«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖАҢА ЖЫЛЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақтың дара да дана ақыны Мағжан Жұмабаев өзінің “Наурыз” атты мақаласында: “…Қазақ жаңа жылын “Наурыз” дейді. “Наурыз әулиенің, әмбиенің аты болмаса керек. “Наурыз” күн райын, шаруа ыңғайын дұрыстап зерттеген бір шоңғал, “оқымаған аграном” болуға керек. Сондықтан қазақтың наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы… Бұл мейрамда тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып, қоғамға пайдалы игі іс жасайтын, ауыл адамдарын тап-жігімен ұйымдастыратын мейрам ету керек”, – дейді.

Егемендік алғаннан бері көпте­ген көне дүниелеріміз өмірге қайта оралып, ел игілігіне ене бастады. Осы тұрғыдан айтсақ, Наурыз мей­ра­мы да көп зерттеліп, зерделеніп, жаңарып отыр. Жаңару демекші, Нау­­рыз сөзінің өзі сол жаңаруды, жа­ңа күнді білдірсе керек. Бұл мейрам – тарихтағы ең көне мерекелердің бірі. Орта Азия елдерінде оның тарихы 5-5,5 мың жылды құ­райды деген деректер бар. “Наурыз” парсыша “Жаңа күн” дегенді білді­реді. Ислам діні тарағанша шығыс, Ор­талық Азия елдерінің басты мере­кесі болған. Кейбір ғалымдар бұны зороастризм кезеңіне дейінгі уақыт­пен байланыстырады. Ал әлде бір деректерде парсы патшасының жо­рықтарымен ұштастырады. Бір аңызда Парсы патшасы Джамшид әлде бір күндері Әзірбайжан атты елге тап болып, өзіне тақ орнат­қы­зады. Күн сәулесі сол тақпен шағы­лысып, аймаққа ерекше нұр ша­шыпты. Осыдан кейін халық осы күн­ді “Жаңа жыл” деп айтыптымыс. Ен­ді біреулері бұл күнді “Хұт” құбы­жығымен байланыстырады. Десек те, Наурыздың шығу тарихы белгісіз. Иран мифологиясына сәйкес, осы күні Тұран ханы Афрасиабтың қо­лынан қаза тапқан атақты Саяуыш батыр жерленген.

Қазіргі ғылымда болсын, ерте­дегі ғылыми трактаттарда да айтыл­ғандай, Наурыз – көктемгі күн мен түннің теңелетін күні. Атақты ақын, математик, ғалым Омар Хайям жұлдыздар мен шоқжұлдыздардың толық циклды аяқтағаннан кейін өзінің бастапқы жүру нүктесіне келіп, жаңа жолды – шеңберді қайта бас­тайтынын бақылаған. Бұл бақы­ла­уы­ның негізінде сол кезде би­лік еткен Джалал ад Дин Мәлік Шах ибн Әл-Арслан Селжүктің құрметіне “Мәлік күнтізбесі” деп аталатын жа­ңа күнтізбе құрастырған. Онда жаңа циклдың басталуы 22 наурызға – көк­темгі күн мен түннің теңелетін күніне түседі. Бұл күнтізбе қазір пайда­ла­нып жүрген күнтізбеге қарағанда әлдеқайда дәлірек болған. Өйткені, 365 күні бар күнтізбеге қарағанда жылына 324 күнді құрайтын “Мәлік астрономиялық” күнтізбесіндегі қа­телік 0,0002 күн және одан кем.

Парсы тілдес халықтар Наурыз­ды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндерде әр жерге үлкен от жағып, оған май құяды, жаңа өнген жеті дән­ге қарап болашақты болжайды, жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже “сумалак” ұсынады, ескі киімдерін тас­тайды, ескірген шыны аяқты сын­дырады, бір-біріне гүл сыйлап, үй­лерінің қабырғасына дөңгелек ою – “күн символын” салады, үйдегі тіреу ағашқа гүл іледі, түрлі жарыстар (жамбы ату, т.б.) ұйымдастырады. Айта кететін мәселе, мұндағы бір­шама салт-дәстүрлер ежелгі тәңір­лік таным бойынша жүргізілген.

Ал қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған. Халықтың ми­фо­логиялық түсінігі бойынша 21 нау­рыз түні даланы Қызыр аралайды. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып амандасып, төс қағыстырады, әйел­дер құшақта­сып, бір-біріне игі ті­лектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындал­ған наурызкөже ішуге шақырады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен (етпен) қош­тасуды, құрамына ақтың қосы­луы – жаз тағамымен (сүт, ақ) қауы­шуды білдіреді. Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атау­лыдан таза­рып, ар-ожданы ал­дында арылады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дас­тар­қаннан дәм таттырып, та­быстыр­ған, жалғыз жарым жетім­дерді үй­лендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыс­тарының қарауына арнайы міндет­теп тап­сырған. Жұтқа ұшырап қи­нал­ған­дарға жылу жинап берген.

Наурыз мерекесі негізінен 13 күн тойланған. Алтыбақан басында ән ай­тылып, күй тартылады. Ата-бабаларымыз Наурыз мейрамында ақ киімдерін киіп, шаштарын қырып алып тастайтын. Бұл күні Оңтүстік­тегі тұрғындар бұлақ, бастау, су қой­масы мен құдықтардың көзін ашып, тазартады. Сондай-ақ, мейрамда үйде міндетті түрде қымыз, шұбат, сүзбе секілді сүт тағам­дары, яғни ақ болу керек. Егер сүт болмаса, ыдыс-аяқты бұлақ суымен толтырып қоятын болған. Олар осы күні Жаңа жылдық дастарқанның сәнін кел­тіретін міндетті тағам – наурызкөже дайындайды. Наурыз мейрамының басты тағамы – наурызкөже. Ол 7 түрлі тағамнан да­йындалады. Не­гізгілері: су, сүрлен­ген немесе кеп­тірілген ет, тұз, май, бидай, айран және т.б. Ал нау­рызкөже ішкен адамдарға сәттілік күлімдеп, ден­саулығы жақсарып, отбасы қуаныш пен молшылыққа кенеледі делінеді.

Наурыз қарсаңы Қызыр түні не­месе “бата түні” деп аталады. Қа­зақтар бұл түні Қызыр атаны күтіп, ұйықтамауға тырысатын. Ал тұр­мыс­қа шықпаған қыздар өздері ұна­татын жігіттерге арнап, соғымның соңғы етін уызға салып пісіріп, “ұй­қыашар” деп аталатын ерекше та­ғам әзірлейді. Жігіттер мен бозба­ла­лар болса, қыздардың қонақасының қарымтасына айна, тарақ, иіс судан тұратын “селт еткізер”, “дір еткізер” сыйлықтарын ұсынады. Және бой­жеткендер терезені сәл ашып, үс­телге ұн салынған ыдыс қойған. Егер үй таза және үй иелерінің жүрегі мейірімге толы болса, Қызыр ата бақ қонған үйге батасын береді деп есеп­теледі. Жастар жағы бұл күнді түн ауа қарсы алатын болған. Ол үшін асау тайшаны байлап, үстіне әр түрлі қоңыраулар, темір-терсек­терді іліп, түн ауа “Жыл келді” деп тай­шаны соңына иттерді абалатып қудырған. У-шудан бала-шаға, кәрі-құр­таң оянып, дастарқан жайып, шәй ішкен.

Сондай-ақ, бұл күні шығыс ел­дері екі арадағы кез келген соғысты тоқтатқан. Ал қазақ ақсақалдары мерекеде араздасқан ру-тайпалар­мен татуласатын болған. Дәстүрлі ұлттық ойындар (көкпар, аударыспақ, күрес, тең көтеру, т.б.) ойнала­ды. Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады. Жылы өңірде киіз үйлерін жығып, көш қамына кіріскен. Я бол­маса үй маңын қоқыстан тазартып, тал егіп, оған ақ құйып, талға шүберек байлаған. Еліміздің кейбір өңірлерінде соңғы уақытта (Батыс, Оңтүстік өңірлерде) 14 наурызды Амал мерекесі – Жыл басы деп тойлап жүр. Ол “көрісу” салтымен басталады. Аңыз бойынша Қазығұрт тауына Нұқ пайғамбардың кемесі келіп тоқтаған күннен бастап мерекеленіп келеді дейді. Кейбір аңыздарда Наурыздың тойлануы осы Нұх пайғамбардан бастау алады. Міндетті түрде қазақ халқы достарынан бата, игі тілек­терін аямаған. Соған сай мереке күні наурызкөже ішілгеннен соң ба­таларын берген. Ел арасына кең та­раған бата:

“Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын.

Қайда барсаң да жолың болсын.

Ұлыс бақты болсын,

Төрт түлік ақты болсын,

Ұлыс береке берсін,

Бәле, жала жерге енсін.

Халық тоқ болсын,

Көйлектерің көк болсын.

Қайғы, уайым жоқ болсын.

Қуаныштарың мол болсын.

Немесе Қызыр ата туралы:

Дәулетті бас берсін,

Бақытты ас берсін.

Ұлыстың ұлы күнінде!

Ұлың оңға қонсын,

Қызың қырға қонсын.

Қозыға толсын көгенің,

Тұлпар болсын құлының.

Сулы болсын құдығың,

Өрісті болсын жайлауың.

Ырысты болсын қыстауың,

Арыстандай болсын қайратың,

Аюдай болсын айбатың.

Гүлге толсын өңірің,

Көңілді өтсін өмірің.

Асқа толсын табағың,

Ашық болсын қабағың!

Бұл баталар көптеген халық ауыз әдебиетінде баршылық және халық жазушыларының еңбекте­рінде де көрініс табады. Кейде бата­ны ойдан құрастырып, шұбылтып, жыр қылып жіберетіндер де бар. Өкінішке қарай, Наурыздың тарихи болмысын бұзып, өздерінше саяси уағыздарды, яғни “бұл халықтар татулығы мей­рамы” деген ойдан шығарылған сандырақтарын қосып, саясилан­дырып, мерекенің тарихи дәстүр­лерін бұрмалаушылар бар.

Кеңес өкіметінің алғашқы кезең­де­рінде (1920-25 ж.) шығыс халық­тары бұл мерекені атап өткенімен, 1926 жылы ол “діни мейрам”, “ескі­лік­тің сарқыншағы” деп танылып, мүл­дем тоқтатылды. Бірақ Қазақ­станның барлық аумақтарында жа­сы­рын түрде сақталып қалды. 1988 жылдан Наурыз жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастады. 2010 жылғы 19 ақпандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сес­сиясында “Әлем мәдениеті” бағ­дарламасының 49-тармағына сәй­кес “Халықаралық Наурыз мерекесі” деп аталатын қарар қабылданды. Сөйтіп, мерекені БҰҰ мойындады.

Наурыз құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныштықта өмір кешсін! Жыл басы қош келдің!

Сабыр СЕҢКІБАЕВ,

педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp