Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Халықаралық театр күніне орай жаңа комедияның тұсауы кесілді. Спектакль басталмас бұрын облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірейісов сала қызметкерлерін мерекелерімен құттықтады.
Атаулы күнмен тұспа-тұс келген театрдың бұрынғы директоры Людмила Лошакованың туған күні де ескерусіз қалмады.
– Барлықтарыңызды Халықаралық театр күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – театр қайраткерлерінің ғана емес, күллі өнерсүйер қауымның мерекесі. Сіздер бойларыңыздағы дарындарыңыз арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке, адамгершілікке, қайырымды болуға баулып келесіздер. Еңбектеріңіз жемісті болсын! – деді Досбол Нұржанұлы.
Италиялық драматург Эдуардо Скарпеттаның “Голодранцы и аристократы” комедиясын тамашалауға келгендердің қатары қалың болды. Оқиға Неапольда орын алады. Екі сағатқа созылған қойылым көрермендерді күлкіге қарық қылды. Бірінші бөлімде әртістер қайыршының рөлін сомдаса, екіншісінде ақсүйектің кейпіне енді. Режиссердің айтуынша, спектакльдің негізгі ойы да осы. Бір күн аш болсаң, келесі күні байып кетуің әбден мүмкін.
– Біз қойылымға үш ай көлемінде дайындалдық. “Голодранцы и аристократы” – фарс элементтері бар жеңіл комедия. Сүйіктісіне қосылу үшін жас ақсүйек өзінің туыстарын кедей қылып көрсетуді қалайды. Ол үшін өмірден қиындық көріп жүрген жандарды іздейді. Аштан өлмеу, баспана мәселесін шешу, күн көрудің амалын іздеп жүрген қайыршылар бұл ұсынысқа қуана келіседі. Олар айла-жоспар құрып, іске кіріседі. Бірақ барлығы ойдағыдай бола бермейтініне көз жеткізеді, – дейді режиссер Тимур Кәрімжанов.
Дина МҰРАТ,
“Soltüstık Qazaqstan”.