И.Шухов атындағы қалалық орталық кітапхана жанындағы “Сана” әдеби-музыкалық клубының ұйымдастыруымен өткен “Қалдырған ізің мәңгілік” атты кеште “Күдер” ансамблі өнер көрсетті.
Клуб мүшелері ай сайын түрлі кездесулер өткізіп, өңірімізге есімі белгілі жандардың өмір жолдарымен танысады. Бұл жолғы шара ансамбль жетекшісі Тойкен Күдерованың шығармашылығына арналды.
Шараға қатысқан меймандар өнер иесінің өмір жолына тоқталып, ансамбльдің жеткен жетістіктерін сөз етті. Іс-шара барысында С.Шабельскийдің “Тойбастар”, А.Жайымовтың “Шаттанамын”, Қ.Аманжоловтың “Жалғыз аққу”, Есірдің “Ирең”, Н.Тілендиевтің “Жекпе-жек”, Т.Жахиннің “Балдырған” күйлері орындалды.
– Бұл клубқа мүше болғаныма көп уақыт өте қойған жоқ. Алайда, біраз рухани кештерге қатысып, азық жинадым. Бүгінгі кездесудің де тәрбиелік мәні зор. Ұлттық аспабымыз – домбыраның дамуына, төл мұрамызды үйренуге деген жастардың ықыласының артуына үлес қосып жүрген Тойкен апамыздың еңбегі мақтауға лайық, – дейді Ботакөз Қожабекова.
Сержан НҰРДОЛҚЫНҰЛЫ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың 4-курс студенті.