«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жол ақысының жартысын ғана төлейді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда 1 наурыздан бастап 15 пен 18 жастағы жас­өспірімдер қалаішілік қоғамдық көліктерде 50 пайыздық жеңілдікпен жүретін болды. Ол үшін баланың қолында жа­сын растайтын құжаты болса жет­кілікті.

Петропавл қалалық әкімдігі бас­пасөз қызметінің мәліметінше, облыс орталығында мұндай жеңілдік бұрыннан бар, бірақ ол 7 мен 15 жастағы мектеп оқушылары үшін ғана қолданылып келген. Облыс орталы­ғында бұл жастағы балалардың саны 22 мыңнан асады. Енді олардың қатарына 15 пен 18 жастағы 3 мыңнан астам өрен қосылып отыр.

“Қалаішілік автобустарда 50 пайыз жеңілдікпен жүру үшін бала өзімен бірге жасын растайтын құ­жатты алып жүруі тиіс немесе жол картасын сатып алуына болады. Жол картасын Петропавлдағы Жам­был Жабаев көшесі, 174 үй, 1 қабат, № 9 кабинеттен немесе Нұрсұлтан Назарбаев көшесі, 246 үйде орна­ласқан “Караван” дүкенінен алуға болады. Нәтижесінде жолақы үшін қолма-қол ақша төлесе – 65 теңге береді, ал егер жол картасымен есеп айырысса, онда жолақысы 40 теңге болмақ”, – дейді қала әкімінің баспа­сөз хатшысы Эльмира Сәдуақасова.

Петропавлда бұдан басқа 12 санатқа жататын азаматтар қалалық қоғамдық көлікте тегін жүре алады. Олар: бірінші және екінші топтағы мү­гедектер, 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар, барлық топтағы 16 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек­тігі бар балалар, 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбие­леп отырған ата-аналар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілгендер, басқа мемлекет­тер аумағында орын алған ұрыс қи­мылдарының ардагерлері, “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерлері тағы басқалар.

“Петропавлда қоғамдық көлікте тегін жүруге құқы бар 9,5 мыңнан ас­там адам бар. Бірақ солардың тек 4,5 мыңы ғана өтініш беріп, жол карта­сын алды”, – дейді Эльмира Сәдуақасова.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp