Диас Аяған
Поэзия – адам жанының тарам-тарам жолдарына бойлататын, нәзік сезімнің күйін шертіп, адамзатқа ғаламның беймәлім сырларын танытатын, екінің бірі батылы жетіп бара бермейтін өнер. Осынау соры мен бағы қалың, қуанышы мен қайғысы мол өнердің тізгінінен ұстап, алты Алашқа сөз тыңдатып, жұртты жырына ұйытып жүрген аяулы ақындарымыз аз емес. Солардың қатарында қазақ поэзиясының ардакүрең ақыны, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың, “Алаш” әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбайдың орны бөлек.
Қашаннан жыр дегенде жанын беруге даяр Алаш жұртының Сарыарқаның саңлақ ұлына деген ықыласы ерекше. Жаңа ғасыр ақындарының ішінде көп оқылып, жиі талданатыны да осы Ғалым ағамыздың туындылары. Өлеңге шөлдеген ойлы оқырман жанының емін Ғалым Жайлыбайдан тауып, жыр жайлауында сөз өнерінің рахатына бөленеді. Оның әдеби ортада “Өлең әлеміндегі шертпе күй”, “Сарыарқаның ойлы өзені” атануы да бекер емес. Сол “Сарыарқаның ойлы өзені” осындағы елді жырға сусындатамын деп өз арнасын солтүстікке бұрған екен. Ақынның өркендеу жолы мен шығармашылығында Қызылжардың алар орны ерекше. Қызылжар – жыр иесінің жұлдызы жанып, қанаты кеңге жайылатын құт мекені. Осы мекенге Ғалым Жайлыбай жиі ат басын бұрып, рухани шараларға, жиындарға қатысып, ел алғысына бөленіп жүр. Ақын қызылжарлық оқырманын “Ай таңбалы арғымақ” атты әдеби кешімен қуантып, жиналған жұртты жырға бөледі.
Ақын бір өлеңінде Қызылжар жайлы былай деп толғанады:
“…Шоқ-шоқ қайың, шоқ қайың, топты қойың,
Ақ самалын өлеңнің соқтырайын.
Ақ дүниеден адалдық іздегенде,
Ақ қайыңдар, сендерге кеп тұрайын…”
Жаны үнемі ақ қайыңдарға ынтық ақын бұл жолы ақ қайыңдар өлкесіндегі ақ адал оқырмандарын іздеп келді. Жырүйер қауым да Ғалым Жайлыбайды қошеметпен қарсы алып, құрмет көрсетті.
Жыр кеші өңір намысын аламан бәйгелерде қорғап жүрген жас ақын Қабдолла Бейісханның арнауымен басталды. Кейін кеш иесі ортаға шығып, жиналған жұртшылыққа жылы лебізін білдірді. Сосын “Қызыл іңір. Қызылжар”, “Қаратаудың басынан көш құлады” және соңғы жылдары жазылған туындыларын төгілте оқып берді. Шараны айтыскер ақын Жарқын Жұпархан жүргізді. Өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың ақынға деген ыстық ықыласын облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Кемел Оспанов жеткізді. “Құрметті Ғалым Жайлыбайұлы! Сіз өз өлеңдеріңізде түрлі тақырыптағы мәселелерді көтеріп, замандастарыңыздың жүрегіне қондыра білдіңіз. Жыр жинақтарыңыз Қызылжар өңірі тұрғындарына жақсы таныс. Сіз қазақ өнері мен әдебиетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосудасыз. Бүгінгі 65 жасыңызбен құттықтай отырып, сізге зор денсаулық, шығармашылық табыстар тілеймін”, делінген өңір басшысының құттықтауында.
Ақынды жыр кешімен құттықтап келген академик Зарқын Тайшыбай, ардагер ұстаз Қарақат Шалабаев оның ерекше болмысын, қарапайымдылығын, жырларының мөлдірлігі мен нәзіктігін тілге тиек етті. Кейін Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әртістері Біржан Есжан мен Ғалымжан Нұрпейісов Ғалым Жайлыбайдың сөздеріне жазылған әндерді шырқады. Әсіресе, “Есіл ағады” туындысы көпшіліктің көңілін тербеп, қошеметіне ие болды. Қазақстан Жазушылар одағынының мүшесі Аманжол Зағыпар бастаған, ақынның ізіне ерген іні-қарындастары да шарадан шет қалмай “Жылқышының баласы”, “Қап арқалап бара жатыр қыз бала” өлеңдерін оқыды. Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Жарасбай Сүлейменов пен көкшелік “Арқа ажары” газетінің бас редакторы Жабал Ерғалиев ақын шығармашылығы туралы толғаныстарымен бөлісті.
– Ұлы Мағжанның мерейтойына орай Қызылжарда Ғалым Жайлыбайдың кеші өтеді дегенді естіп арнайы келдім. Осында өтіп жатқан рухани шараларға шын жүректен қуанып, тілекші болып отырамын. Ақынның мұңы, сыры, қоңыр үні бүкіл қазақ даласын Сарыарқаның самалындай, жаңбырындай, ақбөкеніндей кезіп жүр. Оның әуенді, ойлы, философиялық, бүгінгі қазақтың мұңын мұңдаған жырларын біз қашан да сүйіп оқимыз. Есіл-Көкше өңірінде осындай ұлы өнердің үні естіле берсін, – деді Жабал Ерғалиев.
Ғалым Жайлыбаймен кездесуді жыр сүйер қауым да көптен күткен екен, өздерінің сұрақтарын қойып, қошеметін аямады. Оқырман сауалдарының көбі қанды қасап ғасырдың қасіретін, қазақтың азалы үнін әлемге естірткен белгілі “Қара орамал” мен өзге де поэмалары туралы болды. Ақынның Қызылжар, өңіріміздің белгілі тұлғалары туралы өлеңін оқуын сұрап өтініш білдіргендер де табылып жатты. Ғалым Жайлыбай бұл сұрақтардың бәріне бұрынғы қаламгерлердің салтымен арнайы мақала арнап, жауап беретінін жеткізді. Қалам тартса өңіріміз туралы тың туындылар туындауы мүмкін екенін де жасырмады.
Шара соңында белгілі руханият жанашыры, кәсіпкер Жомарт Омаров ақынның иығына шапан жауып, ат мінгізді.
Жыр сүйер қауымның ықыласына риза болған ақын:
– Қадірлі қызылжарлықтар, мен осындағы әрбіріңізді жақсы көремін. Мағжан Жұмабаевтың мерейтойы аясында сіздермен қауышып отырғаныма қуаныштымын. Руханиятымыз жүдемес үшін адамдардың кітап оқып, жырға сусындағандары дұрыс. Өздеріңіздей тілдің, өлеңнің жанашырлары барда қазақтың шырағы ешқашан өшпек емес, – деп ағынан жарылды.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.