Диас Аяған
Кең көшенің екі жағын ала жайғасқан тауар толы шатырлар. Шатырлардағы сөрелерге мойындарын созып қаумалаған қарақұрым халық. Келгендердің тағатын тауысып жыланша баяу жылжып бара жатқан ұзын сонар кезек. Бұл – қала базарындағы жабайы сауда емес, күннің райы күлімдей бастағалы Қызылжарда алғаш өткізіліп отырған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі. Осы жолы да әдеттегі орнынан адаспай кең даңғылға жайғасыпты. Мағжанның көшесі таң атқалы мәре-сәре.
Солтүстік Қазақстан облысы – қамба толы астығымен, жайылым толы төрт түлігімен танылған қойнауы құтты, қазыналы өңір. Соңғы бірнеше жыл қатарынан осында өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артып келеді. Әсіресе теріскейлік ет, сүт, жұмыртқаның отандық нарықта алар орны ерекше. Мұның бәрі бірінші кезекте өңір тұрғындарына арзан бағада қолжетімді болуы керек. Көктемгі жәрмеңкені ұйымдастырудағы мақсат та осы. Бұрын тек күзде ғана тұрғындардың көңілін қуантатын шара енді көктемде де ұйымдастырылмақ. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының өкілдері бұл игі дәстүр жылда жалғасын табады деп отыр. Бұдан бөлек, апта сайын қала базарларында да шағын жәрмеңкелер тұрақты өтіп тұрады.
Қай жәрмеңкенің болмасын мақсаты азық-түлікті халыққа қолжетімді бағада саудалау ғой. Бұл жолы да солай болды. Мұндай шараға жиылған жұртшылық дән риза. Қайсысының пікірін сұрасақ та қуанышты екенін айтып, алған ет, сүт, жұмыртқасын көрсетіп көңілдері өсіп қалады. Әр жерде бір қап арқалап көліктеріне кетіп бара жатқандар көрінеді. Азық-түлік нарықтағы құнынан 15-20 пайызға арзан болған соң керегін алып қалуға келгендер көп. Мәселен, мұндағы жылқы етінің бір килограмы 2700, сиыр еті орта есеппен 1800, қой еті 2100 теңгеден сатылды. Сонымен қатар тауық, үйрек, қаз еті мен түрлі сүт өнімдері, макарон, ұн, көкөністер де сөрелердің сәнін келтірді.
Жәрмеңкеге облыс әкімі Айдарбек Сапаров та келіп, шатырларды аралап, тұрғындармен, сатушылармен тілдесті. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берген өңір басшысының бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов жәрмеңкеге өндірушілердің арадағы алып-сатарларсыз тікелей қатысуы бағаның төмендеуіне сеп болып отырғанын жеткізді.
– Облыс әкімінің тапсырмасымен Наурыз мерекесі қарсаңында осындай ауқымды жәрмеңке өткізіліп отыр. Мұнда өңірдің 13 ауданы мен облыс орталығының 100 кәсіпорны 400 тоннаға жуық өнім әкелді. Тұрғындарға ет-сүт, өңдеу өнеркәсібінің өнімдері, балық, бал, көкөністер кең көлемде ұсынылуда. Өңіріміздің аграрлы аймақ екені белгілі. Аграрлық саланы дамыту үшін соңғы жылдары 35 жаңа жоба жүзеге асырылды. Сол жобалардың жемісін бүгінгі жәрмеңкеде де көрудеміз. Өткен жылы өңір қажеттілігін өтеу мақсатында жаңа екі құс фабрикасы ашылды. “Жаңа құс”, “Северный бройлер” серіктестіктерінің өнімдері де бүгінде сұранысқа ие, – деді Марат Иманбайұлы.
Қалаға аудандардан ауылдың дәмін ала келген агроқұрылымдардың қатарында халыққа бұрыннан таныс серіктестіктермен қатар жаңа брендтер де бар. Олардың басым бөлігі елдің сұранысына сай ет әкеліпті. Мәселен Мағжан Жұмабаев ауданының шаруалары 2 жылқының етін жеткізіпті.
– Облыс әкімінің тапсырмасымен Наурыз мерекесі қарсаңында осындай ауқымды жәрмеңке өткізіліп отыр. Мұнда өңірдің 13 ауданы мен облыс орталығының 100 кәсіпорны 400 тоннаға жуық өнім әкелді. Тұрғындарға ет-сүт, өңдеу өнеркәсібінің өнімдері, балық, бал, көкөністер кең көлемде ұсынылуда. Өңіріміздің аграрлы аймақ екені белгілі. Аграрлық саланы дамыту үшін соңғы жылдары 35 жаңа жоба жүзеге асырылды. Сол жобалардың жемісін бүгінгі жәрмеңкеде де көрудеміз. Өткен жылы өңір қажеттілігін өтеу мақсатында жаңа екі құс фабрикасы ашылды. “Жаңа құс”, “Северный бройлер” серіктестіктерінің өнімдері де бүгінде сұранысқа ие, – деді Марат Иманбайұлы.
Қалаға аудандардан ауылдың дәмін ала келген агроқұрылымдардың қатарында халыққа бұрыннан таныс серіктестіктермен қатар жаңа брендтер де бар. Олардың басым бөлігі елдің сұранысына сай ет әкеліпті. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданының шаруалары 2 жылқының етін жеткізіпті.
– Аудан шаруалары бұл жәрмеңкеге 24 ірі қара, 27 қой сойып әкеліп, саудаланып жатыр. Сонымен қатар сүт өнімдерін, ірімшік, шұжықтардың бірнеше түрін жеткіздік. “Пальчик” жеке кәсіпкерінің тауары да сұранысқа ие екенін байқап отырмыз. Ауданымыздың өндірушілері апта сайын облыс орталығындағы “Дария” базарында да сауда жасайды, – дейді Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Қайрат Омаров.
Ал Аққайың ауданы болса сөрелерге тауардың жиырма түрін жайыпты. Солардың ішінде жылқы, сиыр, қой етін әкелген “Шаймерденов”, “Полтавское” жеке серіктестіктерін атап өтуге болады. Аралағаш аулында жаңадан ашылған құс фабрикасы 3 тонна ет әкелсе, “Меденников” серіктестігі шұжық, “Ростан” зауыты 1 тоннадай сары май, ірімшік, сүзбе, сүт саудалады. Аққайыңдық жемазықтың көлемі 10 тоннадан асады. Аталған аудан диқандары өсірген 5 тонна картоп пен өзге де көкөніс түрлеріне тұтынушылардың таңдауы жиі түсті.
Елді етпен қамтып отырған агроқұрылымдардың қатарында “Алабота” серіктестіктігі де бар. Асылтұқымды ақбас сиырларымен танылған зауыт 90 жыл бойы ел игілігі үшін жұмыс істеп келеді. Шаруашылықтағы ірі қараның басы бүгінде 4,5 мыңға жетіпті. Серіктестік өздері әкелген жарты тонна етті айналасы бірнеше сағаттың ішінде сатып үлгерді.
Еттен бөлек жұмыртқа да жәрмеңкенің ең өтімді тауарының бірі болды. Оның саудасы белгіленген уақыттан ерте басталып, көліктер алдындағы кезек шара соңына дейін тарқаған жоқ. “Якорь құс фабриксы”, “Адель құс” серіктестіктерінің көтерме бағадағы жұмыртқасын көптеп алып, көтеріп бара жатқандар қарасы қалың. Бағасы арзан болған соң Қамысты, Жекекөл, Саракөл су айдындарынан әкелінген балықты алушылар да аз емес. Қала кәсіпорындары шығаратын кондитерлік өнімдер мен макарон, ұнның да құны төмен. Жәрмеңкеге жиналғандардың назары балға да ауды. Өңірдің 3 өндірушісі балдың түр-түрін саудалады. Оның ішінде түрлі тұнбалар, шипалық қасиеті бар қоспалар, балауыздар, өсімдіктің әр түрінен алынған балдан көз сүрінеді.
Омарташы Ринат Сагуддиновтың арадан бал ала бастағанына көп жыл болыпты. Мұнда ол тәтті өнімнің 4 сорты мен түрлі тозаңдар жеткізіпті. Айтуынша, қала тұрғындары балдан жасалған өнімнің бәрін сатып алып жатыр екен.
Қала тұрғындары көкөністі де көптеп сатып алып жатты. Пияз, сәбіз, қырыққабат сатушылардың алдынан да адам аяғы үзілген жоқ. Мұнда картоптың килограмы – 100, сәбіз – 95, қырыққабат – 85, пияз 150 теңгеден саудаланды.
– Біз өзіміз өндіретін көкөністерді алып келдік. 2019 жылдан бастап тұрақтандыру қорымен жұмыс істейміз. Өсіргенімізді қала тұрғындары мен өңір халқына жеткізіп отырамыз. Биыл бұл біз қатысып отырған алғашқы жәрмеңке. Өнім бағасы көктемде келісіліп, күзде қорға өткізіледі. Логистикалық шығындар мен алып-сатарлар болмағасын жергілікті өнім қашан да нарықтағыдан арзан болады, – дейді “Агрос” шаруа қожалығының директоры Сергей Бычков.
Азық-түліктен бөлек жәрмеңкеге жеткізілген жемазық та аз емес. “Атамекен агро”, “Ален Астық”, “Дайындық”, “Егін” серіктестіктері мен “Қызылту” ұн үгу комбинаты қамбаларынан кебек пен астық қалдықтарын ала келіпті. Олар кебектің тоннасын 50 мың, ал астық қалдығын 45 мыңнан сатылымға шығарды. Қуаттылығы тәулігіне 400 тоннаға жететін “Элеватор Тайынша” зауыты құрамажемнің бірнеше түрін ұсынды. Тайыншалық серіктестіктің жемін етті, сүтті сиырларды өсіруде, жылқы семіртуде, қой, ешкі, бройлер, тауық, үйрек, қаз, тіпті, балық шаруашылғында пайдалануға болады. Құрамажемнің бағасы килограмы үшін маркасына қарай 110-260 теңге.
Агроқұрылымдардан бөлек жәрмеңкеге қоғамдық тамақтану орындары да қатысып, халыққа өз қызметін ұсынды. Өңір жұртшылығына мәлім өнер ұжымдары мен әншілер де әннен шашу шашып, қалалықтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.