«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІЗГІЛІК МҰНАРАСЫ (Эссе)

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Есімі елімізге белгілі қаламгер, сыншы, зерттеуші Құлбек Ергөбек 1952 жылы 26 желтоқсанда Түркістан облысының Отырар ауда­нын­дағы Ақынтоғай елді мекенінде, Көксарай деген жерде дүниеге келген. Сыншының нәтижелі еңбегін ерте аңғарған, жазғандарын зер­де­сінен өткізіп, шынайы бағасын ақ ниетпен айта алған, қазақ қара­сөзінің хас шебері, ақыл-ой алыбы, болмысы бүтін, келбеті келісті ке­мел жазушы Әбіш Кекілбайұлы: “Ергөбековті Ергөбековтей бақай­шағына дейін жіліктей шағып, жілік­тей зерттеп, жіліктей түсіндіру үшін тағы бір Ергөбеков керек… таңғалдыра біледі. Тамсандыра біледі”, деп бағалапты. Иә, абыз қаламгерден осындай баға алу – екінің бі­рі­нің маңдайына жазыла бермейді. Бұл ұлтқа керек іске құл болу, сол құлдық еңбек­тің еселеніп қайтуын – оның шығар­машылығына ден қойған адам бір­ден аңғарары хақ. Оған ғалымның жұрт қолына тиген ондаған кітабы дәлел. Айталық, алты томнан тұратын “Арыс-тар мен Ағыстар”, жеті томды құрайтын “Түрікстан жинағы” және жеті кітап: әрқайсысы қырық баспа табаққа жетіп жығылатын “Өлеңсөз”, “Қарасөз”, “Сарасөз”, “Дарасөз”, “Данасөз”, “Баянсөз”, “Баласөз”, Сәбит Мұқанов болмысын қамтыған бес кітап, өткен жылы қолға тиген “Келбет” атты қырық баспа табақ көлемді еңбек – Құлбек Ергөбектің ұлт руханиятына қосқан өлшеусіз үлесі десек, қателеспейміз. Назарларыңызға ұсынылған мақалалар топтамасынан сыншының өмірі мен шығармашылығына қанық боласыздар.

Әр адам баласы балалықтың алаң­сыз күндерін келмеске жіберіп, есейіп, ат жалын тартып мінгеннен-ақ алдынан өмірдің күрделі мәселелері мен көмескі тұман торлаған баспал­дақтарына жолығары белгілі. Біз де солай болдық…

Желтоқсанның жетісіне қараған түні, ақ ұлпа қары бұрқырап тұрған Алматыға алғаш ат басын тіредік. Осыған дейінгі бар өмірі Алтайда ат үс­тінде, тау арасында өскен бала жі­гіт­тің қиялына қанат бітірген әсем қала біз ойлағаннан күрделі болып шықты. Уақыт өте келе бұл шаһар­дың қыры мен сырына қаныға баста-дық. Пана тұтып, ес көріп барар жері-міз көбіне Жазушылар одағы. Онда-ғы ақжүрек ағалардың ыстық ықыла­сы мен мейірі, алғы өмірге жетелеген қызғын әңгімелері бізді алабөтен әсерге бөлейтін.

Уақыт солай жылжи берді. Ежелгі шығыстық лириканы шырайын келті­ре жырлап, сол тұстағы жас буынға ерекше әсер жасаған тамаша ақын Мұрат Шаймаранұлы Қытайдан келе қалды. Бұл 2004 жылдың сәуір айы болатын. Сол ағамды ертіп Жазушы­лар одағына келем ғой, ұлы атамның үйіндей мақтанып. Кіре берістен қа-зақ­тың ғажап ақыны Ұлықбек ағам (Есдәулетов) жолыға кетті. Сәлем бе­ріп, қолын алдық. Құдайдай сыйлай-тын ағам бетіме тесіле қарады. Екі күн бұрын кафеде полицейлермен ұста­сып қалып, оң қабағымнан аямай соққы жеген едім. Жүзіме аянышпен қарады да: “Кабинетіме жүріңдер”, – деді. Есіктен кіріп жайғастық. Мұрат ағамды елпілдеп таныстырып жатыр­мын. Аздан соң әңгіменің реті келген­де Ұлқаш ағам маған қарап, түсін суытып: “Әй, бала! Осы сен не жұ-мыс­пен айналысып жүрсің қазір?”, – деп сұрады. Әкесінің алдындағы кі­нәлі баладай жер шұқып отырған мен: “Аға-ау, менде қайдағы жұмыс болсын?.. Жүретін жерім арзанқол ка­фелер, түнейтін жерім полицияның уақытша қамау орны…”, – деп міңгір-ледім.

“Онда сен былай істе. Оқы” деді маған тесіле қарап. Сөйтті де теле­фон трупкасын қолына алды. Бір нө­мірді тез-тез теріп, сәл отырғасын ар жағынан емен-жарқын бір дауыс ес­тілді. Әзілмен амандық сұрасып бол­ған соң әңгіменің төтесіне көшті. “Ау, Құлбек досым, саған бір бұйымтай бар. Қысқасы мынау, дәл қазір қа­сымда бір жас ақын інің отыр. Былай жаман жазбайды, ертеңінен үміт бар. Осы баланы оқытып, қатарға қосу керек, бір-екі күнде саған барады…”

Мен аң-таңмын. Алатаудың ұшар басын ораған ақ бұлттай болып қол жеткізбей, арманға айналып бара жат­қан оқу үміті жылт еткендей ме?..

Сонымен не керек, Мұрат ағам­ның “қаржылай көмегімен” Түркістан-ға жол алдым. Қол сумкамда аса мұ­қияттылықпен оралып сақталған Ұлықбек ағаның Құлбек көкеме күн-тізбенің бір бетіне жазып берген қыс­қа хаты бар. (Қапелімде қолына хат жазатын оңтайлы қағаз табылмай қа­лып, күнтізбенің уақыты өткен бір бе­тін жұлып алып жазған еді). Соған қа­рап қазақтың қос мықтысының дос-ты­ғы қандай биіктікке жеткенін ішім сезді.

Уақыт әлі көктем болса да Түркі­стан шаһары аптап ыстықтан бейма-за күй кешіп, қала ерні кеберси бас-таған екен. Құлбек көкем жылы қа-бақ­пен, мейірлі әзілмен қарсы алды. “Күнтізбе-хатты” алып оқып шықты да, жырғап бір күліп алды. Ата-анамды, өткен өмірімді сұрап, қытай-дан сырттай бітірген дипломымды көріп, біраз әңгіме қозғады да: “Шілде айының жиырмасына қарай келіп, құжаттарыңды өткізіп, магистратура-дан бағыңды сынап көр. Бұл универ-ситетте шеттен келген бауырларға жасала­тын қамқорлық үлкен. Алла сәтін салса түсіп кетерсің”, – деп үл-кен үмітпен шығарып салды.

Емтихан уақыты келіп, Шымкент қаласындағы ағылшын тілі бойынша сынақ алынатын аудиторияға келсем есікте қабылдап тұрған жастау әйел паспортыма бір, қолындағы емтихан­ға қатысушылардың тізімдігіне бір қа­рап мені ішке кіргізбеді. Әрі-бері ай­тып көріп едім, болмады. “Тізімде жоқ­сыз, не деп қатыспақсыз?” деп жол жақты нұсқады. Сасқанымнан қара терге түстім. Бұл жерден күдерімді үзіп, вокзалға жеттім… Түркістанға жү­ретін таксиге отырып Құлбек көкемнің кабинетіне асығыс жетіп, мән-жайды айттым. Ол кісі сасар емес, өрттен шыққандай әбіржіген түріме қарап мәз болып күледі келіп…

Күзгі оқу маусымы басталып жат­қандықтан бұл кісінің алдына түрлі қағаздарын көтеріп келушілер де тым көп еді. Соларға бір қарап алды да маған бұрылып: “Сен бара бер. Оқуға түсуіңмен құттықтаймын! Енді жатақ­хана алуың керек. Құжаттарыңды да-йындап соған кірісе бер”, – деді. “Емтиханына кіре алмай тұрып, қай-дағы оқуға түсу?..” деген екіұшты ой-мен анығын білейін деп магистрату-ра инспекторына бардым. Мән-жайға сол жерден қанықтым. Сөйтсем, сол жылы магистранттарға арнап Түркия жағының арнайы бөлген екі квотасы бар екен. Бірі сол жақтан келген Аб-долла есімді жігітке, бірі маған бұйы-рыпты.

Туған ағаңның өзі жақсылығын есеппен жасайтын бұл заманда қар­балас жұмыстарымен жүріп ұмытып кетпей, Алматыдағы Ұлықбек досы­ның өтінішін жерде қалдырмай және “болам деп тұрған” баланы бетінен қақпай, бәрін де үйлестіріп шешіп қой­ған осы Құлбек көкем екен. Қос ағама деген ризашылығымда шек болған жоқ.

Тым алыста, Алтайда қалған анам менің магистратураға оқуға түс­кен хабарымды естіп: “Ол ағаларыңа менен көп сәлем айт! Екі дүниеде үрім-бұтағымен жамандық көрме-сін!”, – деді жылап тұрып…

Жарас ағамның Жазушылар ода-ғы атынан дайындап берген хаты өзге басшылардың алдында абырой-лы жүруіме, жатақханадан жеке бөл­ме алуыма үлкен себін тигізді.

Мен оқуға түскен 2004 жылдың күзінде Құлбек ағаның отбасында ауыр қайғы орын алды. Жан-жүрегіне айналып кеткен кенже ұлы Сәбит кө-лік апатынан қаза болды. Бүкіл уни­верситет ұжымы аза білдіріп, алыс-жақын­дағы барша ағайындар, ақын-жазушылар үздік-создық келіп, көңіл айтып жатты. Аяулы ұлды жерлеуге алып шыққанда Түркістанның сұр­ғылт күзі одан бетер мұнартып, ағам-мен бірге көз жасын аямай төгіп тұр­ды. Кеудемді ащы өксік қысып, жа­ным құлазыды. Қайғы салмағы менің де еңсемді басып, дәрменсіздік шыр-мауы қабырғамды қайыстырды…

Ағаның басына түскен сол бір ауыр күндерде қазақтың классик жа­зушысы Әбдіжәміл аға Нұрпейісов пен жары Ажар апамыздың Түркі­станға арнайы келіп көңіл айтуы, Әб-діжәміл ағаның көзіне жас алып, ет-бауыры езіліп тұрып айтқан жұбату сөзі қазаға жиналған адамдардың бә­рін жылатты.

Дала тарихының білгірі, әйгілі жа-зушы Мұхтар Мағауин Алматыдан жедел телефон шалып, “Құлбек інім-ай! Бір шалдың алдында қатар көк­теген ағалы-бауыр едік. Сенің қайғың менің қайғым! Сенің жүрегіңді жарып өткен қасірет мені де келістіріп соқты. Қайтеміз, бекем бол!..”, – күңірене аһ ұрды. Бұл жерде: “Бір шалдың ал­дын­да қатар көктеген ағалы-бауыр едік” деп отырғаны ұлтымыздың бұл қос мықтысы – атақты Бейсекеңнің, қазақтың абыз ұлы Бейсембай Кен­жебаевтың төл шәкірттері һәм өкіл балалары еді.

…Біраз күннен кейін Түркияның сәулет үлгісімен салынған көрікті жа­тақхананың ең үстіңгі төбесіне шығып отырып, жақын маңда орын тепкен мазарлыққа, онда жерленген Сәбит­тің күзгі мұнар жапқан мұңды қабіріне көз алмай ұзақ қарадым. Жүрегім шаншыды. Бойымда атқақтаған ыс­тық қан жыр тіліне айналып, ішімдегі запыранды ақтарып былай өрілетін өлең жаздым:

Қаратаудың басын да түн жабады екен ғой,

Қаратаудай ағама мұң жауады екен ғой.

Жүрегі мәрт әкенің айықпайтын сорына,

Еһ, бұл жалған дүние!

Ұрладың ба оны да?..

Жүрегі жаралы арыстан ағаның қасіретті күндерінде аз да болса кө­ңіліне медеу, жанына жұбаныш бол­сын деген оймен көп кешікпей “ТүрОйстан” газетіне “Құлбек көкеме көңіл айту” деген атпен, жүрегімді жарып жазылған екі жоқтау өлеңімді бастырып, апарып бердім.

Ер азамат түгілі, қара жердің белі қайысатын тым ауыр қайғылы күн-дерде Құлбек ағам жанынан артық көретін кенже ұлын “Сенсіз тағы бір таң атты…” деп жыл бойы жоқтады. Бас газетіміз “Егемен Қазақстан” ба-сы­лымы зарлы жоқтау жазбасын бес номерге үздіксіз беріп, қайғыға ортақ бола алатын азаматтығын көрсетті. Мұның өзі ағаның басында тапжыл-май тұрып алған қайғы бұлтын ептеп ыдыратқандай еді…

Ұларбек ДӘЛЕЙ,

ақын.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp