Өңірімізде жолдың сапасы да, жолаушыға жасалған жағдай да көңіл көншітпейді. Оны ауылдағы да, қаладағы да тұрғындардың құзырлы органдарға қарата айтылған арыз-шағымының толастамай тұрғанынан аңғаруға болады. Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында осы мәселе қызу талқыланды.
Облыста қоғамдық көліктер 123 бағыт бойынша қатынайды. Оның 8-і өңіраралық, 54-і облысішілік, 30-ы ауданішілік, 11-і қала маңындағы жақын ауылдарды қамтыса, 19-ы қалалық және 9-ы – ауылдық бағыттар. Барлық автобустардың 83,3 пайызы күн сайын үздіксіз жолаушылар тасымалымен айналысады. Өткен жылы облысішілік аумақты қамтитын Новоникольское – Петропавл, Советское – Петропавл, Карагандинское – Петропавл, сондай-ақ әлеуметтік маңыздағы Петропавл – Светлое, Айтуар, Тахтаброд, Плоское, Надежка, Новопокровка, Тонкошуровка – Петропавл және Волошинка – Петропавл сынды жаңа бағыттар ашылған. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхмет облысішілік бағыттарды толыққанды қамту үшін қосымша 566 млн. теңге қаражат қажет екендігін айтты.
– 2017 жылдан бері тасымалдаушылардың шығыны 2-3 есеге артты. Мысалы, бұрын 1 литр дизель отыны 130 теңге тұрса, қазір 260 теңгенің маңайында. Жанармай болса 150 теңгеге қымбаттады. Автобустардың құны да шарықтап кетті. Кәсіпкерлердің қалтасына салмақ түсуде. Мәселені шешудің бірден-бір жолы – тарифті ұлғайту. Яғни, қоғамдық көлікте жүру ақысы артса, проблема біржақты етіледі. Соның есебінен автобус қатынайтын ауылдардың саны артады, – деген Мақсат Баяхмет шалғайда жатқан Ғабит Мүсірепов атындағы, Ақжар, Уәлиханов, Айыртау аудандарын қамту көзделіп отырғанын айтып өтті.
Қоғамдық кеңес мүшелері облыс орталығындағы қоғамдық көлік тарифінің қымбаттауына қарсылық білдірді. Жылдар бойы қордаланған мәселенің шешімін табудың орнына, тұрғындардың қалтасына салмақ салу орынсыз. Себебі қоғамдық көліктерді жаңарту, ондағы жұмыс жүйесін цифрландыру талай жылдан бері айтылғанымен, осы саладағы кәсіпкерлердің бірі елең етпеген еді. Ескі-құсқы қоғамдық көліктермен кісі тасымалдап, пайда тауып жүре берді. Соңғы үш жылда мемлекеттің қолдауымен автобустар жаңартыла бастағанда ғана кәсіпкерлердің нарық заңына бейімсіздігі айқын көрінді. Бұл саланы сапалы қызмет көрсету емес, тұтынушылық көзқарас жайлаған сыңайлы.
Қоғамдық кеңесте қаралған келесі мәселе – өңір жолдарының жайы. Бұл салада да түйінді мәселелер жетерлік. Жол құрылысынан бастап, оны құжаттандыру ісінде де салдыр-салақтық басым. Үстіміздегі жылы бюджеттен 19,7 млрд. теңге қаржы бөлінген. Жыл аяғында талапқа сәйкес келетін жолдың үлесін 84 пайызға жеткізу көзделген. Алайда мол қаржы бөлінген кезде жол салғыш кәсіпкерлердің де қатары көбейеді емес пе? Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхмет осындайлардың кесірінен сапасыз жолдар салынып, кейде жұмыс аяқсыз қалатынын жасырмады. “Жұмыртқадан жүн қырқуға” талпынған жылпостардың бұл әрекеті республика бойынша кең таралған. Дегенмен міндеттелген жұмысты уақытынан бұрын аяқтап, жоспарды артығымен орындайтын мердігерлер де бар екен. Мемлекет олардың артық орындаған жұмысының да қаржысын аударып, алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасап отыр.
Бұл әлеуметтік мәселелер тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Әсіресе шекара мәселесі алаңдаушылық тудырып отыр. Шекарамызды шегендедік дегенімізбен, оны күзетіп жүргендердің тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы сын көтермейді. Қоғамдық кеңеске қатысқан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі департаментінің басқарма бастығы, полковник Сәкен Урмантаев шекарашыларды баспанамен қамту, ауызсу, электр желілерін тарту сынды өзекті мәселелерді жайып салды.
– Қызылжар ауданындағы “Ақыш” шекара бөлімшесі Сумное ауылында орналасқан. Ал шекарашылар бұл жерден 14 шақырым қашықтықта орналасқан Виноградное ауылында тұрады. Бұл жағдай шекарашылардың түнгі уақытта қызмет атқаруына ыңғайсыз. Сондықтан олар шекараны түнде жеке көліктерімен барып-келіп күзетіп жүр, – деді Сәкен Урмантаев.
Шекарадағы бөлімшелерде ешқандай жағдай жасалмағандықтан, әскери қызметкерлер отбасыларынан жырақта өмір сүруге мәжбүр. Қысқасы, бүгінгі таңда шекарадағы әлеуметтік жағдай өте күрделі. Ел қорғаны мықты болсын десек, шекара шебінде қызмет етіп жүрген әскерилердің жағдайын жақсарту күн тәртібіндегі мәселе болуы керек.
Қоғамдық кеңес барысында бұдан да басқа бірнеше мәселе талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.