Ұстаздардың бала тәрбиесіндегі рөлі өлшеусіз. Ұстаз білгенін шәкірттерінің бойына сіңіруге асығады. Заман талабына сай өз білімін жетілдіріп отыруды да мақсат тұтады. Ұстаздар білім берумен ғана шектелмей, сонымен қатар шәкірттерінің дені сау, ақыл-ойы толысқан, ізгі ниетті, мәдениетті де әдепті, дүниетанымы жоғары тұлға ретінде қалыптасуы үшін ізденіспен еңбек етеді. Бүгінгі күннің талабына сай шәкірт тәрбиелеп, оларға өнеге болуды көздеп жүрген асыл жандардың бірі – Әлия Сапарбекова.
Есіл аудандағы Бірлік ауылының тумасы ұстаздық жолға түсу үшін мектеп бітіре облыс орталығына келген екен. Бұл таңдауына анасының ықпалы болғаны анық. Математика пәнінен сабақ берген анасы Күлзия Қабдулақызын шәкірттері әлі күнге дейін қадір тұтады. “Анамның оқушылар алдындағы беделін, сөйлеген сөзін, өзін-өзі ұстау әдебін көріп өскен мен оған ұқсауды армандадым. Сондықтан ұстаздық жолдан басқаны таңдауым мүмкін емес еді”, – дейді ол.
Әлия Тұрлыбекқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша колледжде білім алып, кейін жергілікті университетте оқуын жалғастырған. Еңбек жолын Петропавл қаласындағы №13 орта мектепте бастап, биыл он бірінші жыл сонда еңбек етіп келеді. Инклюзивті білім беру элементтері бар бұл мектепте он екі мүшесі сау балалармен қатар, мүмкіндігі шектеулі оқушылар да оқиды. Сондықтан ұстаздардан да ерекше қамқорлық талап етіледі.
Әлия Тұрлыбекқызы бала күнінен ізденімпаз. Өмірде жеткен жетістіктерін ата-анасы берген тәрбиеден деп біледі. Әкесінің “адал қызмет ет”, “еңбекқорлық пен тәртіпке берік бол”, “Отанды, қоғамды сүй” деген өсиеттері оның өмірлік ұстанымы болып қалыптасты. Ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, шәкірттерінің “тарыдай болып кіріп, таудай болып шығуы” үшін уақытпен санаспай еңбек етуде.
“Белгілі қазақстандық психолог М.Мұханов “Білім дегеніміз – тиісті объектілер туралы алған хабар. Ол адамның басында қалыптасып, сақталып отырады”, – деген екен. Шәкірттерді білімді ету үшін алдымен өзің заман талабына сай қалыптасуың керек. Ұстазы жақсының ғана – ұстанымы жақсы”, – дейді ол.
Әлия Сапарбекованың қатысқан семинарлары, конференциялары, байқаулары жетерлік. Барлығын тізбектемей, соңғы екі жетістігіне тоқталсақ, 2021 жылы “Қазақстан Республикасы үздік педагогтарының ұлттық сыйлығының” I дәрежелі дипломымен және 2022 жылы “Қазақстанның 100 жаңа есімі” байқауында ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталған.
Әлия Тұрлыбекқызының еліміздегі таңдаулы 100 жаңа есімнің қатарынан көрінуі –үлкен еңбектің нәтижесі, замандастарының алды болуға деген талпынысы. “Әрбір адамның өзінің алдына қойған мақсаттары болады, соған жету үшін не істеу керек деген сұрақ туындайды, менің ойымша, ең басты қасиеттер – еңбекқорлық пен тәртіп. Олар қатар жүрсе, ісіңіз алға басады, діттегеніңіз ойыңызға жетесіз”, – дейді ол.
Ұстаздық жол оңай емес. Жұмыстан бөлек, өз отбасыңның да ұйытқысы болуың керек. Әлия Тұрлыбекқызы аналық міндетке де үлкен жауапкершілікпен қарайды. Үш баланың анасы. “Әйелдік, адамдық қасиеттер бойына дарыған жанға үйдің де, түздің де жұмысы ауыртпалық етпейді. “Әйелдің қырық жаны бар” дегендей көтеріңкі көңілмен өмір сүруге тырысамын. Өмірдегі ұстанымдарың қасыңдағы жақындарыңа зиянын тигізбеуі керек. Әр іс-әрекетіңді жоспармен атқарсаң, еш ауыртпалықты сезбейсің”, – дейді Әлия Тұрлыбекқызы.
Бүгінде ғылым мен техника дамып, жаңашылдыққа бейім қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Демек, сол заманға сай ұрпақ тәрбиелеу – ұстаздарға міндет. “Тәлім-тәрбие мен оқыту ісінің нәтижесі іс-әрекеттерден гөрі мұғалімдерге көбірек тәуелді”, – деген Ыбырай Алтынсариннің көрегендікпен айтқан пікірі бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. Бұл даналықты есінен шығармайтын Әлия Сапарбекованың бала тәрбиесіндегі еңбегінің жемісін көрер сәттері әлі алда.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.