Өңірімізде ақпан айындағы жауған жаңбыр жабайы жануарлардың қорек табуын қиындатты. Аңдардың аман қалуы үшін орманшылар оларды қолдан азықтандыруда. Осы мақсатта жаз бойы жемшөп, қайың жапырақтары әзірленеді. Мәселен, “Соколовское” орман шаруашылығында аңдарды азықтандыратын 16 арнайы алаң жасалған. Қызылжар және Мамлют аудандарының аумағында орналасқан 150 мың гектардан астам жайылымда бүгінде елік, түлкі, қабан, қоян секілді жабайы жануарлар мекендейді. Олардың қыста қысылмауы үшін жаз мезгілінде орман шаруашылығы қызметкерлері шөп пен тұз дайындайды.
– Биыл жануарлар қыстан аман шығу үшін облыс бойынша 12000 центнерден астам шөп, 8000 центнерден астам жемазық, 600 мың сыпырғыш, 160 центнер тұз дайындалды. Оның 70 пайызы берілді. Жалпы, облыста 47 аңшылық шаруашылығы бар. Биыл қар соншалықты қалың емес, дейтұрғанмен жем-азық жыл сайын әзірленеді, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Михаил Никитин.
“Соколовское” аңшылық шаруашылығының басшысы Дмитрий Лавриненконың айтуынша, елік, қабандар сыпырғыштарды сүйсініп жей қоймайды. Көп жағдайда олар ұсақталған жүгеріні ұнатады екен. Қорадағы төрт түлікке не көп ұнаса, жабайы аңдар да соны жейтін көрінеді.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, табиғатты қорғау полициясы және табиғат пайдаланушылар жабайы аңдардың жағдайын үнемі бақылап отырады. Басқарма өкілдері биыл еліктердің күрт көбейгенін, олардың дені көршілес Ресей елінен келгенін растап отыр.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.