«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢАШЫЛ МҰҒАЛІМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұстаздардың бала тәрбиесіндегі рөлі өлшеусіз. Ұстаз білгенін шәкірттерінің бойына сіңіруге асығады. Заман та­лабына сай өз білімін жетілдіріп отыруды да мақсат тұтады. Ұс­таздар білім беру­мен ғана шектелмей, сонымен қа­тар шәкіртте­рінің дені сау, ақыл-ойы толысқан, ізгі ниетті, мәдениетті де әдепті, дүниетанымы жоғары тұл­ға ретінде қалыптасуы үшін ізденіс­пен еңбек етеді. Бүгінгі күннің тала­бына сай шәкірт тәрбиелеп, оларға өнеге болуды көздеп жүрген асыл жандардың бірі – Әлия Сапарбе­кова.

Есіл аудандағы Бірлік ауылының тумасы ұстаздық жолға түсу үшін мектеп бітіре облыс орталығына кел­ген екен. Бұл таңдауына анасының ықпалы болғаны анық. Математика пәнінен сабақ берген анасы Күлзия Қабдулақызын шәкірттері әлі күнге дейін қадір тұтады. “Анамның оқу­шылар алдындағы беделін, сөйле­ген сөзін, өзін-өзі ұстау әдебін көріп өскен мен оған ұқсауды армандадым. Сондықтан ұстаздық жолдан басқаны таңдауым мүмкін емес еді”, – дейді ол.

Әлия Тұрлыбекқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ма­мандығы бойынша колледжде білім алып, кейін жергілікті университетте оқуын жалғастырған. Еңбек жолын Петропавл қаласындағы №13 орта мектепте бастап, биыл он бірінші жыл сонда еңбек етіп келеді. Инклю­зивті білім беру элементтері бар бұл мектепте он екі мүшесі сау балалар­мен қатар, мүмкіндігі шектеулі оқу­шылар да оқиды. Сондықтан ұстаздардан да ерекше қамқорлық талап етіледі.

Әлия Тұрлыбекқызы бала күні­нен ізденімпаз. Өмірде жеткен же­тістіктерін ата-анасы берген тәрбие­ден деп біледі. Әкесінің “адал қыз­мет ет”, “еңбекқорлық пен тәртіпке берік бол”, “Отанды, қоғамды сүй” де­ген өсиеттері оның өмірлік ұстаны­мы болып қалыптасты. Ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, шәкірттерінің “тарыдай болып кіріп, тау­дай болып шығуы” үшін уақытпен санаспай ең­бек етуде.

“Белгілі қазақстандық психолог М.Мұханов “Білім дегеніміз – тиісті объектілер тура­лы ал­ған хабар. Ол адамның басында қалып­та­сып, сақ­талып отырады”, – деген екен. Шә­кірттерді білімді ету үшін алдымен өзің заман талабына сай қалыпта­суың керек. Ұстазы жақсының ғана – ұстанымы жақсы”, – дейді ол.

Әлия Сапарбекованың қатыс­қан семинарлары, конференцияла­ры, байқаулары жетерлік. Барлығын тізбектемей, соңғы екі жетістігіне тоқ­талсақ, 2021 жылы “Қазақстан Рес­публикасы үздік педагогтарының ұлт­тық сыйлығының” I дәрежелі дип­ломымен және 2022 жылы “Қазақ­станның 100 жаңа есімі” байқауында ІІІ дәрежелі дипломмен марапат­талған.

Әлия Тұрлыбекқызының еліміз­дегі таңдаулы 100 жаңа есімнің қата­рынан көрінуі –үлкен еңбектің нәти­жесі, замандастарының алды болу­ға деген талпынысы. “Әрбір адам­ның өзінің алдына қойған мақсатта­ры болады, соған жету үшін не істеу керек деген сұрақ туындайды, менің ойымша, ең басты қасиеттер – еңбек­қорлық пен тәртіп. Олар қатар жүрсе, ісіңіз алға басады, діттеге­ніңіз ойыңызға жетесіз”, – дейді ол.

Ұстаздық жол оңай емес. Жұ­мыс­тан бөлек, өз отбасыңның да ұйытқысы болуың керек. Әлия Тұр­лыбекқызы аналық міндетке де үл­кен жауапкершілікпен қарайды. Үш баланың анасы. “Әйелдік, адамдық қасиеттер бойына дарыған жанға үйдің де, түздің де жұмысы ауыртпа­лық етпейді. “Әйелдің қырық жаны бар” дегендей көтеріңкі көңілмен өмір сүруге тырысамын. Өмірдегі ұс­танымдарың қасыңдағы жақында­рыңа зиянын тигізбеуі керек. Әр іс-әрекетіңді жоспармен атқарсаң, еш ауыртпалықты сезбейсің”, – дейді Әлия Тұрлыбекқызы.

Бүгінде ғылым мен техника да­мып, жаңашылдыққа бейім қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Демек, сол за­манға сай ұрпақ тәрбиелеу – ұстаз­дарға міндет. “Тәлім-тәрбие мен оқыту ісінің нәтижесі іс-әрекеттерден гөрі мұғалімдерге көбірек тәуел­ді”, – деген Ыбырай Алтынсариннің көрегендікпен айтқан пікірі бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. Бұл да­налықты есінен шығармайтын Әлия Сапарбекованың бала тәрбие­сіндегі еңбегінің жемісін көрер сәттері әлі алда.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp