«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРДАКҮРЕҢ АҚЫН

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Поэзия – адам жанының тарам-тарам жолдарына бойлататын, нәзік сезімнің күйін шертіп, адамзатқа ғаламның беймәлім сырларын танытатын, екінің бірі батылы жетіп бара бермейтін өнер. Осынау соры мен бағы қалың, қуанышы мен қайғысы мол өнердің тізгінінен ұстап, алты Алашқа сөз тыңдатып, жұртты жырына ұйытып жүрген аяулы ақындарымыз аз емес. Солардың қатарында қазақ поэзиясының ардакүрең ақыны, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың, “Алаш” әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбайдың орны бөлек.

Қашаннан жыр дегенде жанын беруге даяр Алаш жұртының Сары­ар­қаның саңлақ ұлына деген ықы­ласы ерекше. Жаңа ғасыр ақында­рының ішінде көп оқылып, жиі тал­данатыны да осы Ғалым ағамыз­дың туындылары. Өлеңге шөлде­ген ойлы оқырман жанының емін Ғалым Жайлыбайдан тауып, жыр жайлауында сөз өнерінің рахатына бөленеді. Оның әдеби ортада “Өлең әлеміндегі шертпе күй”, “Са­ры­арқаның ойлы өзені” атануы да бекер емес. Сол “Сарыарқаның ой­лы өзені” осындағы елді жырға су­сындатамын деп өз арнасын сол­түс­тікке бұрған екен. Ақынның өр­кен­деу жолы мен шығар­машы­лы­ғында Қызылжардың алар орны ерекше. Қызылжар – жыр иесінің жұл­дызы жанып, қанаты кеңге жайылатын құт мекені. Осы мекенге Ғалым Жайлыбай жиі ат басын бұ­рып, рухани шараларға, жиын­дарға қатысып, ел алғысына бөленіп жүр. Ақын қызылжарлық оқырманын “Ай таңбалы арғымақ” атты әдеби кешімен қуантып, жиналған жұртты жырға бөледі.

Ақын бір өлеңінде Қызылжар жайлы былай деп толғанады:

“…Шоқ-шоқ қайың, шоқ қайың, топты қойың,

Ақ самалын өлеңнің соқтырайын.

Ақ дүниеден адалдық іздегенде,

Ақ қайыңдар, сендерге кеп тұрайын…”

Жаны үнемі ақ қайыңдарға ынтық ақын бұл жолы ақ қайыңдар өлкесіндегі ақ адал оқырмандарын іздеп келді. Жырүйер қауым да Ғалым Жайлыбайды қошеметпен қарсы алып, құрмет көрсетті.

Жыр кеші өңір намысын аламан бәйгелерде қорғап жүрген жас ақын Қабдолла Бейісханның арнауымен басталды. Кейін кеш иесі ортаға шы­ғып, жиналған жұртшылыққа жылы ле­бізін білдірді. Сосын “Қызыл іңір. Қызылжар”, “Қаратаудың басынан көш құлады” және соңғы жылдары жазылған туындыларын төгілте оқып берді. Шараны айтыскер ақын Жарқын Жұпархан жүргізді. Өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың ақынға деген ыстық ықыласын облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Кемел Оспанов жеткізді. “Құрметті Ғалым Жайлыбайұлы! Сіз өз өлеңдеріңіз­де түрлі тақырыптағы мәселелерді көтеріп, замандастарыңыздың жү­ре­гіне қондыра білдіңіз. Жыр жинақ­тарыңыз Қызылжар өңірі тұрғында­рына жақсы таныс. Сіз қазақ өнері мен әдебиетінің өркендеуіне өл­шеу­сіз үлес қосудасыз. Бүгінгі 65 жасыңызбен құттықтай отырып, сізге зор денсаулық, шығармашы­лық табыстар тілеймін”, делінген өңір басшысының құттықтауында.

Ақынды жыр кешімен құттықтап келген академик Зарқын Тайшыбай, ардагер ұстаз Қарақат Шалабаев оның ерекше болмысын, қарапа­йым­дылығын, жырларының мөл­дір­лігі мен нәзіктігін тілге тиек етті. Кейін Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әртістері Біржан Есжан мен Ғалымжан Нұрпейісов Ғалым Жайлыбайдың сөздеріне жа­зылған әндерді шырқады. Әсіресе, “Есіл ағады” туындысы көпшіліктің көңілін тербеп, қошеметіне ие болды. Қазақстан Жазушылар ода­ғынының мүшесі Аманжол Зағыпар бастаған, ақынның ізіне ерген іні-қарындастары да шарадан шет қалмай “Жылқышының баласы”, “Қап арқалап бара жатыр қыз бала” өлеңдерін оқыды. Қазақстан Жазу­шылар одағы облыстық филиалы­ның директоры Жарасбай Сүлей­ме­нов пен көкшелік “Арқа ажары” газетінің бас редакторы Жабал Ер­ғалиев ақын шығармашылығы ту­ралы толғаныстарымен бөлісті.

– Ұлы Мағжанның мерейтойына орай Қызылжарда Ғалым Жайлы­байдың кеші өтеді дегенді естіп арнайы келдім. Осында өтіп жатқан рухани шараларға шын жүректен қуанып, тілекші болып отырамын. Ақынның мұңы, сыры, қоңыр үні бү­кіл қазақ даласын Сарыарқаның са­малындай, жаңбырындай, ақбө­ке­нін­дей кезіп жүр. Оның әуенді, ой­лы, философиялық, бүгінгі қазақ­тың мұңын мұңдаған жырларын біз қашан да сүйіп оқимыз. Есіл-Көкше өңірінде осындай ұлы өнердің үні естіле берсін, – деді Жабал Ер­ғалиев.

Ғалым Жайлыбаймен кездесуді жыр сүйер қауым да көптен күткен екен, өздерінің сұрақтарын қойып, қошеметін аямады. Оқырман са­уал­дарының көбі қанды қасап ға­сырдың қасіретін, қазақтың азалы үнін әлемге естірткен белгілі “Қара орамал” мен өзге де поэмалары ту­ралы болды. Ақынның Қызылжар, өңіріміздің белгілі тұлғалары тура­лы өлеңін оқуын сұрап өтініш біл­діргендер де табылып жатты. Ға­лым Жайлыбай бұл сұрақтардың бәріне бұрынғы қаламгерлердің сал­тымен арнайы мақала арнап, жауап беретінін жеткізді. Қалам тарт­са өңі­ріміз туралы тың туын­дылар туын­дауы мүмкін екенін де жасырмады.

Шара соңында белгілі руханият жанашыры, кәсіпкер Жомарт Ома­ров ақынның иығына шапан жауып, ат мінгізді.

Жыр сүйер қауымның ықыла­сына риза болған ақын:

– Қадірлі қызылжарлықтар, мен осындағы әрбіріңізді жақсы көремін. Мағжан Жұмабаевтың мерейтойы аясында сіздермен қауышып отыр­ғаныма қуаныштымын. Руханияты­мыз жүдемес үшін адамдардың кітап оқып, жырға сусындағандары дұрыс. Өздеріңіздей тілдің, өлеңнің жанашырлары барда қазақтың шы­рағы ешқашан өшпек емес, – деп ағынан жарылды.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp