Петропавлда іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен V республикалық “Мейірімділік керуені” байқауының үздіктері марапатталды. Қоғамда игі ісімен көпке үлгі болып, айналасындағы жандарға азды-көпті пайдасын тигізіп жүрген жандардың еңбегі 7 аталым бойынша бағаланды.
– Қоғамдық және қайырымдылық шараларымен айналысатын әрі әлеуметтік, экологиялық, ағартушылық, мәдени және басқа да көптеген мәселелерді шешуге үлес қосып жүрген адамдар мен еріктілердің арасынан “Асар”, “Туған жер”, “Батыл жүрек”, “Мейірім жолында”, “Қайырымдылық тарихы”, “Бала жүрегі” және “Жануарларға мейірім” аталымдары бойынша үздіктер анықталды. Іс-шара өте қызықты әрі тартысты өтті, – дейді облыстық іскер әйелдер қауымдастығының президенті Сәуле Сүлейменова.
“Жануарларға мейірім” аталымы бойынша марапатталғандардың бірі – шаһардың 10 жасар тұрғыны Ғалымжан Тіріжанов. Ғалымжанның анасы Елдана Қожахметова ұлының жануарларға деген мейірімі бөлек екенін жеткізді. Өткен жазда Ғалымжан қатарластарын жинап, топ құрып, иесіз қалған мысықтарға тамақ беріп, арнайы жылы орын жасаған. Қолы бос әжелер де балалардың бұл ынтасын қолдап, көмектерін аямапты. Сөйтіп, жаз бойы бұл топ жақсы жұмыс істепті. Сол еңбегі ескеріліп мейірімді жан ретінде марапатталған.
“Мейірімділік керуені” республикалық байқауы осымен бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Игі ісімен, мейірімді қылығымен көзге түскен жандардың қатары жыл санап артып келеді.
Нұрбол БАЛҒАБЕКОВ.