2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу ойындарының 2-ші туры өтті. Н тобында Қазақстан мен Дания құрамалары кездесті. Матчты көру үшін “Астана-Арена” стадионына 28 мың жанкүйер жиналды.
Даниялық футболшылардың басымдығы бірден байқалды. Нәтиже де көп күттірген жоқ. Расмус Хёйлунн 21-ші және 36-шы минуттарда қос гол соғып, командасын алға жетеледі. Біздің жігіттер екінші таймды сәтті бастады. Қарсылас қақпасын жиі шабуылдаумен болды. Ойынның 73-ші минутында даниялық футболшылар өз айып алаңдарында ереже бұзды. Қақпаға белгіленген айып добын тепкен Бахтиёр Зайнутдинов мүлт кеткен жоқ. Ал 86-шы минутта Асхат Тағыбергеннің алыстан шірене тепкен добы қақпа торында тулап жатты. Ұлттық құрама сапында 43 ойын өткізген ол осылайша алғашқы голын соқты. Ал мачтың 89-шы минутында әуелеп келген допты Абат Айымбетов баспен қақпаға дәл бағыттады.
Осылайша Қазақстан командасы қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті. Екі команда бұған дейін төрт мәрте кездескенін айта кеткен жөн. Оның барлығында да даниялық футболшылар жеңіске жеткен екен. Бұл жолы қазақстандық құрама сол кеткен есені қайтарды. Енді Қазақстан алдағы ойынын 16 маусымда сырт алаңда Сан-Мариноға қарсы өткізеді.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.