Өңірдегі өзендерде мұз кептелісін болдырмау үшін жарылыс жұмыстары басталды. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мұндай жұмыс Сілеті өзенінің сағасында атқарылған.
Уәлиханов ауданындағы Қулыкөл елді мекенінің маңынан өтетін өзеннің 4 учаскесінде мұз жарылды. Бұл жұмысты осы істе мол тәжірибесі бар “Көкше-БУР” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары атқарды. Ал жарылыс жұмыстарының жалпы ауданы 1 мың шаршы метрді құрады.
“Жауапты іс-шара қауіпсіз өтуі үшін тұрғындарға алдын ала хабарланды. Сондай-ақ оқиға орнында Уәлиханов аудандық төтенше жағдайлар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің басшылары, Құлыкөл ауылдық округінің әкімі және учаскелік полиция инспекторы кезекшілік етіп, жұмыстың тиісті деңгейде өткізілуін бақылауда ұстады”, – дейді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бөлім бастығы Сәкен Ағзамов.
Мамандардың айтуынша, мұз көбесін сөгу көктемгі су тасқыны кезінде мұз кептелісін болдырмау үшін жасалады. Ағын судың жолы ашылып, тасқынның күшін әлсіретеді, осылайша судың көтерілу деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.
“Өзенде мұз жару жұмыстары жүргізілгеннен кейін жарылыс толқынынан мұзда жарық пайда болады. Сондықтан мұндайда мұз бетіне шығу адам өміріне қауіпті екенін еске саламыз”, – дейді Сәкен Ағзамов.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.