«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Адам өміріне қауіпті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірде былтыр улы хими­кат­тар қоймаларына 11 тексе­ру жүргізіліп, тиісті талапты бұзғандарға жалпы сомасы 2 млн. теңгеге жуық айып­пұл са­лынды. Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық ба­қылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Санитар дәрігерлердің айтуынша, былтыр пестицидтер мен минералды тыңайтқыштарды уақытша сақтауға арналған 38 қойма мемлекеттік санитарлық қадағалау органдарының бақылауында болды. Адамдардың улануына жол бермеу мақсатында улы химикаттар қоймаларына тексеру жүргізілді.

“Бұдан басқа 4 нұсқама дайындалды, оның 3-і мерзімінде орындалды. Ұйғарымды орындамағаны үшін бір жауапкершілігі шектеулі се­ріктестікке айыппұл салынды, сот ше­шімімен заңды тұлға 200 ай­лық есептік көрсеткіш, яғни 612 мың теңге мөлшерінде әкімшілік жауап­кершілік­ке тартылды”, – дейді де­партамент­тің өнеркәсіптік, радиа­ция­лық қауіпті нысандарды ба­­қы­лау және қадаға­лау бөлімінің бас ма­маны Галина Стацюк.

Маманның айтуынша, улы хими­кат­тар қолданы­луына қарай бірнеше түрге бөлі­неді. Мәселен, гер­би­цид­тер зиянды өсімдіктерді жоюға ар­налған, инсектицидтердің көмегімен адам тіршілігіне қауіпті жәндіктерді құртуға болады, фунгицидтер саңырауқұлақ инфекцияларымен кү­реседі, зооцидтер кеміргіштерді жоя­ды, афицидтер бітелерге қарсы қол­данылады.

“Облыста былтыр ел аумағында рұқсат етілген 300-ден астам атаудағы улы химикаттар қолданылды. Көктемгі дала жұмыстарының бас­та­луына аз уақыт қалды. Маусым­дық өңдеу жүргізу кезінде улануды бол­дырмау үшін санитарлық-гигиеналық нормаларды, қауіпсіздік ережелерін сақтаған жөн. Улы химикаттар пайда­ланылатын жұмыстарға 18 жасқа толған, медицина­лық тексеруден өт­кен және рұқсат берілген адамдар жі­беріледі. Емі­зетін және жүкті әйелдерді, жасөс­пірімдерді және жазыл­майтын жара­лары бар адамдарды жұмысқа тар­туға тыйым салынады”, – дейді Галина Стацюк.

Шаруашылық басшылары жұмыс істейтіндердің барлығын арнайы киіммен, аяқ киіммен, қолғаппен, респиратормен, қорғаныш көзілдірікпен қамтамасыз етуі тиіс. Әр қызметкерге жеке қорғаныс құралдарының жиынтығы беріледі, оларды қайта-қайта залалсыздандырып отыру керек, әйтпесе қолдың, бет­тің, дененің, көздің шырышты қабы­ғының және тыныс алу жолдары ластануы мүмкін.

Мамандар жұмыс орнында ал­ғашқы көмек көрсету үшін улы хими­­каттармен уланған жағдайларда қа­жетті көмек көрсету құралда­ры­ның жиынтығы бар дәрі қобдиша­сы бо­луы қажеттігін жеткізді. Улы хими­кат­тар­мен бірге адамдарды, сон­дай-ақ та­мақ және жем өнімде­рін тасымал­дауға үзілді-кесілді тыйым салына­ды. Күнделікті өмірде улы химикат­тарды қатаң түрде нұсқау­ларға сәй­кес қол­дану керек, белгілі бір ере­желерді сақ­тай отырып, ба­лалар мен үй жануар­ларының қолы жет­пейтін жерлерде сақтау маңызды.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp