«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бата берер ақсақал іздеп жүрмін

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымызда “Батаменен ел көге­рер, жаңбырменен жер көгерер” деген тамаша сөз бар. Жасы үлкен, көпті көрген ақсақалдың ақ батасы жолы болмай жүрген талай жанның жолын ашып, бағын еселегенін та­рихтан жақсы білеміз. Бөкен биден бата алған Сырым Датұлы есейе ке­ле дүйім жұртты аузына қаратқан шешен әрі ақылман болмады ма? Қара қылды қақ жарған Төле биден бата алған қазақтың небір марғас­қалары әйгілі “Ақтабан шұбырынды­да” қалың қолды қалмақтың шебін ығыстырды ғой. Мені әлімсақтан ар­қауы үзілмей келе жатқан бата беру дәстүріміздің бүгінгі жайы алаңда­тады.

Иә, көпшілік жиналған жерде төр­де отырған жасы үлкен кісіден ал­дымен бата сұрау үрдісі о бастан әдет-ғұрпымызда бар нәрсе. Бұл осы­лай жалғасып та келеді. Бірақ амал қанша, әттеген-ай дегізерлігі сол, бата беретін кейбір қариямыз ұзақ-сонар қара сөзге көшіп, жинал­ған жұртты жалықтырып алып жата­ды. Әбден төзімі таусылған халық бір-біріне қарап: “Бұл бата ма, жоқ әлде жарыссөз бе?” деп қынжылыс білдіре бастайтынын өзіміз той, жиындарда көріп жүрміз ғой.

Өз басым көпшілік жиналатын ор­тада жиі боламын. Әлгіндей жағдай­ларға куә болғанда іштей қынжыла­тыным рас. Қазақтың ақсақалдары омырауын жапқан аға буын өкілдері неге осылай істейді екен деп өзіме сұрақ қоятын кездер де көп кезде­седі. Қарап отырсам, қазір біз бата сұрап жүрген алдыңғы толқынның өкілдері­нің дені кешегі кеңес зама­нының шек­пенінен шыққан, Шын мә­нінде, қазіргі кезде біздің төрге озды­рып, бата сұ­рап жүрген ақсақалда­рымыздың көбі комсомол қызмет­кері, яки болмаса ұжым басқарып, мекеме басшысы болған жандар. Бәлкім, солардың бәрі де сол кезінде мінберлерден сөз сөйлеп, әбден қа­лыптасып қалған адамдар болған­дықтан, әлгіндей кі­ріспе сөзді көбей­тіп жіберетін болар. Тіпті, солай болған күннің өзінде олар қазақтың асыл дәстүріне қиянат жасамаулары керек қой. Батаның да түрі бар, ай­тылатын жөні бар. Жас жұ­байлардың үйлену тойларында, сон­дай-ақ сүн­дет тойға, қыз ұзатуға, жас келінге, шілдехана, тұсау­кесер, са­парға шы­ғатын адамға, көші-қонға жә­не тағы да басқа кәделерге байла­ныс­ты берілетін баталардың түрі көп-ақ. Бірақ осылардың бәріне орайластыра өз орын-орнымен, мән-мағына­сына қарай, үйлесімді де тартымды етіп бата берудің өзі әрине шеберлік пен шешен­дікке келіп тіре­леді. Екі жастың үйлену тойында оларға ақ ті­лек арнаудың орнына сая­сат соғып ке­тетін ақсақалдарды көргенде жаның ауырады. “Қойыңыз, мынауы­ңыз ұят қой” дейтін адам болмаған­дықтан олар да өздерінікін дұрысқа балайды.

Үлкен жиындарда батаны кімнен алатынын үйдің иесі өзі шешеді ғой. Жуырда біраз кісі қарасы жиылған ме­рейтойлық шарада болдым. Үй иесі “Пәленше, ақсақал, сіз ақ батаңызды беріңіз” деп қиыла өтініп, қолын жай­ды. Төрде отырған, ел арасында абы­ройы биік деп жүрген ақсақалымыз “сіз беріңіз, сіз беріңіз” деп жанын­дағы кісі­лерді нұсқады. Үй иесінің сәл қы­сылып тұрғаны қызараңдаған жүзі­нен аңғарылды. Ақсақалдардың “Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?” дегендей әбестік көрсеткен­дері бізді де жерге қаратты. Содан не керек бата беру бақыты шеткері үстелде төменірек отырған ақсақалға бұйырды.

Мені қазақтың әр отбасында таң­ғы, түскі, кешкі астан кейін бата бері­ле ме деген сұрақ алаңдатады. Неге десеңіз, кейде туған туыстарға, көрші қолаңдарға бара қалғанда үйдің үл­кенінен бастап келіндеріне, балала­ры­на дейін тамақтанып алып, жөні­мен тұрып кете беретіндерді жиі көріп жүрмін. Қазақ астың киесінен қорқып, әр жеген наны мен ішкен суына шү­кіршілік етіп, батасын, ақ тілегін айт­қан емес пе? Күнделікті өмірде дастарқан батасының өзін талғамға сай, өзіндік бағасын түсірместен жақсылап беріп отырғанға не жетсін. Бұл жерде көпке топырақ шашқан­ды­ғым емес, әлгі төрде отырған қария­лардың кейбіреулері бата беруге келгенде, ашығын айту керек, шорқақтық танытып жататынын көп кездестіреміз. Ұзақ-сонар аруақ тербеп тұрып алады. Ал керісінше, сол күнгі ниеттілектің тақырыбына сай аз ғана сөзбен үлкен ой айтып, ма­ңызды бата бере білетіндерді көр­генде сүйсініп-ақ қаласың.

Қазақтың батасы бейпіл айтыл­маған. Мергеннің оғындай көздеген жерге дарыған. Бата – талайдың ба­ғын ашқан, талайдың құтын қашыр­ған. Талайды сөзден жаңылтып, та­лайды елге танытқан. Қазақ батаны кие­лі санайды, селкеусіз сенеді, қадір тұ­тады. Бата – кісілікке, иман­дылыққа, мейірімге, жақсы сөзге, ынтымаққа ұйытып отырады. Батаны жұртымыз қасиетті қариядан, абыз ағадан, өне­гесі мол үлкеннен күткен. “Баталы ұл арымас” деген сөз соған байланысты айтылған ғой.

Ерғали ЗИЯБЕК,

Мамлют аудандық Мәдениет үйінің маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp