«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ат құлағында ойнаған

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Атбегілік – ер-азаматтардың ғана ісі деп ойлайтындар қатты қателеседі. Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Ирина Коротаева 35 жылдан бері сәйгүлік баптап, балаларды аталмыш спорт түріне баулып жүр. Ол осы уақыт аралығында талай спорт шеберін тәрбиелеген.

Қызылжар өңірі – жабайы жылқы алғаш қолға үйретілген жер сана­ла­ды. Әлем ғалымдары Солтүстік Қа­зақстан облысына қарасты Айыртау ауданындағы Ботай қазба орнында табылған ат әбзелдері мен жылқы сүйектерін зерттей келе біздің за­манымызға дейінгі V-IV ғасырлар­да жабайы жылқыға осы жерде алғаш ауыздық салынды деген шешімге кел­ген. Сондықтан да болар солтүстік өңірдің жігіттері ғана емес, қыздары да ат құлағында ойнайды. Жүйрік ат – Ирина Коротаеваның да ең сенімді серігі. Алғаш рет алты жасында ат жалын тартып мініп, он сегізінде асау үйреткен екен. Содан бері Қамбар ата түлігімен жұбы жазылған емес. Талай бәйгеде оза шауып, жүлделі болған. Ал қазір көрген-білгенін, кө­ңілге түйгенін өзгелерге үйретіп жүр.

– Он бес жасымда Украинаға оқу­ға кеттім. Сол жақта колледжде ат спорты бойынша жаттықтырушы ма­мандығын меңгердім. Қолыма дип­лом тиген соң туған жерге қайтып ора­лып, еңбек жолымды бастадым. 2008 жылы облыста ат спорты мек­те­бі ашылды. Мен – сондағы алғаш­қы жаттықтырушылардың бірімін, – дейді Ирина Владимировна.

“Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,

Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.

Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,

Ой желке, үңірейген болса сағақ”. Ақын Абай Құнанбайұлының жүйрік атқа қатысты бұл суреттемесі Ирина Коротаеваның “Тихон” есімді тұлпарына қарата айтылғандай. Жалы төгілген, түсі ала бұл ат бірден көз тартады. Атбегі әйел әр жануар­дың мінезін бес саусағындай біледі. Бұл қасиет бойына қанмен дарыған. Себебі әкесі де кезінде шабандоз болған екен. Қызын жастайынан ат спортына баулыған да сол кісі.

Атбегілік – жеңіл жұмыс емес. Ип­подромдағы әрбір жылқының құй­рық-жалын тараудан бастап, күнде­лік­ті жаттықтыру да міндетіне кіреді. Бұл істерді өзі істеп қана қоймай, жа­нындағы шәкірттеріне үйретуі керек. Бірнеше рет басқа салаға ауысып ке­ту­ге оқталыпты. Бірақ жүйрік атқа жа­қындығы жіпсіз байлап, алысқа жі­бермейтінін айтады.

– Ат спорты клубына келгеніме екі жылдан асып кетті. Отбасымыз­бен бірге жаттығамыз. Бірінші бо­лып жолдасым бастады, одан кейін балаларды ат спорты үйірмесіне жаз­дырды, соңдарынан мен де келдім. Өзінің айтуынша, балалары алға­шын­да атқа мінуден аз­дап қорқыпты. Бірақ Ирина Влади­ми­ровна қорқы­ныштарын басты, жыл­қы – адамның досы екенін айтып, ал­дымен аттың қай жағынан келу ке­рек­тігін меңгерт­ті, – дейді шәкірті Ға­лия Қасымова.

Ат спорты мектебінде көкпар, қыз қуу, аударыспақ, теңге алу және ат жарыстың бірнеше түрі бойынша шәкірттер даярланады. Соңғы жыл­да­ры ұлттық ат спорты түрлерінен облыстық спартакиада, атжарыс мау­сы­мының ашылуы мен жабылуына арналған бәйгелер үзбей өткізіліп ке­леді. Оған спорт мектебінің шабан­доз­дары да белсене қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр.

Заманауи атқорада мектепке тие­сілі оншақты жылқы бағылады. Ал Ирина Коротаеваның қа­рамағында төрт ат бар. Соның бірі жә­не басқаларынан ерекше жақсы көретіні – “Браслет” есімді сәйгүлік. Оны Ақмола облысынан әкелген. Жаттықтырушының айтуынша, өте жуас, сондықтан да ат мініп үйренгісі келетін балаларды алдымен соған отырғызады. Ал жүрісі өте жайлы.

Атбегі әйел осы күнге дейін көп­те­ген спорт шеберлерін тәрбиелеп шы­ғарған. Ол бұдан бөлек, қазір мү­ге­дек балаларды емдейтін иппоте­ра­пия әдісін меңгеріп жүр. Дәрігер­лер ате­рос­клероз, ақыл-ой жетіспеу­ші­лігі, ас­қа­зан-ішек аурулары, бас жа­ра­қа­ты, по­лиомелит және сыр­қаттың басқа түр­леріне шалдыққан адам­дар­ды оңал­туда атпен серуендеудің маңы­зы зор екенін айтады. Бұл – нау­қас­тар­дың денсаулығын жақсартуға ар­налған ең тиімді емдік тәсілдердің бі­рі. Ирина Владимировна болашақ­та тірек-қи­мыл жүйесі зақымданған ба­ла­ларға арналған арнайы иппо­те­ра­пия кур­сын ашуды жоспарлап отыр.

– Адамдар жылқыға жақын болса екен деп ойлаймын. Үйірмеге бала­ла­рын ғана беріп қоймай, әке-шеше­лері де келіп, ат мініп үйренсе жақсы болар еді. Адам атқа шапқан кезде бе­йне бір қанат біткендей, аспанда ұшып жүргендей күй кешеді. Өмір­дегі барлық қиындықтарды ұмытады. Өзін еркін сезінеді. Бұл қазіргі заман­да адамдарға аса қажет, – дейді ол.

Эльмира КӘЛЕНОВА,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp