Футболдан ел біріншілігінің екінші туры аясында “Qyzyljar” клубы Түркістан облысының “Мақтарал” командасымен кездесті. Қызылжарда қардың көбесі әлі сөгіле қойған жоқ, стадион дайын емес, сондықтан матчтар сырт алаңда өтуде.
Алғашқы турда жерлестеріміз қызылордалық “Қайсарды” 1:0 есебімен жеңсе, бұл жолы “Мақтаралға” қарсы ойында дәл сондай нәтиже тіркелді. Кездеудің бірінші минуттарынан бастап солтүстікқазақстандық аяқдопшылар шабуылға көшті. Бірде жойқын соққылар қақпадан қиыс кетсе, енді бірде қарсылас команданың қорғаушылары тосқауыл қойып жатты. Дегенмен көп ұзамай есеп ашылды. Голдың авторы “Qyzyljar” командасының шабуылшысы Максим Чиканчи.
Ойынның екінші бөлігінде қонақтар таразы басын теңестіруге тырысты. Алайда шабуылдары нәтиже бермеді. Матчтың аяқталуына санаулы минуттар қалғанда жерлестеріміз есепті еселеуге мүмкіндік алған. Бірақ ықтимал сәтте мүлт кетті. Екі турдан кейін солтүстікқазақстандық ұжым турнир кестесінде 5-ші орынға көтерілді. Көш басында Шымкенттің “Ордабасы” командасы келеді.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.