“Арыстан” шаруа қожалығының жетекшісі Қаламқас Дәулетова облыстық кәсіпкерлер палатасына Есіл аудандық әкімдігі шаруа қожалығының 290 гектар жайылымдық жерін заңсыз алғалы жатқанын айтып арызданған. Мамандар жергілікті биліктің бұл әрекеті заңға қайшы деп отыр.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл отбасы өңірімізге оңтүстіктен қоныс аударған. 2019 жылы олар ауыл шаруашылығымен айналысу үшін жер учаскесін аукцион арқылы жалға алыпты, ал былтыр жергілікті әкімдік оның 290 гектарын қайтарып алу туралы шешім шығарады. Бұл мәселе кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында талқыланды.
“Өткен жылдың 20 желтоқсанында Есіл аудандық әкімдігінің №319 қаулысымен Петровка ауылы тұрғындарының малы жайылуы үшін “Арыстан”шаруа қожалығының жерін мәжбүрлі түрде қайтару жұмысы басталды. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 84-бабына сәйкес жер учаскесі мемлекеттік қажеттіліктер үшін сатып алу немесе жекеменшік иесінің келісімімен оған басқа жер учаскесін беру арқылы алынады. Сондай-ақ сот шешімі бойынша мәжбүрлі түрде иеліктен шығарылуы мүмкін”, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау бөлімінің басшысы Айдос Кеңбейілов.
Ауыл тұрғындарының қажеттілігін өтеу үшін бұл учаске Есіл ауданының жайылымдарды басқару және пайдалану жоспарына енгізілуі керек, сонымен қатар жеке қосымшада жайылымдардың барлық шекаралары мен ауданы картада көрсетілуі тиіс. Бірақ жоспарға ол енгізілмеген.
“Бір жарым жыл бұрын біз “Еңбек” бағдарламасымен оңтүстіктен солтүстікке көштік. Бұл жер учаскесін аукцион арқылы 6 жылға жалға алдық. Шаруа қожалығы 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр, олардың орташа жалақысы 170 мың теңгені құрайды. Біз барлық міндеттемелерді орындап келеміз. Ауыл тұрғындарына арзан бағамен шөп береміз. Алдағы уақытта сиыр етін сатуды жоспарлап отырмыз, бірақ жергілікті билік өкілдері жұмыс істеуге мүмкіндік бермей жатыр”, – дейді “Арыстан” шаруа қожалығының өкілі Азамат Әбдірахманов.
Есіл аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Евгений Губаның айтуынша, былтыр мамыр айында Петровка ауылы тұрғындарының бірі аудан әкіміне мал жаюға арналған жайылымдық жерлердің жоқтығын айтқан.
“Біз округтегі жайылымдық жерлерді көрсеттік. Арызданған адам келісті. Бірақ жылдың соңына қарай тұрғындар наразылық білдіріп, облыс прокуратурасына арызданды. Ауылдық округ әкімі тұрғындардың қатысуымен жиын өткізіп, онда осы учаскені алып қою туралы шешім қабылданды, тиісті қызметтік жазба аудан әкіміне жіберілді. Бұдан әрі облыс әкімдігі әзірлеген Жол картасы негізінде біз жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою рәсімін бастадық. Осыдан кейін кәсіпкер прокуратураға біздің үстімізден арызданды. Алып қою рәсімі 2023 жылғы 10 маусымда басталады, яғни, бізге осы учаскені жайылымдық жерлер жоспарына енгізуге уақыт бар. Аудан әкімдігі кәсіпкерге баламалы учаске бере алмайды, бірақ өтемақы төлеуге дайын”, – дейді Евгений Губа.
Отырысқа қатысқан облыстық жер инспекциясының өкілдері өз кезегінде аталған факті бойынша шаруа қожалығының жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы қаулының күшін жою туралы аудан әкімдігінің атына ұйғарым берілгенін атап өтті. Ал Есіл ауданының әкімдігі бұл ұйғарымға сот тәртібімен шағымдануға ниетті.
Жиын соңында аудан әкімдігіне жерді мәжбүрлеп алып қою туралы заңсыз қаулының күшін жоюды және заңнамаға сәйкес әрекет етуді ұсыну туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ кеңес мүшелері кінәлі лауазымды тұлғаларды жер заңнамасын бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартуды ұсынды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.