“Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы” Конвенцияда айтылғандай, мүмкіндігі шектеулі жандарға еркін жүріп-тұрулары, қоғамдық өмірге жан-жақты қатысу мүмкіндігіне ие болулары үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі керек. Олар кез келген ортада, қоғамдық көліктерде, әлеуметтік нысандарда болсын барлық мүмкіндіктерді он екі мүшесі сау адамдармен бірдей пайдалана алулары тиіс. Қалалық және ауылдық жерлерде нысандар мен қызметтерге қолжетімділік жауапты мекемелер тарапынан қадағалануы маңызды.
“AMANAT” партиясы қазақстандықтардың, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған “Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!” атты сайлауалды бағдарламасын ұсынды. Біздің өңір бойынша партияның бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін барлығы 1294 нысанды мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімдеу жоспарланған. 2021 жылы – 258, 2022 жылы – 258, 2023 жылы – 258, 2024 жылы – 228, 2025 жылы – 292 нысан қайта жабдықталатын болады.
Жол картасының іс-шараларын іске асыру үшін облысымызда мониторинг жүргізетін арнайы топтар құрылды. Олар 2021-2022 жылдары облыс аумағындағы 516 нысанды тексеріп, анықталған кемшіліктерді жою туралы ұсыныстар әзірледі. Талапқа сай болмай шыққан 388 нысан толығымен мүгедектер үшін бейімделді.
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің негізгі міндеттерінің бірі – “Қазақстан Республикасындағы мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы” және “Арнайы әлеуметтік көмек көрсетулер туралы” Заңдарда көзделген міндеттердің сақталуына бақылау жүргізу болып табылады. Біз алдын ала жоспарланған нысандарға арнайы тексерістер жүргіземіз. Кейде жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жоспардан тыс тексерістер ұйымдастырылады.
Ескере кететін жайт, мониторинг жүргізушілердің берген ұсыныстары орындалмаған жағдайда, яғни олқылықтар түзетілмесе, жергілікті атқарушы органдар департаментке тексеріс жүргізу үшін арнайы хат жолдайды.
Департамент мамандары келіп түскен өтініштерге сәйкес талапты орындамаған нысандарға қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 83-бабы бойынша әкімшілік шаралар қабылдайды. Кодекстің 83-бабы бойынша мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заңнаманы бұзғаны үшін лауазымды адамдарға – елу, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Мереке МҰХАМЕДИЯРОВ,
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы.