Кітап, газет-журнал “кеміру” маған бала кезден жабысқан әдет. Зейнет демалысына шыққан соң құмарлығым тіпті үдей түскендей. Облысымыздағы жалғыз қазақ тілді басылым – “Soltüstık Qazaqstan” газетінің әр санын жібермей оқимын. Пошта қызметі баяу болған соң редакцияға өз аяғыммен барып алғанды жөн көремін. Бір жолы газеттің бес данасын бірақ алып қайттым. Әдетте үйге бара жатқан жолдағы – Погодин театрының маңындағы орындықтардың біріне отыра қалып, қолымдағы газетке көз жүгіртіп шығамын. Бір санында Жарасбай Сүлейменовтің “Жынды Жанатай” деген әңгімесіне көзім түсті. Әдетте адамды шығарманың тақырыбы тартады ғой, қызығып кеттім. Айналамдағы у-шуды ұмытып, бір демде оқып шықтым. Дәл ме дәл, артық сөзі жоқ, тамаша жазылыпты.
Міне осы әңгімеден кейін қолыма қалам алып, өзімнің туып-өскен ауылым – Алқа туралы жазуды жөн көрдім. Есіл ауданына қарасты менің ауылымның тағдыры қазір мүшкіл халде. Кезіндегі алпыс үйлі Алқадан төрт-ақ түтін қалды десем ешкім сене қоймас. Ойласам көкірегіме ащы өксік келеді. Жәкеңнің әңгімесіндегі амалсыздан “патриот” болған Жанатайлар әр ауылда бар. Сырт көзге ауылды сақтап қалу үшін отырған сияқты көрінер. Алайда олардың көшуге жағдайы жоқтығын былайғы жұрт қайдан білсін? Үкімет ендігі жерде сол азаматтарға қол ұшын беріп, бос жатқан жерлерде шаруашылық жүргізуіне көмектесуі керек.
Биыл жетпістің алтауына шықтым. Ойлағаным, қара басымның қамы емес, болашақ ұрпақ, кір жуып кіндік кескен қасиетті топырақтың жайы. Балалығымның бал дәурені өткен, базары шалқыған, талай қызық-думан өткен Алқаның ажарлы көркін сағынып, кейде емірене еске алатын кездерім де жоқ емес. Атымды басқа біреу тартып мініп, жаяу қалғандай күй кешемін. Бұл сезім мен сияқты талай пенденің басынан өтіп жатқан шығар…
Орда бұзар отызға келгенше туған ауылымда тіршілік еттім. Кезінде Алқа, Орталық, Жаңалық сынды сегіз ауыл бір кеңшарға қарайтын. Тұрғындары өте еңбекқор еді. 1970 жылға дейін 28 мың гектар жерге егін егіп, мемлекетке мол астық өткізіп тұрды. Сарыкөл, Иверск, Жаңалық сынды үш ауылда сауын сиыр ұстаса, Штыровкада қой бағатын. Ал Алқа – мал бордақылайтын орталық болды. Ол кезде ірі қараның тірідей салмағы 4 центнерден кем болмауы керек деген талап бар. Соған қарап бақташылардың жұмысын бағалай беріңіз. Адамдар адал еді ғой, еңбек әділ бағаланып, ешкімнің ақысы желінбейтін. Жұмысына қарай еңбекақысын да уақытында алатын. Соншама малды бағу да оңай емес. Кеңшардың 600-700 бас жылқысын қыста Алқаның орманды алқабына тебінге жіберетін. Елді мекенді айналдыра өскен қалың орман боранда әжептәуір ық. Орманның ішінде еліктер жүйткіп жүретін. Кейбірі ауылдың түбіне дейін келетін.
Орталық ауылында халық театры болғанын айтып бұл күнде көзіне жас алатындар бар. Ауылдың малшылары мен механизаторлары өнер көрсетіп, ән мен жыр, ойын-сауық бір тоқтамайтын. Жаңалық ауылы жайлы да есте қалар жылы естеліктер мол. Өңір жұртына аты әйгілі Есім Шайкиннің тұсында ауылға жол салынып, телефон сымы тартылып, радио желісі істеп тұрды. Мемлекеттің көмегімен құрастырмалы жаңа 40 үй салынып, бір көше болып бой түзеді. Тораңғұлдан Жаңалық пен Алқаға, Жаңалықтан Орталыққа дейін жалғасқан жол тозғанымен әлі күнге дейін бар.
