«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОС ҒАСЫРДЫҢ КУӘСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров Петропавл қаласының 101 жастағы тұрғыны Валентина Волкодавтың үйіне барып, еңбек ардагерін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

Өңірімізде көзі тірі санаулы ғана майдангер қалса, солардың бірі – 19 жасында соғысқа аттанған Валентина Волкодав. Ол замандастары қатарлы қолына қару алып, миллиондаған адамның арманына айналған Жеңісті жақындатуға үлес қосты. Сұрапыл соғыстың ортасында жүріп, от пен оқтан аман қалды. 9 мамырды Берлин қаласында қарсы алған әйел туған елге тек 1945 жылдың күзінде ғана оралған. Майдангер қатарластарымен бірге еңбекке араласты, соғыстан тұралап қалған елдің жағдайын жақсартуға күш салды.

Өмір жолы бір дастанға жетерлік әжейді мерекемен өңір басшысы Айдарбек Сапаров арнайы үйіне барып құттықтады. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

“Соғыс ардагері Валентина Архиповна – қос ғасырдың куәгері. Белорусь, Украина майдандарында жол, көпір салатын бөлімшелерде қызмет атқарды. Мұндай әскери отрядтар жауынгерлердің жау шебіне қарай өтуіне жағдай жасады. Ол Еділден Берлинге дейін жетті. “Варшаваны азат еткені”, “Берлинді алғаны үшін” және “Белоруссияны азат еткені үшін” медальдарымен, Сондай-ақ ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталған.

Соғыстан кейін Целиноград қаласында керамика зауытында есепші болып еңбек етті. Ардагер Петропавлда 30 жылға жуық уақыт тұрып жатыр. Валентина Архиповнаға мықты денсаулық, отбасы амандығын тіледім”, – деп жазды Айдарбек Сапаров.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp