Есіл ауданындағы Бірлік ауылының тұрғыны Қуатбек Ақышев бірнеше жылдан бері жылқы бағып, бие сауып, еңбегінің нәтижесін көріп отыр. Бір-екі биеден бастаған шаруашылығы бүгінде шағын фермаға айналған. Жеті қазынаның бірі, ер қанаты, мінсең – көлік, жесең – ет, сүтін ішсең – шипалы сусын – жылқы өсіруді кәсіп еткен еңбекқор азаматты әңгімеге тартқан едік.
– Қуатбек Әшкенұлы, төрт түліктің ішінен таңдауыңыз неге жылқыға түсті?
– Жылқы – өте таза мал, адамға жақын. Ес білгелі біздің үйімізден қымыз үзілген емес. Егемендіктің алғашқы жылдары ауылдар құлдырап, тұрмыс қиындап, шаруашылықтар құрып, елді жұмыссыздық жайлады емес пе? Қазақ халқын сол өтпелі қиындықтан төрт түлік құтқарып қалды. Қорадағы биені сауып, соның қымызын көлік ағылған тасжол бойында тұрып сатып, одан түскен қаржыға қант-шайымызды айырған кездер болды.
Өз басым ауылдың жұпар ауасынан қуат аламын. Жылқы өсіру – менің сүйікті кәсібім. Мал ішінде суыққа төзімдісі де – осы жылқы. Еркін жайылымда, аязда жүрген жылқылар құйрығын желге тосып, жайыла береді.
– “Жылқы – төрт түліктің төресі” деп жатамыз. Бұл – қандай жануар, жылқының қасиеті неде?
– Жылқының бір қасиеті – өте сезімтал, адамды көргеннен-ақ оның ішкі жан-дүниесін сезіп қояды. Көру, есту, иіс сезу қабілеттері жақсы дамыған. Судың тазасын ішіп, шөптің құнарлысын ғана таңдап жейді. Шөлдеп тұрса да, лай су ішпейді. Өзенді кешіп жүріп, судың тұнығын таңдайды. Жылқының қалың қардың астынан көктеген шөпті дәл тауып, тұяғымен қопарып жегеніне таң қаламын.
– Жылқының сүйсініп жейтін азығы – бетеге екенін білеміз. Жалпы, жылқының күтімі жайында айтып беріңізші. Оны баптауда неге мән берген жөн?
– Мен өзіміздің жерге бейімделген, Қызылжардың суығына, қары мен ыстығына және масасына шыдап беретін қазақы тұқым – аяқтары қысқа, кесек денелі, мойны жуан биелерді ұстаймын. Кез келген шаруашылықтың өз қиындықтары болады ғой. Біз жылқының қыстан аман шығуына баса мән береміз. Қыстан арық шыққан малдың көктемде құлындауы қиын болады. Осындай жағдайлар болмас үшін күйлі ұстау қажет. Тамағын өзі тауып жейді деп үйде жата берсең, күйі кетіп, ауруға шалдығады. Ол дегеніңіз – қып-қызыл шығын.
– Қымыздың көптеген ауруға ем екені белгілі. Сол жайлы білетініңізбен бөлісіңізші.
– Анам 1972 жылы өкпесіне суық тиіп қатты ауырды. Дәрігерлер жанын қинаған дерттің туберкулез екендігін анықтады. Емдегенімен, еш нәтиже болмады, жағдайы ауырлай берді. Ақхалаттылардың берген дәрілері ағзаға сіңбей, асқазанға жиналып қалған екен. Нәтиже болмағаннан кейін әкем анамды үйге әкелді. Дерті меңдеген анама саумалды жиі-жиі ішкізе беріпті. Арада үш айдай уақыт өткен соң дәрігерлерге барса, дерттің ізі де қалмаған.
Ол кезде бір бие ғана ұстайтынбыз. Жаз келісімен бие байлап, жылда қымыз ішетінбіз. Кейін қысылтаяң шақта да қымыз бізге демеу болды. Содан кейін осыны кәсіпке айналдырсақ деген оймен ісімізді бастап кеттік.
– Қазіргі уақытта ұлттық сусынға сұраныс бар ма?
– Жақсы қымызды бәрі де ішкісі келеді. Әсіресе коронавирус кезінде жұрт қымызды жиі тұтына бастады. Көп науқастардың ауруына бие сүті шипа болды. Жан-жақтан іздеп келіп алып кететін.
– Қымыздың дәмі тіл үйірерліктей болуы үшін не істеу керек?
– Биені сауатын да, қымызды баптайтын да – жұбайым. Таңсәріден тұрады да, 5-6 сағат қымыз әзірлеумен айналысады. Күбіні ыстайды, жуып-тазалайтыны тағы бар. Одан кейін пісу керек. Қымыздың дәмін келтіретін сол күбінің тазалығы мен ысталуында ғой деймін. Қазіргі уақытта көпшілік күбі ұстамайды, пластик бөшкелерге құйып, автоматты түрде араластырып жатады. Ол меніңше, қымыз емес, басқа сусын. Қымыз дайын болғаннан кейін оны салқын күйінде ұстау керек. Қымыздың сапасы сол кезде белгілі болады. Қаймағы бетіне шығып, ысталған күбінің тұнбасы түбіне жиналып, таза қымыз бірден көрінеді. Жалпы қымыздың сапасы ең алдымен биенің тамағында ғой, жеген жем-шөбінде, ішкен суында. Судың тұнығын ішіп, еркін жайылып, шөптің шүйгінін таңдап жеген биенің сүтінен әзірленген қымыз жаман болмайды.
Бие сауу, қымыз сапыру, төрт түліктің төлін өрістету – бұлардың барлығы қазақтың қанына сіңген, тұрмыс-тіршілігімен астасқан кәсіп. Сондықтан жылқы шаруашылығын қолға алғаныма қуанамын. Болашаққа құрған жоспарларымыз көп. Халқымыздың төл құндылықтарын ауылдықтар арасында кеңінен насихаттау жұмыстарымен айналыссам деймін. Біз жыл сайын мерейлі Наурыз мейрамын ерекше дайындықпен атап өтеміз. Аулада бауырсақ пісіріп, қазан көтереміз. Биыл да бұл дәстүрді жалғамақпыз. Қымыз қазақтың әр шаңырағындағы дастарқаннан мерекелерде ғана емес күн сайын үзілмесе деймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.