Облыс орталығындағы “Alageum Electric” электротехника зауытында Амал мерекесі тойланды. Іс-шараға облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дархан Әмірин қатысып, зауыт қызметкерлерін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
– Біздің ата-бабаларымыз бұл мейрамды ықылым заманнан бері тойлап келеді. Наурыз амалдан, көрісуден басталады. Дәстүр бойынша бұл күні адамдар бір-бірімен қол алысып, төс қағыстырып көктемнің келуімен құттықтайды. Баршаңызға бақытты өмір, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Жақындарыңыз аман болсын, – деді Дархан Әмірин.
Қазақтың ұлттық киімдерін киген мамандар бір-бірлерімен құшақ жая амандасып, хал сұрасты. Төл аспабымыз домбыраны күмбірлете тартып, әннен шашу шашты.
Нұрлыбек Алдияровтың электротехника зауытында еңбек етіп жүргеніне бір жыл болыпты. Ол Қызылжарға отбасымен Түркістан облысындағы Кентау қаласынан көшіп келген. Амал мерекесінде ерлі-зайыптылардың кіші ұлдарының тұсауы кесілді.
– Жұбайымның осы салада қызмет атқарып келе жатқанына 20 жылдан асты. Алланың берген сегіз перзенті бар. Жетеуі қыз бала. Ұлымыз Нұрмұхаммедәлидің тұсаукесер рәсімі Көрісу күнімен тұспа-тұс келді. Өте қуаныштымыз, – дейді Батпа Қалдыбекова.
Тұсаукесер рәсімінен кейін жиналғандарға ұлттық тағамдар ұсынылды. Дастарқанға бауырсақ, қымыз, құрт, қаймақ, басқа да тәтті-дәмділер қойылды.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.