Үкіметтің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысына сәйкес наурыздың екінші сенбісі жерге орналастыру, геодезия және картография күні ретінде бекітіліп, кәсіби мерекелер күнтізбесіне енгізілді. Биыл бұл мейрам 11 наурызға тұспа-тұс келіп отыр.
Еліміздің экономикалық дамуының барлық кезеңдерінде жерге орналастыру аса маңызды орын алады. 1969 жылы “Целингипрозем” мемлекеттік жобалау институтының Солтүстік Қазақстан филиалы құрылған болатын. Тәуелсіздігімізден кейін жер қатынастарын түбегейлі өзгерту реформасы жүргізіліп, Министрлер кабинетінің 1994 жылғы қаулысымен “Ақмолагипрозем” және “Қазгипрозем” жер ресурстары мен жерге орналастырудың мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығы бой көтерді. 1997 жылы оның базасында Солтүстік Қазақстан еншілес мемлекеттік кәсіпорны ашылды. Содан бері жерді ұтымды пайдалануға, қорғауға бағытталған кешенді іс-шаралар жүйесі қалыптасты.
Геодезистер мен картографтар республикадағы жердің табиғи және шаруашылық жағдайы, жер учаскелерінің орналасқан жері, мөлшері мен шекаралары, олардың сапалық сипаттамасы, есепке алу, өзге де қажетті мәліметтерді қамти отырып, жер учаскелері және жердің ресурстық әлеуеті туралы ақпараттар жинақтайды, жер ресурстарын тиімді жоспарлау мен басқаруды ұйымдастыруға ықпал етеді. Топырақ және геоботаникалық зерттеулерді, топырақ бонитетін айқындауды, паспорттауды, топырақ материалдарын жаңартуды, мемлекеттік жер кадастры мәліметтерін беруді және басқа да жұмыс түрлерін орындайды. Мемлекеттік жер кадастрының дерекқорын енгізу, сүйемелдеу, жинау, жүйелеу және жүргізу мақсатымен мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің республикалық орталығы жұмыс істейді. Бұл құрылым меншіктің барлық нысанындағы жер учаскелерін мемлекеттік кадастрлық есепке алуды қамтамасыз етеді, кадастрлық есепке алу объектілері туралы деректер базасын, яғни жердің бірыңғай мемлекеттік тізілімін құрады, басқа ақпараттық жүйелермен және мемлекеттік деректер базаларымен электронды түрде мәліметтер алмасады, мүдделі мемлекеттік органдарға, мекемелерге және халыққа кадастр ақпараттарын ұсынып, сәйкестендіру құжаттарын басып шығарады.
“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” коммерциялық емес акционерлік қоғамын (КЕАҚ) құру туралы 2016 жылғы 29 қаңтарда Үкімет шешім қабылдап, халыққа бір орталықтан қызмет көрсету құқығын иеленді. Өңірде орналасқан филиал жер учаскелерінің, желілік объектілердің және жылжымайтын мүлік нысандарының барлық түрлерінің, магистральдық құбырлардың, инженерлік желілердің, автомобиль жолдары мен темір жолдардың жерге орналастыру жобаларын, бұзылған жерлерді рекультивациялау жобаларын, шаруашылықішілік жерге орналастыру жобаларын әзірлеп, бекітеді, жер учаскелерінің шекараларын белгілейді, меншік иелері мен жер пайдаланушыларының кондоминиум үлесін есептеп, жер учаскелерін түгендейді, сапалық жай-күйі туралы мәліметтер береді, топырақ және геоботаникалық ізденістер жүргізеді, ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптардың топырақ бонитетін айқындайды, зертханаларда топырақ үлгілеріне химиялық талдау, топографиялық түсірілім жасайды, кадастрлық (бағалау) құнын айқындайды, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне паспорттар дайындайды.
Мемлекеттік жер кадастры автоматтандырылған ақпараттық жүйесі технологиялық озық әдістермен жарақтандырылған күрделі сала саналады. Оның қызметіне мыналар кіреді: жер ресурстарын басқару процестері туралы толық ақпарат, басқарудың барлық деңгейлері бойынша уақыттың ең аз шығыны, жерді пайдалану жүйесіне басқарушылық әсердің барынша тиімділігі, жүйеде болып жатқан барлық өзгерістерді уақтылы анықтау және есепке алу, мемлекет бөлетін қаражатты тиімді пайдалану. Жер ресурстарын басқарудың барлық саласына заманауи жоғары өнімді компьютерлік технологияларды пайдалана отырып, жер кадастрын жүргізудің түбегейлі жаңа тәсілдері мен нысандарына көшіру бүгінгі күннің басты талаптарының бірі болып табылады.
Былтыр жер кадастры желісі бойынша 16407 мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде: жер учаскелеріне актілер дайындау және беру – 9634, жер учаскесінің кадастрлық құнын айқындау – 1084, жобаланатын жер учаскесін графикалық деректермен келісу – 5689. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 1 млн. 450 мың гектар алқапта топырақ материалдарын жаңарту жоспарланған. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптардың бонитетін айқындау бойынша 2 млн. 539,4 мың гектар алаңда жұмыстар орындалды. Топырақ және геоботаникалық ізденістердің қорытындысы бойынша электрондық цифрлық карталар жасалып, сайтқа жүктелді. Филиалдың зертханасы МЕМСТ ISO 17025-2019 (халықаралық стандарт) талаптарына сәйкес аккредиттелген. Аккредиттеу саласына топырақтың зертханалық зерттеулері, құрамындағы су, топырақ карбонаттарының көмірқышқыл газы, азоттың, фосфордың, калий мен күкірттің алмасу формалары, жер асты сулары кіреді.
Данияр БЕКЕНОВ,
“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕАҚ облыстық филиалы директорының орынбасары.