«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Браво, Варвара!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ресей Федерациясының Кемерово қаласында өткен қысқы спорт түрлерінен ІІ “Азия балалары” ойындары өз мәресіне жетті. Аталған жарыста еліміздің намысын қорғаған петропавлдық конькиші Варвара Глухова алтыннан алқа тағынды.

Варвара Глухова конькимен жүгі­ру спортымен 10 жылдан бері айна­лысып келеді. Бұған дейін де түрлі жа­рыстарда облыстың намысын қор­ғаған бойжеткен спорт шеберіне үміткерлердің қатарында. Кемеро­вода өткен Азия чемпионатына ол 4 айға жуық дайындалыпты. Жатты­ғудың басым бөлігі Астана қаласын­да өткен. Дүбірлі додада Варвара 3 мың метрлік қашықтықты 4 ми­нут 58 секундта жүгіріп өтіп, жеңімпаз атанды.

– Жалпы, Қазақстаннан жарысқа 10 спортшы бардық. Алғашында топ­тық жүгіру болды. Ол жерде тек бе­сін­ші орыннан көріндік. Сол кезде аз­дап көңіл күйім түскені рас. Алайда жеке жүгіруге келгенде жақсы нәтиже көрсетіп, алтынды жеңіп алдым. Қуа­нышымда шек болмады. Жаттықты­рушымды құшақтап, жылап жібер­дім. Кейін анама хабарласып қуаны­шыммен бөлістім, – дейді Варвара Глухова.

Жалпы, байрақты бәсекеде елі­мізден бөлек Ресей, Тәжікстан, Өз­бекстан, Армения сынды мемлекет­терден 14-15 жас аралығындағы жас спортшылар бақ сынады. Варвара Глухованың жаттықтырушысы Ольга Ихтендристің сөзінше, қарсыластар жақсы дайындықпен келген.

– Варвараны жаттықтырып жүрге­ні­ме 3-4 жыл болды. Әрине, конь­кимен жүгіруді таңдаған баланың де­несі шымыр, іс-қимылы шапшаң бо­луы тиіс. Дегенмен ең алдымен конь­кидің өзін мұзда сырғаната білу қа­жет. Бұл әдісті Варвара өте жақсы меңгерген. Оның болашақта бағын­дырар асулары көп боларына сене­мін, – дейді жаттықтырушы Ольга Ихтендрис.

Конькимен жүгіруден бақ сына­ған 14 жастағы жерлесіміздің бұл алғашқы халықаралық додасы. Ол 2024-ші жылы Корея елінде өтетін жастар олимпиадасы ойындарына қа­тысады.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp