылдан кейін мәселелері шешілгесін үйіне әкете алады. Жалпы тастанды балаларға бұл мекемеде жақсы жағдай жасалған. Ол жерде де дәрігерлер бар. Дұрыс тамақтандыру, сәбилердің күтімі – барлығы талапқа сай жүргізіледі.
Қанат ЕЛТАЙҰЛЫ,
Қызылжар ауданының
тұрғыны.
– Әлеуметтік желіде кейде әйелдердің перинаталдық орталық мамандарының көрсеткен қызметіне көңілдері толмай шағымданған жазбаларын көріп қаламын. Мұндай жазбалар тексеріле ме, анықталып жатса жаза қолданыла ма?
– Мұндай жағдай болмауы тиіс, бұл медициналық қызметкер: акушер, дәрігердің кәсібилігіне сай келмейді. Босану залында жұмыс істеу оңай емес. Перинаталдық орталық тәулігіне 15-20 әйелді қабылдап, босандырып жатады. Оның ішінде шұғыл түрде ота жасау қажет болатын жағдайлар кездеседі. Түнгі кезекшіліктері бар. Ұжым болған соң медициналық қызметкердің өз міндетіне салғырт қарауы орын алып тұрады. Ондай жағдайлармен біз күресеміз, былтыр босанып жатқан келіншекке дұрыс қарамаған бірқатар қызметкерді жұмыстан шығарып жібердік.
Біздің орталықта психолог бар, ол қызметкерлермен жұмыс істейді. Әсіресе жұмысы ең қиын босану бөлімшесінде физикалық жүктеме жоғары, мұндай режімнен қызметкер психо-эмоционалдық күйге ұшырауы мүмкін. Сондай-ақ, мұндай оқиғаларға жол бермеу үшін біздегі босанған немесе босанатын әйелдер арасында күнделікті сауалнама жүргіземіз. Ескертулері болса бірден оны түзетуге тырысамыз. Осы сауалнамадан байқағанымыз, бізде жатқан келіншектердің 99 пайызы бүгінде көрсетілген қызметке риза.
Серікгүл БАБАҚҰМАР,
Бәйтерек ауылының
тұрғыны.
Қызылжар ауданы.
– Өңірімізде бала сүюге зар болып жүрген ерлі-зайыптылар аз емес. Қазір экстракорпоральды ұрықтандыру жолымен сәбилі болуға мүмкіндік бар. “Аңсаған сәби” бағдарламасына қатысып, қызметті тегін алу үшін не істеу керек?
– Президенттік бағдарламаға үш жыл қатысып келеміз. Бұрын біздің өңірге небары 20-25 квота ғана берілетін, салдарынан ұзын-сонар кезек болатын. Қазір бізге жыл сайын министрлік шамамен 200 квота бөліп жатыр. 2021-2022 жылдары біз ол квоталардың барлығын игердік. Былтыр осы бағдарлама аясында 103 келіншек босанды. Тағы 16 келіншек егіз сәбиді дүниеге әкелді. Яғни, бағдарлама 50 пайыз жоғары нәтиже берді. Біз, әрине, еңбегіміздің жемісін көріп қуанып жатырмыз. Бізде көп жылдар бойы есепте тұрған әйелдер де бала сүйіп, армандары орындалып жатыр.
Биыл 190 квота беріліп отыр. Оны алу үшін алдымен өз емханаңызда бедеулік бойынша есепке алынуыңыз керек. Ол жерде сізді тегін тексерулері тиіс. Осыдан кейін біздің перинаталдық орталыққа репродуктолог маманның қабылдауына келу қажет. Ол күнделікті жұмыс істейді. Репродуктолог өз тарапынан тексеріп, сізге жолдама береді. Құжаттарды облыстық денсаулық сақтау басқармасында айына бір рет осы квоталарды бөлетін комиссияның қарауына жібереді.
Ал экстракорпоральды ұрықтандыруды қай орталықтан өтетініңізді өзіңіз таңдайсыз. Елімізде 24 орталық бар. Біздің орталықтың көрсеткіші өте жақсы, өйткені процедурадан өткен әйелдердің біразы оң нәтиже көрді. Өмірге дені сау, мерзімінде туған, көптен күткен нәрестелерін әкелді.
Гүлнар ОРАЗАЛИНА,
Есіл ауданының тұрғыны.
– Қазір босанған әйелдерді екінші-үшінші күні үйлеріне жібереді. Бұл қаншалықты дұрыс? Сіздің бұған көзқарасыңыз қандай?
– Бұл – өте дұрыс. Өйткені өз үйінде, таныс ортада әйел өз-өзіне тезірек келеді. Әрі оған туған-туыстары да көмектеседі. Бұған көңілі толмайтындар да бар. Қиын босанған немесе кесарь тілігі отасы жасалған әйелдер ауруханада ем алғылары келеді. Біз жағдайға, яғни олардың денсаулығына қараймыз. Ал егер өзі физиологиялық жолмен босанса, әрине, біз оны емдеу мекемесінде көп ұстамаймыз. Босанған әйелдер медициналық бақылаусыз қалмайды. Біз бірден олар тіркелген емханаға хабарлаймыз. Жергілікті дәрігерлер әйелдердің денсаулығын бақылауға алады, жарақаттары болса күндізгі стационарда қажетті ем-дом жасалады.
Анар АЛДИЯРҚЫЗЫ,
Мамлют ауданының
тұрғыны.
– Болашақ – анаға қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең алдымен, жүктілік жоспарлы болуы тиіс. Ол үшін ерлі-зайыпты тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, тексеруден өтуі керек. Медициналық мекемеде, егер де белгілі бір ауру бойынша диспансерлік есепте тұрмаса, жалпы клиникалық анализ – қан тапсырады, терапевт маманның алдынан өтеді, әйелге гинекологқа да қаралу қажет. Егер де олардың сараптамалары жақсы болса, жүктілікті жоспарлай беруге болады. Мұндайда иммунитетті көтеретін дәрумендер және жүктіліктен үш ай бұрын фолий қышқылын ішуге, арнайы диета ұстауға кеңес береміз. Ал егер де тексеріс барысында ерлі-зайыптының ауыратындығы анықталса, ол асқынған болса – кешенді түрде емделу қажет. Темекіден бас тарту, түрлі инфекцияларға тексерілу керек.
Жүкті әйел дәрігердің кеңесін бұлжытпай орындап, дұрыс тамақтанса, демалыс пен еңбек режімін сақтаса дүниеге дені сау сәби келеді. Болашақ ана қажетті тексерулерден дер кезінде өтіп, құрсағындағы баланың денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Отбасындағы жақсы көңіл күй де жүктіліктің жайлы өтуіне әсер етеді.
Асылым ҚОЖАХМЕТ,
көпбалалы ана.
– Шала туған бала деп қандай сәбилерді айтады, баласы мерзімінен ерте туған ана нені білуі, неге мән беруі керек?
– Мерзімінен ерте деп 22 ай мен 36 ай аралығында туған баланы айтады. Сондай-ақ баланың салмағы және бойы да есепке алынады, егер сәбидің салмағы 2 келі 500 грамм және одан төмен болса, бойының ұзындығы 43 сантиметрден қысқа болса – онда ол шала туған болып есептеледі. Мұндай балалардың тыныс алу жүйесі толық жетілмеген, сондықтан олар өздігінен дем ала алмайды. Сәбилер реанимация бөліміне жатқызылып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылады. Қан аздық, шақалақтың “еңбегі” жабылмаған, көзі мен асқазан-ішек жолында проблема болуы мүмкін. Сондай-ақ оларды қолдан тамақтандырамыз. Ондайда, әрине, анасының сүті қолданылады. Мерзімінен ерте туған балалар салмақты баяу қосады. Тиісті салмаққа жеткенде, егер денсаулығында кінәрат болмаса, үйге жіберіледі. Бұл балалардың тағы бір ерекшелігі, оларда жылудың қалыпты реттелуі жетілмеген, салдарынан тез тоңады. Сол себепті арнайы жылытылатын үстелдерді қолданамыз, инкубаторларда да қажетті температура мен ылғалдылықтың болуын қатты қадағалаймыз. Медициналық қызметкерлер де қолдарын жылытып барып қана жөргекке орайды. Жалпы мұндай баланың қатарға қосылуы көп жағдайда ата-анаға байланысты. Сәбиге арнайы гимнастика мен массаж жасау керек. Әдетте мерзімінен ерте туған сәбилердің 80 пайызын 2-3 жаста өз жастыларынан айыра алмайсың, олардың денсаулықтары да жақсы, дамуында да өзгешелік жоқ. Біздің орталықтан шыққаннан кейін де, көпке дейін бұл балалар бақылауымызда болады. Ал жалпы жыл сайын біздің орталықта осындай аз салмақты 600-дей сәби дүниеге келеді.
Дайындаған
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.