Әрбір ауылда тас монша болатын. Жұрт демалыс күндері кезекпен келіп жуынатын. Моншаның қасында арнайы электрлі мотормен жұмыс істейтін 25-30 метр терең қазылған құдық болды. Одан шыққан таза су бүкіл ауыл тұрғындарына емін-еркін жетіп жатты. Алқалықтар 60 жылдардың өзінде таза ауызсудың игілігін көрді. Үш-төрт үй сайын бір құдықтан болатын. Небары 4-5 метр қазсаң, тіршілік көзі шығатын. Бірақ ол ішуге жарамсыз еді, таңдайға сортаң дәмі білініп тұратын. Кейбір ауылдарға су құбыры 80 жылдары тартылды.
Алқадағы алпыс үйдің төрт түлігі өріске екі бағытта өретін. Ұрлық-қарлық атымен жоқ, барлық қой шарбақ қоршауда жата береді. Мал өрісі қазірде де тарыла қойған жоқ. Өйткені Алқаның кейбір жері сортаң болғандықтан егін егілмейді. Төрт түлікті қорадан шығарып, ауыл шетіне ұзатып салсаң болды. Бір аңыздарда кезінде Асан қайғы бабамыз желмаясымен жүйткіп жүріп, Алқа алқабына да көз тоқтатқан екен-міс. Сонда “Жүзден асар, мыңға жетпес” деп баға беріпті. Соған қарағанда бұл жер егінге қолайсыздау, ал малға жайлы, құтты қоныс екенін аңғартқан сияқты. Жаңалық, Орталық және Алқаның ортасында Жылымды, Балықты көлдері бар. Сулары арасындағы өзектер арқылы бір-біріне жалғасады. Онда балық та, құс та көп. Балықты көлі үлкен, шамамен 1600 гектардай. Міне осы көлдің айналасында төрт түлік еркін жайылады. Балықты 1941-1945 жылдардағы соғыста тылға келген зауыт жұмысшыларын балығымен асырады. Осы көлдің балығын аулап, Қызылжарға күнделікті көлікпен тасып отырған екен.
Кезінде ауылда бастауыш мектеп болды. Одан кейін әуелі Жаңалықта қазақша немесе Ойтеректегі сегіз жылдық мектепте (Иверскте) орысша оқуға тура келетін. Қазір Алқадағы сол мектептің қалқайып қабырғасы ғана қалған.
Ауылға барып, о дүниелік болған жақындарымызға Құран бағыштаймыз. Кезіндегі алаулап-жалаулап тұрған, берекелі ауылдың бүгінде жермен жексен болғаны ет-жүректі езіп, көңілге кірбің келтіреді. Ағайындар өткен-кеткенді еске түсіріп, әңгіме қылады. Бәрінің арманы – Алқаны қайта түлету. Бертінгі кезде Алқа сияқты ауылдардың “болашағы жоқ елді мекендер” қатарына кіруі қайтадан көшіп барам дегендердің көңілін су сепкендей басқаны рас.
Ауылдан екі шақырым жердегі Тілеуғабыл қыстауы бертінге дейін мал фермасы болған еді. Кезінде 5000 қой, ірі қара өсірілген. Қалың орманды, сулы жер. Одан оңға қарай жүрсеңіз “Қамила туған” деген шоқ ағаш бар. Қамила деген кісі сонда бір ерекше жағдайда өмірге келген болуы мүмкін. Ауылдан оңтүстікке қарай “Тышқан” деп аталатын орман жатыр, әрі қарай Жанбатыр қыстауына жалғасады. “Жанбатыр деген кісі ат үстінен түспейтін, ауылын қоршаған орманнан рұқсатсыз күрекке сап та алғызбаушы еді”, – деп үлкендер еске алатын. Сол орманды өздерімен о дүниеге алып кеткен жоқ, келешекке қалсын деген ниеті екен ғой!
Ілгерірек жүрсек шеті жарлы шағын “Былқылдақ” көлі жатыр. Өткен ғасырдың 30 жылдары Украина мен Ресейден жер аударылғандар аш-жалаңаш келіп, 20 шақты түтін Алқада өздері бір көше болып күн кешті. Олар осы Былқылдақтың жиегінде сабан кірпіш соғып, шым үйлер салды. Қолдары боста кешкілік гармондарын алып әндетіп, думандатып жатушы еді. Күн көру үшін көкөністің неше түрін егіп, көзді қызықтыратын. Бақша ортасындағы құдықтан су алып, суаратын еді. Оны көрген қазақтар да соған бейімделді, бірте-бірте жеке құдық қазу дәстүрге айналды.
