Петропавл қаласының Амангелді көшесіндегі көппәтерлі үйдің тұрғындары түнгі сағат үш шамасында полицияға хабарласып, жалға берілетін баспанада кәмелет жасқа толмаған балалардың болуы мүмкін екендігін айтқан.Оқиға орнына ювеналды полицейлер барып, қысқа мерзімге жалға берілетін пәтерде 12-16 жас аралығындағы 13 жасөспірім болғанын анықтады.
Олардың барлығы өз ата-аналарын “туыстарымыздың немесе достарымыздың үйінде түнейміз” деп алдаған. Түн ортасында ата-аналар балаларын полиция бөлімінен алып кетуге мәжбүр болды. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үйден тыс жерде болуына жол бергені үшін оларға әкімшілік хаттама толтырылды. Полицейлер жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 9:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден 10:00-ге дейінгі уақытта тыныштықты бұзуға болмайтынын еске салады. Заңды бұзған жеке тұлғаларға 5 АЕК (1 АЕК – 3450 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Жыл басынан бері Петропавл қаласы бойынша түнгі тыныштықты бұзуға қатысты полицейлерге 500-ге жуық қоңырау түсті. Соның үштен біріндегі тәртіп бұзушылық жалға берілетін пәтерлерде болған.
Ерлан МАХМЕТОВ,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің бас маманы.