Мысырда грек-рим және әйелдер күресінен Мұстафа Ибраһим атындағы халықаралық рейтингтік турнир өтті. Байрақты бәсекеде ерлер арасында Данияр Кәленов, ал қыздардан Эльмира Сыздықова қола жүлдегер атанды.
Грек-рим күресінен Данияр Кәленов 72 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түсіп, турнирдің қола жүлдесін қанжығасына байлады. Ал әйелдер бәсекесінде ел намысын Айыртау ауданының тумасы Эльмира Сыздықова қорғады. Жерлесіміз аса ауыр салмақтағы спортшылар арасында белдесті. Солтүстікқазақстандық балуан бірінші кездесуінде Францияның Синтия Весканды ұтып, ширек финалға жолдама алды. Кейін қытайлық Жуан Вангпен күресіп, қарсыласына есе жіберді. Дегенмен жерлесімізге жұбаныш белдесуіне қатысуға мүмкіндік туып, Эльмира отандасымымыз Гүлмарал Еркебаеваемен сынға түсті. Қазақстандық балуандардың теке-тіресінде айыртаулық қыздың айы оңынан туды. Үшінші орын үшін таласта ол үндістандық балуанмен кездесіп, нәтижесінде ұлттық құрама қоржынына тағы бір жүлде салды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.