Ауылдан батысқа қарай бет түзесеңіз “Үлкен қарашілік”, әрі қарай “Ақ сиыр байлаған”, “Шал қыстауы” жатыр. Сонда менің әкем дүниеге келіпті. Бертін Есмағұл атам сол ескі жұртқа апарып: “Анау біздің үйдің орны, оның жанында Ыбырайдың үйі, әрі қарай бәленбайдың үйі…” деп таныстыратын. “Шал қыстауының” қарсысында “Алпыстың қыстауы” болды. Орнатылған бейіт тастары бертінге дейін соның жарқын куәсіндей болып тұрған жоқ па? Мүмкін қазір де бар шығар.
Қыстаудың маңы сыңсыған жидек екенін айтпай кетуге болмас, ыдысымыз толатын, шаршаған кезде жатып теріп, ауызға салатын едік. Әрі қарай батысқа беттесек “Жаңабай қыстауы”, “Шора қыстауы”, “Бәйтілеу қыстауы” бар. “Рамазан кардонының” өзі бір тарих. Кезінде қолдан еккен қарағайлы орман болатын. Бүгінде сол маңда еліктер жайылады. Ауылдың солтүстігінде Аралағаш орманы, Балықтыға жетпей Қарағаш ауылына қарай “Бесім Аралағашы” тұр. Кезінде Атығайдың Бесім атасы қоныс еткен. Айта берсек әрбір орманның, көлдің, өзеннің, бір түп шіліктің иесі болған. Балалықпен жүріп, осының бәрін хатқа түсіріп алмағаныма өкінемін. Қазір есте қалғаны осы ғана.
Орталық ауылына барар жолдағы Селдірағаш, Басқаратал, Алқаталдың (құдығы бар ағаш) тарихы үлкен бір әңгімеге жүк боларлықтай. Орман бүлдіргенін осы жерлерден де теретінбіз. Отынға пайдаланатын ағаштарды да осы ормандардан алатын едік. Түсінген адамға осының бәрі атадан балаға мирас болып қалған байлық қой.
Аһ ұрған кездеріміз Хрущевтің заманында басталып еді. Ен байлықты кешіп отырған ел бір-екі ірі қарадан артық мал ұстай алмай пұшайман болды ғой. Бір үйге бір сиыр не бір жылқы ғана бағуға рұқсат. Қой басына да шектеу. Бұл кеңес үкіметінің қазақтарға қылған қитұрқы саясатының бір парасы. Одан үкіметке еш пайда жоқ, керісінше қара халықты қысып, байытудың орнына етектен тартып, қайыршылықтың ар жақ, бер жағында ұстады. Мемлекеттік мерекелерде кеңшардың малынан үлкен бір өгіз сойылып, үй басы бір-екі килограм ет беретін. Онысын кейін жалақыдан ұстап отыратын. Біздің қазақтың қонақ келсе ақсарбас соятын кеңдігі амалсыздан ұмыт бола бастады.
Қазір облыста мал фермаларын салып, шеттен сиырлар әкеліп жатыр ғой. Сол бағдарламаның шапағаты біздің Алқаға тисе ғой. Басқа ауылдарда жұрт көшіп келмей жатып, қаз-қатар ғып салып қоятын баспаналар Алқаға неге бұйырмайды екен? Кезінде ауылдан мал таситын фуралар қыс бойы ет комбинатына қарай сабылып жатушы еді. Жазда 100-ден аса бие байлап, қымыз сапырылып, ауылдан облыс орталығына жөнелтілетін, ауылдастар да рақатын көретін. 90 жылдары “келешектерің жоқ” деп, жиналыстан жиналыс ашып, ауылдық әкімдікті, дәрігерлік пункті, одан моншаны бұзды, дүкенді жабуға мәжбүрледі. Тұрғындар шетінен көше бастағасын, бала саны кеміп, соның алдында салынған мектеп жабылды. Боранды күндері күре жолды қар алып қалады. Ешкім тазаламайды. Тіпті сырқат адамның ауруханаға уақытында жетуінің өзі мұңға айналды. Осының бәрі ауылды тастап кетуге мәжбүр етті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылды қайтадан гүлдендіру туралы айтқан пәрменді сөздері жүрегімді елжіретті. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы оты өшкен ауылдардың сәнін келтіріп, түп тамырымыз болған туған жеріміздің жоны түлеп, қаранөпір қаракөздерге толатын күн туса ғой, шіркін! Ылайым солай болсын!
Айтмұқан ИСМАҒҰЛОВ,
зейнеткер.