Диас Аяған
Елді мекендердегі өзекті мәселелердің шешіліп, ондағы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарына жүктелген міндет үлкен. Аталған ұйымдар аудан-ауылдардағы оң өзгерістерге бастамашы болып, жергілікті бюджетке мониторинг жүргізеді. Осылайша шешім қабылдауда тұрғындар арасынан шыққан белсенділердің де пікірі ескеріледі. Мұның бәрі 2021 жылы қабылданған жергілікті өзін-өзі басқарудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында мүмкін болып отыр.
Бұл құжатта азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерге қатысты шешім шығаруға қатысуы, халық пікірін ескеру, өзін-өзі басқару органдарының ашықтығы, сайланбалылығы және оны мемлекет тарапынан қолдау көзделген. Бүгінгі таңда ауылдық округ әкімдерін сайлау да аталған тұжырымдаманың аясында жүзеге асуда. Алайда бұл қоғамдастықтардың алдында тұрған шешілуі тиіс мәселелер әлі де бар. Соларды еңсеріп, ауыл тұрғындарының белсенділігін арттыру мақсатында өңір аудандарында тренингтер өткізіліп, сарапшылар елді мекендердегі тұрғындарға ақпараттық қолдау көрсетіп, жаңа жобаларды іске асыруға бағыт-бағдар берген болатын.
Бірнеше күнге созылған оқытулар өз нәтижесін беріп, ауыл белсенділері болашаққа жоспар құрып, оны сарапшылар алдында қорғауды меңгерді. Бірнеше күнге созылған тренингтерден кейін жергілікті жердегі әлеуметтік мәселелерді шешу және бизнес идеяларды жүзеге асыру бойынша грант конкурсы өтіп, озық идеялар қолдау тапты.
Ауыл тұрғындарына арналған грант байқауы “Ауыл дамуы – ел дамуы” жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Оған бұған дейін тренингтерде білімдерін шыңдаған Айыртау, Қызылжар, Мамлют аудандарының тұрғындары қатысты. Байқаудың бизнес және әлеуметтік жобалар бағыттары бойынша жалпы 34 өтініш түскен екен. Шарт бойынша өтініш берушілер қаржыға ие болған жағдайда әлеуметтік мәселелердің оң шешілуіне үлес қосып, ауылдардағы жұмыссыздарға екі қолға бір күрек табуға жәрдемдесулері керек. Нәтижесінде екінші кезеңге 30 жоба өтіп, жергілікті билік пен қоғамдастықтардың 6 отырысы болып, 5 әлеуметтік, 10 бизнес жоба қолдау көрді.
– Тұрғындар өздері тұрып жатқан жердегі түйткілдерді анықтап, оны шешу үшін қаржы тартуға мүмкіндік алды. Осылайша олар біртіндеп қоғам өміріне белсенді араласа бастайды. Мысалы әлеуметтік жоба бойынша елді мекенде жаңа нысан ашып немесе жолдарды жарықтандырып, ойын алаңын салуға болады. Грант арқылы бөлінген қаржы жеке адамның игілігіне емес, сол ауылдың дамуына жұмсалуы керек. Жеңімпаздар бөлінген ақшаны 6 айда игеруі тиіс, – дейді байқау сарапшысы Жанат Нұрғали.
“Ауыл дамуы – ел дамуы” жобасы аясында қолдау тапқан әлеуметтік идеяларға келсек, Айыртау ауданынан Новоукраинка ауылына балалар ойын алаңын салу, Қызылжар ауданынан аулаларды абаттандыру, спорт нысандарын тұрғызу, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталықтар ашу, Мамлют ауданынан аудан орталығы аулаларын абаттандыру бойынша ұсыныстар үздік деп танылды. Ал бизнес гранттар бойынша жеңімпаз атанған идеялар қатарында қымыз бен саумал өндіру, балаларды дамыту орталықтарын ашу, жеміс-жидек пен шырша көшеттерін өсіру, ағаш өңдеу цехын ашу сынды жобалар алға озып, 10 кәсіпкер өз ойын жүзеге асыруға мүмкіндік алды.
Байқау жеңімпаздарының бәрі алдағы уақытта 4 мың еуроға дейінгі көлемде қаржыға ие болып, өз жұмысын жалғастыратын болады. Айта кетерлігі, “Astana Integrity” ұйымы өткізген тренингтерге өңірдің 3 ауданындағы 19 ауылдық округтен 321 белсенді тұрғын қатысып, білімдерін шыңдаған.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.