«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Фермердің құқығы қорғалды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Арыстан” шаруа қожалығының жетекшісі Қаламқас Дәулетова облыстық кәсіпкерлер палатасына Есіл аудандық әкімдігі шаруа қожалығының 290 гектар жайылымдық жерін заңсыз алғалы жатқанын айтып арызданған. Мамандар жергілікті биліктің бұл әрекеті заңға қайшы деп отыр.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл отбасы өңірімізге оңтүстіктен қоныс аударған. 2019 жылы олар ауыл шаруашылығымен айналысу үшін жер учаскесін аукцион арқылы жалға алыпты, ал былтыр жергілікті әкімдік оның 290 гектарын қайтарып алу туралы шешім шығарады. Бұл мәселе кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында талқыланды.

“Өткен жылдың 20 желтоқса­нын­да Есіл аудандық әкімдігінің №319 қаулысымен Петровка ауылы тұр­ғын­­дарының малы жайылуы үшін “Арыс­тан”шаруа қожалығының жерін мәж­бүрлі түрде қайтару жұмысы бас­тал­ды. Қазақстан Республикасы Жер ко­дексінің 84-бабына сәйкес жер учас­­кесі мемлекеттік қажетті­лік­тер үшін сатып алу немесе жекемен­шік иесінің келісімімен оған басқа жер учас­кесін беру арқылы алына­ды. Сон­дай-ақ сот шешімі бойынша мәжбүрлі түрде иеліктен шығарылуы мүмкін”, – дейді облыстық кәсіпкер­лер палатасы кә­сіпкерлердің құқы­ғын қорғау бөлімінің басшысы Айдос Кеңбейілов.

Ауыл тұрғындарының қажеттілігін өтеу үшін бұл учаске Есіл ауданы­ның жайылымдарды басқару және пайдалану жоспарына енгізілуі ке­рек, сонымен қатар жеке қосымшада жайылымдардың барлық шекаралары мен ауданы картада көрсетілуі тиіс. Бірақ жоспарға ол енгізілмеген.

“Бір жарым жыл бұрын біз “Ең­бек” бағдарламасымен оңтүстіктен сол­түстікке көштік. Бұл жер учаске­сін аук­цион арқылы 6 жылға жалға алдық. Ша­руа қожалығы 5 адамды тұ­рақты жұ­мыспен қамтып отыр, олар­дың ор­таша жалақысы 170 мың тең­гені құ­рай­ды. Біз барлық міндеттеме­лерді орындап келеміз. Ауыл тұр­ғын­дарына арзан бағамен шөп береміз. Алда­ғы уақытта сиыр етін сатуды жоспар­лап отырмыз, бірақ жергілікті билік өкілдері жұмыс істеуге мүмкін­дік бер­мей жатыр”, – дейді “Арыстан” шаруа қо­жалығының өкілі Азамат Әбдірахманов.

Есіл аудандық жер қатынастары бө­лімінің басшысы Евгений Губаның ай­туынша, былтыр мамыр айында Пет­­­­ровка ауылы тұрғындарының бірі ау­­дан әкіміне мал жаюға арналған жа­йылымдық жерлердің жоқтығын айтқан.

“Біз округтегі жайылымдық жер­лер­ді көрсеттік. Арызданған адам ке­ліс­ті. Бірақ жылдың соңына қарай тұр­ғындар наразылық білдіріп, облыс про­ку­ратурасына арызданды. Ауыл­дық ок­руг әкімі тұрғындардың қаты­суымен жиын өткізіп, онда осы учас­кені алып қою туралы шешім қабыл­дан­ды, тиіс­ті қызметтік жазба аудан әкі­міне жібе­рілді. Бұдан әрі облыс әкім­дігі әзірле­ген Жол картасы негізін­де біз жер учас­кесін мәжбүрлеп алып қою рәсі­мін бастадық. Осыдан кейін кәсіпкер прокуратураға біздің үсті­міз­ден арыз­данды. Алып қою рәсімі 2023 жылғы 10 маусымда бастала­ды, яғни, бізге осы учаскені жайы­лымдық жер­лер жоспарына енгізуге уақыт бар. Аудан әкімдігі кәсіпкерге бала­малы учаске бере алмайды, бі­рақ өтемақы төлеуге дайын”, – дейді Евгений Губа.

Отырысқа қатысқан облыстық жер инспекциясының өкілдері өз ке­зе­гінде аталған факті бойынша ша­руа қожалығының жер учаскесін мәж­бүрлеп алып қою туралы қаулының кү­шін жою туралы аудан әкімдігінің аты­на ұйғарым берілгенін атап өтті. Ал Есіл ауданының әкімдігі бұл ұй­ғарым­ға сот тәртібімен шағымдануға ниетті.

Жиын соңында аудан әкімдігіне жерді мәжбүрлеп алып қою туралы заңсыз қаулының күшін жоюды және заңнамаға сәйкес әрекет етуді ұсыну туралы шешім қабылданды. Сон­дай-ақ кеңес мүшелері кінәлі лауа­зымды тұлғаларды жер заңнамасын бұзға­ны үшін тәртіптік жауапкерші­лікке тартуды ұсынды.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp