Петропавл қаласындағы “Аяла” қарттар үйінің ашылғанына екі жыл. Кәсіпкерлік 2021 жылдың қазан айында мақұлданып, мейірімге зәру қарттар бұл жерге келесі жылдың мамырында жиналыпты. Қарттар үйінің шаңырағын көтерген петропавлдық кәсіпкер Гаухар Ахметжанова. Ол өзінің бизнес жобасын ұсынып, мемлекеттен алған қаржысына көкейінде жүрген ісін бастаған.
Гаухар Серікқызы – ата мен ананың тәлімін көрген, бүгінде өзі де перзент тәрбиелеп, аяулы ана, адал жар атанып отырған жан. Онымен кездескенде “Қазақтың әп-әдемі қызы кәсіптің басқа жолын да тапса болар ма еді”, деп сұраулы жүзбен қарағаным рас. Бірақ ол қоғамдағы осы бір өзекті мәселемен айналысуды қалапты. Бүгінде Гаухар он бес қарттың қамқоршысына айналып отыр. “Өмір болған соң түрлі жайттар кездесіп жатады. Қартайған шағында барар жері, басар тауы қалмаған жандарды көргенде жүрегім сыздайтын. Оларға қамқор болғым келді. Бұл ойымды алғаш рет әкеме айттым. Ол кісі қарсы болмады, керісінше мені қолдады”, – деді ол.
“Аяладағы” аға буын өкілдері бір шаңырақ астында, бір үйдің адамдарындай тату-тәтті өмір сүруде. Олардың барлығы қыздарындай болып кеткен Гаухар Серікқызының айтқанын екі етпей орындауға асығады. Гаухардың да сөзі – жылы, көңілі – кең, ол мұндағы жандардың әрқайсысын жақынындай жақсы көреді. Қарттар тұрып жатқан екі қабатты үй жалға алыныпты. Мұнда тұрып жатқандардың дені егде жастағылар. Жайлы тұрмыс, күнделікті тұтынатын тамағы үшін зейнетақыларынан қаржы жиналады. Ортақ ақшаға қажетті заттары, тағамдары сатылып алынады.
“Аяла” қарттар үйіндегі жайлы ахуалды естіген жалғыз тұратын қариялар, денсаулығы сыр бергендер осы жерге келсек деп сұранады екен. Гаухар Серікқызы үй тарлық ететіндіктен және оларға қызмет көрсететін жалғыз өзі болғандықтан, артық адам ала алмайтынын жасырмады.
“Маған көп адам хабарласады. Қамқорлығыма алу туралы өтініштерін айтады. Олардың көңілін қимаймын. Кейде жылап алатын сәттер де болады. Жуырда бір адамды қабылдауға келістім. Ол кісінің жағдайының ауырлығы ескерілді. Мен үшін қамқорлығымдағы қарттардың бақытты, бір-бірлерімен ауызбіршілікте тұрмыс кешкендері маңызды”, – дейді ақкөңіл жан.
“Аяладағы” қарттардың дені өңір аудандарынан келген. Кейбіреулерінің балалары, немерелері бар. Бірақ іздемейді. Анда-санда бір келіп кеткені болмаса, қамқорлық жасағылары келмейді. Кейуаналардың көңілдері босап, жалғыз қалғандарына күйініп, жанарлары суланатын кездері жиі кездеседі екен. “Мен оларға артық сұрақ қоймаймын. Жан жараларын тырнағым келмейді. Шамам келгенше көңілдерін табуға тырысамын. Бірге тамақтанамыз, ән айтамыз, серуендейміз, түрлі тақырыпта әңгіме дүкен құрамыз”, – дейді Гаухар.
Гаухар Серікқызы үйді сәндеу, безендіру сынды жұмыстарды олармен ақылдаса отырып атқарғанды жөн көреді. Өмірде көргені, түйгені мол жандар қолдан келер көмектен аямайды. Мұндағы адамдардың барлығы кезінде еңбек етіп, қызмет жасағандар. Тек қартайғанда тағдыр тауқыметімен жалғыздықтың азабын арқалағандар. Араларында ауыр дертке шалдығып, “бір аунап” тұрғандары да бар.
Гаухар Серікқызы “Аяланың” тыныс-тіршілігін, қарттардың өмірін әлеуметтік желілер арқылы көрсетіп отыруды жөн көреді. Оның себебі, қолға алған ісінің нәтижесімен бөлісу болса, екіншіден, әр адамның бойында үлкенге деген құрмет пен жанашырлықты қалыптастыруға септігім тисе деп ойлайды.
Қарттардың шаңырағына еріктілер қозғалысының мүшелері жиі бас сұғады. Жергілікті университет, колледж, мектептердің жастары концерттік бағдарламаларын көрсетіп, үлкендермен әңгімелесіп, ойындар ойнап, көңілдерін бір сергітіп кетеді. Гаухар келем дегендерге қарсы болған емес. Аға буынмен кездесу жастардың бойына адами қасиеттерді ұялатудың, үлкенді құрметтеуге баулудың бір жолы деп біледі.
Гаухардың күнделікті тірлігі таң атпай басталғаннан түннің жарымына дейін жалғасады. Бұл істі жүрек қалауымен қолға алғандықтан болар, шаршауды білмеймін дейді. Үйдегі шаруаны өзі үйлестіріп отыр. “Менің бұл әрекетіме таңырқай қарағандар, тіпті кемсіткендер де болды. “Неге өз-өзіңді қинап жүрсің” деп сұрақ қоятындар да аз емес. Өмірдің әр адамға дайындаған сыйы бар. Біреу қартайғанда бала бақытын көреді, ал кей жандар жалғыз қалады. Тағдырдың түрлі қиындығын көріп, немере мен шөберенің қолынан май жалайтын жасқа жеткендерге біз әрдайым қамқор болуымыз керек. Жастардың бойында мейірім, ізгілік сияқты қасиеттер бүр жарса деймін”, – дейді қайырымды жан.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqtan”.