“Баяғыда бір түп алма ағашы болыпты. Ол әбден жемістері көбейіп, үлкен болып өскен тұста: “Енді қожайыныма бұдан да көп алма берсем” деп армандаған екен. Бірақ бұтақтары…”. Міне, осы аңызды арқау еткен пьесаның қазақ театрларында көптеген жылдар бойы сахналанып келе жатқандығы белгілі. Жуырда өмір құбылыстары мен қиындықтарына толы драманы облыс орталығындағы Оқушылар сарайының “Толағай” балалар театры сахналады.
“Бір түп алма ағашы” спектаклі – психологиялық параллелизмге құрылған шығарма. Бір отбасының басынан өткен тағдыры суреттеледі. Әлеуметтік теңсіздік, қоғамдағы қайшы пікірлер, адамдар арасындағы алауыздық, ағайынды жандардың берекесінің ыдырауы шығармаға арқау болады. Үлкен бір отбасының ұл-қыздарының бір шаңырақтың астына жиналып, мәмілеге келе алмай, қоғамдағы жауыр болған проблемаға шырмалуы, ар мен ұят алдындағы абыройдың құнсыздануы көрініс береді. Спектакльдің идеясы береке мен бірлікке, адалдық пен адамдыққа үндейді. Жақсыдан үйреніп, жамандықтан жиреніп жүруді үлгі етеді. Кез келген қоғамдық, отбасылық мәселелер оң шешімін тауып, дер кезінде ақиқат ақталатын болса, трагедияға жол жоқ екенін аңғартады.
“Толағай” театрының жетекшісі Дәурен Тойбазаров қандай да бір әлеуметтік, отбасылық мәселелердің оң шешімі табылып, шындық дер кезінде әшкереленген жағдайда, қайғылы оқиғаға жол жоқ деген идеяны арқалаған драмалық туындыны сахналау арқылы жас актерлердің қабілет-қарымдарын көрсетуге тырысқан.
– Бұл – аңсап, армандайтын, қиялға бататын спектальдердің бірі. Соны небәрі 15-16 жастағы жеткіншектердің сомдауы – жетілсем деген ниеттің белгісі. Себебі бұндай ауыр спектальді ойнау тәжірибелі актерлерге де оңай емес, – дейді қойылымның қоюшы режиссері Дәурен Тойбазаров.
Қойылым шынымен де адамның санасына сәуле түсіріп, түйсігін оятып, бәрін қайта ойлауға мәжбүрлейді. Оқушылардың өнері көрерменнің көңілінен шықты. Сілтідей тынған зал, көзден бұлаған жас бір тыйылмады. Қойылым соңында көрермендер ұзақ қол соғып, қошемет білдірді.
Әдия ТАСБОЛАТ,
“Soltüstık Qazaqstan”.