Қазақтың дара да дана ақыны Мағжан Жұмабаев өзінің “Наурыз” атты мақаласында: “…Қазақ жаңа жылын “Наурыз” дейді. “Наурыз әулиенің, әмбиенің аты болмаса керек. “Наурыз” күн райын, шаруа ыңғайын дұрыстап зерттеген бір шоңғал, “оқымаған аграном” болуға керек. Сондықтан қазақтың наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы… Бұл мейрамда тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып, қоғамға пайдалы игі іс жасайтын, ауыл адамдарын тап-жігімен ұйымдастыратын мейрам ету керек”, – дейді.
Егемендік алғаннан бері көптеген көне дүниелеріміз өмірге қайта оралып, ел игілігіне ене бастады. Осы тұрғыдан айтсақ, Наурыз мейрамы да көп зерттеліп, зерделеніп, жаңарып отыр. Жаңару демекші, Наурыз сөзінің өзі сол жаңаруды, жаңа күнді білдірсе керек. Бұл мейрам – тарихтағы ең көне мерекелердің бірі. Орта Азия елдерінде оның тарихы 5-5,5 мың жылды құрайды деген деректер бар. “Наурыз” парсыша “Жаңа күн” дегенді білдіреді. Ислам діні тарағанша шығыс, Орталық Азия елдерінің басты мерекесі болған. Кейбір ғалымдар бұны зороастризм кезеңіне дейінгі уақытпен байланыстырады. Ал әлде бір деректерде парсы патшасының жорықтарымен ұштастырады. Бір аңызда Парсы патшасы Джамшид әлде бір күндері Әзірбайжан атты елге тап болып, өзіне тақ орнатқызады. Күн сәулесі сол тақпен шағылысып, аймаққа ерекше нұр шашыпты. Осыдан кейін халық осы күнді “Жаңа жыл” деп айтыптымыс. Енді біреулері бұл күнді “Хұт” құбыжығымен байланыстырады. Десек те, Наурыздың шығу тарихы белгісіз. Иран мифологиясына сәйкес, осы күні Тұран ханы Афрасиабтың қолынан қаза тапқан атақты Саяуыш батыр жерленген.
Қазіргі ғылымда болсын, ертедегі ғылыми трактаттарда да айтылғандай, Наурыз – көктемгі күн мен түннің теңелетін күні. Атақты ақын, математик, ғалым Омар Хайям жұлдыздар мен шоқжұлдыздардың толық циклды аяқтағаннан кейін өзінің бастапқы жүру нүктесіне келіп, жаңа жолды – шеңберді қайта бастайтынын бақылаған. Бұл бақылауының негізінде сол кезде билік еткен Джалал ад Дин Мәлік Шах ибн Әл-Арслан Селжүктің құрметіне “Мәлік күнтізбесі” деп аталатын жаңа күнтізбе құрастырған. Онда жаңа циклдың басталуы 22 наурызға – көктемгі күн мен түннің теңелетін күніне түседі. Бұл күнтізбе қазір пайдаланып жүрген күнтізбеге қарағанда әлдеқайда дәлірек болған. Өйткені, 365 күні бар күнтізбеге қарағанда жылына 324 күнді құрайтын “Мәлік астрономиялық” күнтізбесіндегі қателік 0,0002 күн және одан кем.
Парсы тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндерде әр жерге үлкен от жағып, оған май құяды, жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжайды, жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже “сумалак” ұсынады, ескі киімдерін тастайды, ескірген шыны аяқты сындырады, бір-біріне гүл сыйлап, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – “күн символын” салады, үйдегі тіреу ағашқа гүл іледі, түрлі жарыстар (жамбы ату, т.б.) ұйымдастырады. Айта кететін мәселе, мұндағы біршама салт-дәстүрлер ежелгі тәңірлік таным бойынша жүргізілген.
Ал қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған. Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қызыр аралайды. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып амандасып, төс қағыстырады, әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурызкөже ішуге шақырады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышуды білдіреді. Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген.
Наурыз мерекесі негізінен 13 күн тойланған. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Ата-бабаларымыз Наурыз мейрамында ақ киімдерін киіп, шаштарын қырып алып тастайтын. Бұл күні Оңтүстіктегі тұрғындар бұлақ, бастау, су қоймасы мен құдықтардың көзін ашып, тазартады. Сондай-ақ, мейрамда үйде міндетті түрде қымыз, шұбат, сүзбе секілді сүт тағамдары, яғни ақ болу керек. Егер сүт болмаса, ыдыс-аяқты бұлақ суымен толтырып қоятын болған. Олар осы күні Жаңа жылдық дастарқанның сәнін келтіретін міндетті тағам – наурызкөже дайындайды. Наурыз мейрамының басты тағамы – наурызкөже. Ол 7 түрлі тағамнан дайындалады. Негізгілері: су, сүрленген немесе кептірілген ет, тұз, май, бидай, айран және т.б. Ал наурызкөже ішкен адамдарға сәттілік күлімдеп, денсаулығы жақсарып, отбасы қуаныш пен молшылыққа кенеледі делінеді.
Наурыз қарсаңы Қызыр түні немесе “бата түні” деп аталады. Қазақтар бұл түні Қызыр атаны күтіп, ұйықтамауға тырысатын. Ал тұрмысқа шықпаған қыздар өздері ұнататын жігіттерге арнап, соғымның соңғы етін уызға салып пісіріп, “ұйқыашар” деп аталатын ерекше тағам әзірлейді. Жігіттер мен бозбалалар болса, қыздардың қонақасының қарымтасына айна, тарақ, иіс судан тұратын “селт еткізер”, “дір еткізер” сыйлықтарын ұсынады. Және бойжеткендер терезені сәл ашып, үстелге ұн салынған ыдыс қойған. Егер үй таза және үй иелерінің жүрегі мейірімге толы болса, Қызыр ата бақ қонған үйге батасын береді деп есептеледі. Жастар жағы бұл күнді түн ауа қарсы алатын болған. Ол үшін асау тайшаны байлап, үстіне әр түрлі қоңыраулар, темір-терсектерді іліп, түн ауа “Жыл келді” деп тайшаны соңына иттерді абалатып қудырған. У-шудан бала-шаға, кәрі-құртаң оянып, дастарқан жайып, шәй ішкен.
Сондай-ақ, бұл күні шығыс елдері екі арадағы кез келген соғысты тоқтатқан. Ал қазақ ақсақалдары мерекеде араздасқан ру-тайпалармен татуласатын болған. Дәстүрлі ұлттық ойындар (көкпар, аударыспақ, күрес, тең көтеру, т.б.) ойналады. Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады. Жылы өңірде киіз үйлерін жығып, көш қамына кіріскен. Я болмаса үй маңын қоқыстан тазартып, тал егіп, оған ақ құйып, талға шүберек байлаған. Еліміздің кейбір өңірлерінде соңғы уақытта (Батыс, Оңтүстік өңірлерде) 14 наурызды Амал мерекесі – Жыл басы деп тойлап жүр. Ол “көрісу” салтымен басталады. Аңыз бойынша Қазығұрт тауына Нұқ пайғамбардың кемесі келіп тоқтаған күннен бастап мерекеленіп келеді дейді. Кейбір аңыздарда Наурыздың тойлануы осы Нұх пайғамбардан бастау алады. Міндетті түрде қазақ халқы достарынан бата, игі тілектерін аямаған. Соған сай мереке күні наурызкөже ішілгеннен соң баталарын берген. Ел арасына кең тараған бата:
“Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын.
Қайда барсаң да жолың болсын.
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын,
Ұлыс береке берсін,
Бәле, жала жерге енсін.
Халық тоқ болсын,
Көйлектерің көк болсын.
Қайғы, уайым жоқ болсын.
Қуаныштарың мол болсын.
Немесе Қызыр ата туралы:
Дәулетті бас берсін,
Бақытты ас берсін.
Ұлыстың ұлы күнінде!
Ұлың оңға қонсын,
Қызың қырға қонсын.
Қозыға толсын көгенің,
Тұлпар болсын құлының.
Сулы болсын құдығың,
Өрісті болсын жайлауың.
Ырысты болсын қыстауың,
Арыстандай болсын қайратың,
Аюдай болсын айбатың.
Гүлге толсын өңірің,
Көңілді өтсін өмірің.
Асқа толсын табағың,
Ашық болсын қабағың!
Бұл баталар көптеген халық ауыз әдебиетінде баршылық және халық жазушыларының еңбектерінде де көрініс табады. Кейде батаны ойдан құрастырып, шұбылтып, жыр қылып жіберетіндер де бар. Өкінішке қарай, Наурыздың тарихи болмысын бұзып, өздерінше саяси уағыздарды, яғни “бұл халықтар татулығы мейрамы” деген ойдан шығарылған сандырақтарын қосып, саясиландырып, мерекенің тарихи дәстүрлерін бұрмалаушылар бар.
Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңдерінде (1920-25 ж.) шығыс халықтары бұл мерекені атап өткенімен, 1926 жылы ол “діни мейрам”, “ескіліктің сарқыншағы” деп танылып, мүлдем тоқтатылды. Бірақ Қазақстанның барлық аумақтарында жасырын түрде сақталып қалды. 1988 жылдан Наурыз жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастады. 2010 жылғы 19 ақпандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессиясында “Әлем мәдениеті” бағдарламасының 49-тармағына сәйкес “Халықаралық Наурыз мерекесі” деп аталатын қарар қабылданды. Сөйтіп, мерекені БҰҰ мойындады.
Наурыз құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныштықта өмір кешсін! Жыл басы қош келдің!
Сабыр СЕҢКІБАЕВ,
педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор.