«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІР ТӘЖІРИБЕСІ – ӨЗГЕЛЕРГЕ ҮЛГІ

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Республикалық бюджет комиссиясы Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын жеңілдікпен қаржыландыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін таратуға 100 млрд. теңге бөлуді мақұлдады. Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте аталған қаражатты тауарлы-сүт фермаларын салу жобаларын қаржыландыруға жұмсау ұсынылды.

Облыс тәжірибесі негізінде елімізде озық жобаларды іске асыру жоспарланған, ондағы басты мақсат – ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету және ауылдарда тұрақты жұмыс орындарын құру. Жеңілдетілген қаржыландыру тетігінің арқасында соңғы екі жыл ішінде Қызылжар өңірінде 21 тауарлы-сүт фермасы салынды. Нәтижесінде бүгінде жылына шамамен 648 мың тонна сүт немесе ел бойынша оннан бір бөлігі өндіріледі.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрмановтың айтуынша, республикалық бюджет комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша бағдарламаны орындауға бөлінетін 100 млрд. теңге бюджеттік несие тауарлы-сүт фермаларын (400 бастан бастап), көкөніс сақтау қоймаларын (1000 тоннадан бастап), ет бағытындағы құс фабрикаларын (5 мың тоннадан бастап) тұрғызуға, сондай-ақ балық өсіруге бағытталады.

Бағдарламаны нормативтік жағынан қамтамасыз ету үшін несиелеу тәртібі мен шарттары әзірленіп, сенім білдірілген өкіл (агент) арқылы 10 жылға дейінгі несие 2,5 пайызбен ең жоғары сома 5 млрд. теңгеге дейін және негізгі борыш бойынша 24 айға кезең-кезеңмен берілетін болады.

“Өңір әкімдіктері жалпы сомасы 415,7 млрд. теңгеге жобалар ұсынып, бюджетпен 100 млрд. теңге бөлу мақұлданды. Биылғы жылы өнеркәсіптік тауарлы-сүт фермаларын салуға бөлінген қаражатты молайтуды қарастырып отырмыз”, – деді Рүстем Құрманов.

Кеңес отырысында Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп іске асыруға неғұрлым дайын және белгілі бір инфрақұрылымы бар жобалар пұлын тағы бір рет қайта қарауды тапсырды.

Солтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Сансызбаевпен хабарласқанымызда, облыс шаруалары тың жобаларды іске асыруға тас-түйін дайын екенін жеткізді.

Үкімет бекіткен, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуды діттейтін облысты дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары 4 бағыттан 87 іс-шарадан тұрады. 64 инвестициялық жоба аясында 52 тауарлы-сүт фермасы, 3 бордақылау алаңы, 2 құс фабрикасы, құрамажем зауыты, жылыжай кешені, тағы басқа нысандар бой көтереді деп жоспарланған.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp