“Антикор” орталығында облыстық тексеру комиссиясы мүшелерінің, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қызметкерлерінің, БАҚ өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабы бойынша ұсынымды қарау жиыны өткізілді. Ол жөнінде облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Сергей Перов түсінік берді.
“Ведомоство өз тарапынан кез келген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бағытында кешенді шараларды жүйелі түрде ұйымдастырып келеді. 200-бап шеңберінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды анықтай отырып, тиісті мемлекеттік органдарға, ұйымдарға заң бұзушылықтарды жою жөніндегі шаралар қолдану туралы ұсыныс айтуға құқылы”, – деген Сергей Николаевич 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамада қарастырылған сыбайлас жемқорлық туралы хабарлау тетіктерін жақсарту қағидаттарына тоқталды. Қоғамның жегіқұрты жөнінде қоғамдық санада дұрыс көзқарас қалыптастыру маңызды. Сыбайлас жемқорлықты қабылдамау мәдениеті сөз жеткізушілікпен астаспауға тиіс. Кез келген адамда цифрлық коммуникацияның оңайлатылған тәсілдері арқылы хабарлау мүмкіндігі мол. Бұл ретте бюджет қаражатын ұтымды пайдалану мәселелері бойынша қоғамдық резонанс тудыратын сигналдарға ерекше назар аудару қажет.
Департаменттің превенция басқармасының басшысы Дамир Хабибулин сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесінде профилактикалық жұмыстарға және сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы тиімді шараларды жүзеге асыруға баса назар аударылып отырғанын жеткізіп, нақты мысалдар келтірді. Мәселен, облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Т. Кенжебаевқа қатысты бірнеше рет пара алу фактісі бойынша ұсыныс қаралған. 2021 жылғы қарашада Айыртау аудандық әлеуметтік қызмет көрсету орталығына мемлекеттік аудит жүргізу барысында кінәлі адамдарды тәртіптік жауапкершілікке тартуға әкеп соғатын, сондай-ақ келтірілген залалды өтей отырып, әкімшілік жауаптылық көзделген бірқатар бұзушылықтар анықталған. Т. Кенжебаев анықталған бұзушылықтарды көрсетпей, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы ұйғарым шығармай, қызметтік өкілеттігіне кіретін заңсыз әрекеттері үшін 2,5 млн.теңге мөлшерінде ақшалай қаражат түрінде материалдық сыйақы талап еткен. Тәртіптік, әкімшілік жауапкершілікке тартылудан және заңсыз алынған сомаларды қайтарудан қорыққан орталықтың лауазымды қызметкерлері тексеру комиссиясы мүшесінің талаптарымен келісіп, пара ұсыныпты.
Бұдан бөлек, облыстық тексеру комиссиясы мемлекеттік аудит жүргізу нәтижесінде 2021 жылғы қарашада облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында, оның ведомстволық бағынысты ұйымдарында әлеуметтік қызметтер көрсету, мемлекеттік сатып алуды жүргізу кезінде шартты жеңілдіктерді қолданбау, бухгалтерлік мәліметтерді дұрыс көрсетпеу сияқты бірқатар бұзушылықтарды тіркеген. Мемлекеттік аудит тобына жалпы жетекшілік еткен Т.Кенжебаев басқарма басшысы А.Қошмановты ведомстволық бақылауды босаңсытқаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартуға облыстық әкімдікке ұйғарым енгізуге құқылы болатын. Екеуара жеке кездесу барысында мемлекеттік аудит барысында анықталған көптеген бұзушылықтар туралы хабардар етіліп, өз “қызметі” үшін материалдық сыйақы (АИ-95 маркалы 300 литр жанар жағармай талоны түрінде) талап еткен. Өзара ымыраласу барысында пара беру және алу сықылды қылмыстық келісімге қол жеткізілген. Бұл ретте, А.Қошманов АИ-95 маркалы бензин талондарын сатып алуға басқарма қаражатын жұмсаған. 400 литрдің 300 литрін пара ретінде ұсынып, қалған 100 литрін жеке қажетіне пайдаланған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осы фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізген.
Петропавл қалалық сотының 2022 жылғы 23 желтоқсандағы үкімімен Т. Кенжебаев 2,5 млн. теңге бопсалағаны үшін (Қылмыстық кодекстің 366-бабы бойынша пара алу) айыпты деп танылып, 7 жылға темір торға қамалды. Ол сондай ақ мемлекеттік қызметте, сот, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте, оның ведомстволарында, қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, квазимемлекеттік сектор субьектілерінде лауазымдық қызмет атқару құқығынан өмір бойы айрылды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Пара ретінде 2565940 теңге мөлшерінде алған мүлік тәркіленіп, мемлекет меншігіне қайтарылды.
Т. Қошмановқа сеніп тапсырылған мүлікті өзгенің жымқырғаны және пара бергені үшін параның 30 еселенген мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды (1978200 теңге.) Оған да мемлекеттік қызметте, сот, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау және қаржы ұйымдарында, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға тыйым салынды.
Жасалған қылмыстар туралы ерікті түрде хабарлаған және қылмысты ашу мен алдын ала тергеуге белсенді жәрдемдескен орталықтың өзге лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.
Дамир Хабибулин аталған мән-жайлар облыстық тексеру комиссиясының, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, сонымен бірге мемлекеттік қызметшілердің беделі мен абыройына нұқсан келтіретінін атап өтті. Мұндай оғаш оқиғалар қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністерін жою бойынша шұғыл шаралар қабылдауды, заңдылықты бұзушылықтарды жоюды, одан әрі болдырмау жөніндегі алдын алу іс-шараларын ұйымдастыруды қажет етеді.
Басқосуда 200-баптың талаптарына сәйкес, жоғарыда аталған мемлекеттік органдар қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау, мониторинг жүргізу, оның нәтижелері бойынша нақты шаралар қабылдау, қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру міндеттелді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“SoltustikQazaqstan”.