«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАТЕРЛІ ІСІКТІҢ АЛДЫН АЛУ КЕРЕК”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірде былтыр 81 адам колоректальді қатерлі ісікке шалдықты. Таралуы бойынша үштікке кіретін обыр жайында көп айтыла бермейді. Сондықтан көпшілік қатерлі ісіктің осы түрінен, оның белгілерінен бейхабар. Облыстық көпсалалы аурухана жанындағы онкологиялық орталық дәрігері Вячеслав Белов дерт және оның алдын алу жолы жайында айтып берді.

– Вячеслав Владимирович, колоректальді обыр қай мүшені за­қымдайды?

– Колоректальді қатерлі ісік жиынтық ұғымды береді, аты айтып тұрғандай “colon” – тоқ ішек және “rectum” – тік ішектің обыры. Статис­тикаға сүйенсек, қатерлі ісіктің осы түрі барлық онкологиялық аурулар­дың 10 пайызын құрайды. Ал тара­луы бойынша ерлер арасында өкпе және асқазан рагынан кейін, ал әйелдерде сүт безі және тері обырынан кейін тұр.

Қазіргі заманауи медицина обыр­дың бұл түрі ерте анықталғанда, 95 пайыз жағдайда толық емделетінін дәлелдеді. Десек те, диагноз қойыл­ған алғашқы жылы дерттен қайтыс болатындардың үлесі жоғары. Оған себеп – дәрігерге қаралғандардың ба­сым бөлігінде ауру асқынған, нау­қастардың дені дерттің III-IV саты­сында ғана медициналық көмекке жүгінеді.

– Сырқаттардың дәрігерге ауруды асқындырып баруына не себеп?

– Оның негізгі себебі аурудың белгі бермеуінде. Тоқ ішек пен тік ішектің ісіктері баяу өседі және ал­ғашқы белгілер пайда болғанға дейін ұзақ уақыт өтеді. Колоректальді обыр көбіне аденоматоздық түйме­шік ретінде дамиды.

Жалпы қатерлі ісікті көп адамдар басқа аурулармен шатастырып жата­ды, мәселен кей жағдайларда ба­уырдың ұлғаюы байқалады, асцит – іш қуысында сұйықтық жиналуы мүм­кін. Ағзадағы қандай да бір өзгеріске аса мән беріп, тексеріліп отырған жөн. Мәселен, науқастардың жалпы жағдайының нашарлауы, әлсіздік, кейде дене температурасының жо­ғарылауы – бұл белгілер көптеген ауруларға тән, бірақ олардың пайда болуы дереу дәрігерге қаралуға се­беп болуы тиіс. Сондықтан шаршау, ентігу пайда болса, өңіңіз бозарса, ұзақ іш қатып немесе диарея ма­заласа, іш тұрақты түрде жиі ауырса, нәжісте дефекациядан кейін қан кө­рінсе, нәжісті талдауда жасырын қан болған жағдайда дәрігерге көрініп, кеңес алған жөн.

Ал іш өткір ауырып, кепсе немесе асимметрия пайда болса, нәжіс жүр­мей қойып, газ жиналып қалса “же­дел жәрдем” шақырған жөн немесе шұ­ғыл түрде медициналық көмекке жүгіну керек.

– Колоректальді обырдың нақты белгілері бар ма?

– Симптомдар ісіктің орналасуы­на, түріне, таралу дәрежесіне және асқынуларына байланысты. Коло­ректальді қатерлі ісіктің ерекшелігі – ол өзі туралы барынша кеш белгі бе­руінде. Басқаша айтқанда, мұндай ісік пациентке көрінбейді және се­зілмейді. Ол айтарлықтай мөлшерге дейін өсіп, жанындағы мүшелерге та­рағанда немесе метастаз бергенде ғана пациент ыңғайсыздықты, ауыр­сынуды сезіне бастайды, нәжісте қан мен шырыш байқалады.

Сырқаттар асқазан, өт қабы, ба­уыр, ұйқы безі жұмысының бұзы­луынан туындаған асқазан-ішек жол­дарының ыңғайсыздық тудыруына алаңдайды. Ісіктен әдетте жасырын қан кетеді, бұл анемияға әкеліп, сал­дарынан сырқат шаршау мен таңер­теңгі әлсіздікке шағымдануы мүмкін. Сондай-ақ іш қату, сұйық, сасық нә­жіс те обырдың белгісі. Тік ішектің қа­терлі ісігінде дефекация кезінде қан кетеді. Бұдан басқа еш себепсіз сал­мақ жоғалту, жүрек айну және құсу, ішек жұмысындағы өзгерістер дәрігерге қаралуға себеп болуы тиіс.

– Қатер тобына кімдер жатады?

– 50 жастан асқандардың әрқай­сысына ішектің қатерлі ісігі бойынша скринингтен өтуге кеңес берер едім. Өйткені колоректальді обырмен ауыр­ғандардың 90 пайызы – жасы елуден асқандар. 40 жасқа дейінгілер дертпен сирек ауырады. Ал сыр­қаттанғандардың негізгі үлесі – 60-75 жастағылар. Сондай-ақ ер адамдар әйелдерге қарағанда 1,5 есе жиі ауырады.

Колоректальді қатерлі ісік отба­сы мүшелері арасында болған жағ­дайда қауіп арта түседі. Негізінде тұқым қуалаудың үлесі шамамен 5 пен 30 пайызға дейін. Бұл адамдар жиі медициналық бақылауды қажет етеді.

Дерттің пайда болуына әсер ете­тін тағы бір фактор – ішектің қабынуы, ойық жаралы колит немесе Крон ауруы. Бұл аурулармен ауыр­ған жағдайда обыр 8-10 жылдан кейін пайда болуы мүмкін.

“Ауру астан” деп бекер айтылма­ған ғой. Зерттеу нәтижелері майлы тамақты көп мөлшерде тұтыну коло­ректальді қатерлі ісік ауруының пай­да болуына ықпал ететіндігін көр­сетеді. Сондай-ақ жемістер мен кө­көністерді жеткіліксіз тұтынатын адамдарда да қатерлі ісік ауруының даму қаупі жоғары. Темекі шегу, ал­когольді ішімдіктерді қолдану да зиян. Таза этил спиртін алкогольді ішімдіктер құрамында күніне 45 грамм артық мөлшерде тұтыну тоқ ішек қатерлі ісігінің даму қаупін 45 пайызға және тік ішек қатерлі ісігінің пайда болуын 49 пайызға арттырады.

Дәрумендер мен минералдар­дың тапшылығы, соның ішінде фо­лий қышқылы мен В6 витаминінің жеткіліксіздігі ағзаның антиоксидант­тық қорғау жүйелерінің әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Рациондағы фолий қышқылының төмен мөлшері коло­ректальды қатерлі ісік ауруының қаупін арттырады.

Семіздік те қатерлі ісіктің дамуына әсер етеді, әсіресе артық салмағы бар ер адамдар обырмен 1,5 есе жиі ауырады.

– Аурудың алдын алу үшін қандай кеңес бересіз?

– Алдымен дұрыс тамақтану қа­жет, ысталған тауық еті, шұжықтарды рационнан алып тастау, қантты тұ­тынуды азайту, алкогольді ішімдік­терден бас тарту, жемістерді, көкөніс­терді және құрамында өсімдік тал­шықтары бар өнімдерді дастарқаннан үзбеу, құрамында кальций бар өнімдерді – сүт және айранды тұтынуды әдетке айналдыру маңызды. Күніне 3 кеседен астам кофе ішуге кеңес беремін, оның қатерлі ісік ауруының қаупін азайтуға пайдалы екендігі дәлелденген. Сондай-ақ те­мекі шегуден бас тарту, физикалық жаттығуларды үзбеу керек. Ең бастысы – тұрақты түрде медициналық тексерулерден өткен жөн.

– Өңірде обырдың осы түрімен ауыратындар көп пе?

– Қазіргі уақытта 448 адам диспансерлік есепке алынған. Соның 241-і әйел болса, қалған 207-сі – ер адам. Оларға тиісті ем-дом жасалып жатыр. Елімізде онкологиялық сырқат­тарға емдеу шаралары тегін жүр­гізіледі. Былтыр 31 адам колоректальді обырдан қайтыс болды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 8 адамға көп.

Бүгіндері осы аурудың алдын алу, халықты дерттен хабардар ету үшін айлық өтіп жатыр. Ол наурыз айының басында басталды. Сондай-ақ айлық аясында ашық есік күнін өткізу жоспарланған. Тұрғындар ал­дын ала жазылмай-ақ, онколог-дә­рігер мен гинеколог маманның жол­дамасынсыз орталыққа мамандар­дың қабылдауына келіп, тексерулер­ден өте алады. Тек өзімен бірге жеке куәлігі болуы тиіс. Ашық есік күні 25 наурызда онкологиялық орталық ем­ханасында сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін өтеді.

Сұхбаттасқан

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp